467 млн теңгені букмекерге салып жіберген Қаржы директоры ұсталды

Dalanews 26 сәу. 2022 05:39 201

Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша аумақтық департаменті «Kcell Solutions» ЖШС-нің бұрынғы қаржы директорына қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады.

Аталған азамат жалған қаржылық құжаттар жасап, өз атына заңсыз аванс беру арқылы «Кселл» АҚ қаражатын аса ірі көлемде жымқырды деген күдік келтіріліп отыр, деп хабарлады Dalanews.kz Қаржылық мониторинг агенттігі баспасөз қызметіне сілтеп.

Тергеу барысында компанияның бұрынғы қаржы директоры 2018 жылдың ақпанынан 2021 жылдың сәуіріне дейінгі аралықта 5 компанияның есепшотына ақша аудару арқылы қаражат ұрлаған, сондай-ақ өзіне жалпы сомасы 467 миллионнан астам теңгені құрайтын аванс бергені анықталды.

Осылайша, ол «Кселл» АҚ-на аса ірі көлемде зиян келтіріп, қылмыстық құқық бұзушылық жасаған.

Жедел-іздестіру шаралары барысында компанияның бұрынғы қаржы директоры ұрланған ақшаны Алматыдағы букмекерлік кеңселерде бәс тігіп, жұмсағаны анықталды.


Сот үкімімен азамат М.Шөкей Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189 бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

Сондай-ақ, ол 10 жыл мерзімге қаржылық жауапкершілікпен байланысты қызметтерді атқару құқығынан айырылды.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x