«Ол мемлекетшіл тұлға болған емес». Белгілі әдебиетші-ғалым Арыстанбектің кемшіліктерін тізіп берді

Dalanews 28 мам. 2022 03:47 180

Экс-министр Арыстанбек Мұхамедияұлы жазықсыз екенін айтып, ант-су ішуде. Бейне, мемлекетшіл тұлға босқа күйіп кеткелі тұрған сияқты... Дені сау, мемлекетшіл министр өнер адамымен соттаспайды, оған жағдай жасайды.

Дені сау, мемлекетшіл министр «Энциклопедия» баспасы басшысын еш кінаратсыз босатып, орнына туысқанын тағайындап, баспа ғимараты мен недәуір үлкен жерді жекешелендіріп алмайды. Егер Арыстанбек шынымен мемлекетшіл тұлға болса, ақынға (Бауыржан Жақып) жағдай жасап, баспа ісін өркендетер еді. Жерді жекелендірсе – жол Бауыржан Жақыптікі емес пе?!

Дені сау, мемлекетшіл министр Қ.А.Ясауй Мавзолейі қабырғасы ылғалданып, жарыла бастағанын айтып дабыл қаққан директорды орнынан алып, киелі Мавзолейге басшы етіп бұрын соңынан сөз ерген «өз адамын» тағайындап, кесенеге жаны ашитын адамдардың меселін аяқасты етпейді. Ындынын құртқан министрдің «реставрацияға» бөлінетін қыруар қаржы болса керек.

Айта берсе, экс-министрдің араны аш қасқырдың тәбетінен жаман деседі жұрт. Мен айтпаймын, жұрт айтады!  Кім білсін?

Қалай дегенде де министрдің ант-су ішіп, қарғануына сенгің келмейді. Мұхтар Құл-Мұхамедтей зиялы орнына келіп отырған Арыстанбек (Әлиев) министрліктің жұмысын ілгері бастыра алмағаны анық. Мұны енді мен айтамын.


Министр – ел қызметшісі! Ел қызметшісі – министрді ел ақтамаса, жұрт жақтамаса, ол қандай министр болғаны?

Жалпы, біз мына 30 жылда Мәдениет министріне Шарль де Гольдің көзімен қарай алмадық. Образды айтқанда, дені мәдениеттен жұрдай, «боқ домалатқан қоңыздан» артық жері жоқ қуыс қурай кеуде, жәй пенде! Өкінішті!

Айта берсе, бұл таусылмайтын «жыр». Үміт көзі ілгеріде!

Ант арзандап кеткен жоқ па, бүгінгі күні?

Құлбек ЕРГӨБЕК, әдебиет сыншысы, профессор

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x