Back

Тоқаев Сара Назарбаеваны маңызды комиссияның құрамынан шығарды

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдер істері және отбасы-демография саясаты жөніндегі комиссия құрамын өзгертті. Қаулы Ақорда сайтында жарияланды.

Комиссиядан шығып қалғандар арасында Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әйелі Сара Назарбаева да бар.

Бұған қоса, Қазақстан адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова, “Қазпошта” директоры Айда Әбибуллаева, скрипкашы Айман Мұсақожаева, “Отбасы банкі” басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова және басқалары комиссиядағы жұмысын тоқтатты.

Президент олардың орнына комиссияның жаңа мүшелерін ұсынды. Комиссия төрайымы қызметіне президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Айда Балаеваны тағайындады.

Бұның алдында комиссияны басқарған Ләззат Рамазанова орынбасар қызметіне түсті.

81 жастағы Сара Назарбаева соңғы жылдарына көпшілік алдына көп шықпайды.

“Бөбек” қайырымдылық қорының негізін қалаушы күйеуі Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге ресми шараларға, шетелге сапарларға бармады. Елде бұл екеуі бірге тұрмайды, Назарбаевтың жаңа отбасы бар деген сыбыс тарағанына көп болды. OCCRP ұйымының журналистік зерттеуінде 40 жастағы Әсел Құрманбаева экс-президенттің “ресми емес әйелі” екені айтылған.