Cоңғы жаңалықтар
Back

Сәбитті жұмысқа орналастырамыз. Отбасын астанаға көшіруге көмектесеміз – Алтай Көлгінов

Астананың әкімі Алтай Көлгінов өз өмірін қатерге тіге отырып, 8-қабаттың терезесінен үш жасар бүлдіршінді құтқарып қалған Сәбит Шонтақбаевпен кездесті деп хабарлайды Dalanews.kz. 

“Сәбиттің ерлікке пара-пар қадамына куә болдық. Ол елордаға осы жылдың мамыр айының басында Қызылордадан келген. Сәбитке осындай сәтте көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін алғыс айттым!

Өз тарапымыздан Сәбиттің отбасына тиісті көмек көрсетеміз. Білімі мен тәжірибесін ескере отырып, Локомотив зауытының («Локомотив құрастыру зауыты» АҚ) директорымен Сәбитті жұмысқа орналастыру туралы келістім. Бұрын ол осы сала бойынша ҚТЖ-да жұмыс істеген, мамандығы – вагон шаруашылығы. Бұл салада тәжірибесі бар”, – деді елорда әкімі.

Көлгінов сонымен қатар Сәбиттің отбасын астанаға көшіріп әкелу туралы ұсыныс жасағанын хабарлады.

“Сәбит зайыбымен бірге 4 бала (3 ұл, бір қыз) өсіріп отыр. Жұбайын жұмысқа тұруына, ал балаларын мектепке және балабақшаға орналастыруға көмектесеміз. Осылайша ресми түрде жұмыс істей отырып, қызметтік тұрғын үйге үміткер бола алады, сондай-ақ өзге де тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алады.

Демеушілер есебінен отбасының несиесін өтеуіне көмектесеміз, ал жазғы уақытта балаларына Бурабайға жолдама береміз. Қала тұрғындарын сақтық шараларын толықтай сақтауға, балаларын қараусыз және үй терезесін ашық қалдырмауға шақырамын”, – деп Көлгінов.

Айта кетейік, бүгін таңертең елордада қызылордалық азамат 8 қабатта терезеден салбырап тұрған бүлдіршінді құтқарып қалды.

Бұл оқиғаның видеосы желіде кең таралып, Сәбит Шонтақбаевтың батыл әрекеті көпшілікке мәлім болды.

Одан кейін ТЖ бірінші вице-министрі генерал-лейтенант Күлшімбаев Ибрагим Сәбит Шонтақбаевты «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен марапаттады.

Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, оқиға, бүгін, 11 мамырда болған.

“Ұлы дала 27/1 мекенжайындағы үйдің терезесінен баланың құлап кетейін деп тұрғаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына жеті құтқарушысы мен екі техника аттанды”, – делінген хабарламада.

Алайда құтқарушылар жеткенге дейін баланы жетінші қабатта тұратын көршісі құтқарып үлгерген.

2019 жылы туған қыз бала үйде ата-анасымен болған. Алайда сол сәтте бала жалғыз қалған, деп нақтылады департаменттегілер.

Сәбит Шонтақбаев астанаға жұмыс іздеп келген. Екі апта бұрын “Қамал-2” тұрғын үй кешенінен пәтерді жалға алған екен.

“Мен өзім 8-ші кіреберісте пәтер жалдап тұрамын. Ал бүгінгі жағдай 2-ші кіреберісте болған”, – дейді Сәбит.

Ол сағат 10:00-ның кезінде үйінен шыққан. Сол кезде далада бірнеше адамды көреді. Барлығы жоғары жаққа қарап, айқайлап тұр екен.

“Қарасам, жоғары қабатта бала салбырап тұр. Бар ойым тек баланы құтқару керек, болды. Содан бірден жетінші қабатқа көтеріліп, терезеден шықтым да, баланы қағып алдым. Баланы сол жетінші қабаттағы көршісіне қалдырдым да, жұмысқа асығып кетіп қалдым”, – деп атап өтті Шонтақбаев.

Оның айтуынша, қорқыныш пен үрейге уақыт та болған жоқ.

“Шамамен, 10-15 минуттый салбырап тұрды-ау деймін. Баланың көрер жарығы бар екен, несібесі ғой”, – дейді батыр.

Сәбит бұрын әскерде келісімшартпен жұмыс істеген. Теміржол саласында да біраз жыл еңбек етіпті. Қазір Нұр-Сұлтанда жұмыс іздеп жүр.

“Мен өзім моторист болып та істеген адаммын. 2017-2019 жылдары Қызылордада шекара әскерінде келісімшартпен жұмыс істедім. Оған дейін вагон депосында бригадир болдым. Ал астанаға құрылысқа жұмыс іздеп келдім. Бала-шағаны асырау керек”, – деді Шонтақбаев Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.

Сәбиттің төрт баласы бар. Төртеуі де Қызылордада қалды. Отбасы пәтер жалдап тұрады. Ал отағасы астанаға ақша табуға келген.

“Шамамен, 15 күндей болды келгеніме. Қазір құрылыста қара жұмыс істеймін. Тұрақты жұмысым жоқ”, – деген еді Сәбит.

Тағы оқыңыз:

Түркістан облысы кәсіпкерлікті дамытуда оқ бойы озық келеді