Саясат Нұрбек: «Президентке халықтың үнін ешқандай фильтрсіз жеткізу маңызды»

Dalanews 22 сәу. 2022 03:05 223

Қазақстандық қоғамдық даму институтының алаңында «Ұлттық құрылтай – қоғамдық диалогтың жаңа моделі» атты «Sarap» эксперттік клубының отырысы өтті. Шараны ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ ұйымдастырды, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Отырысқа ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, саясаттанушылар, қоғам қайраткерлері мен ҚҚДИ сарапшылары қатысты.

Эксперттік клубтың қатысушылары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында бастамашылық еткен «Ұлттық құрылтай» жаңа қоғамдық институтының іске асырылуын талқылады. Атап айтқанда, қазіргі замандағы Ұлттық құрылтайдың негізгі аспектілері қарастырылды.

Жиын барсында сөз алған «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Саясат Нұрбек елімізде жаңа саяси мәдениетті қалыптастыруда «Ұлттық құрылтай» құрудың маңыздылығын атап өтті:

– Қаншалықты саяси жүйе қоғамның ішінде жүрген түрлі әлеуметтік топтардың үнін ести алады, екінші сол шыққан ақпараттарды қаншалықты сүзгіден өткізбей дұрыс түсіне алады. Өкінішке орай, бізде жоғарыға жіберген ақпарат бірнеше сатыдан өткеннен кейін шешім қабылдаушы негізгі орындарға, тұлғаларға толық жетпейді, не дұрыс жетпейді.

Осы екі фактор бойынша біріншіден саяси жүйенің  сезгіштігін жоғалтып алдық, екінші саяси жүйенің тепе-теңдігін жоғалтып алдық. Және халықпен тікелей байланысты әлсіреттік. Ұлттық кеңес өз рөлін атқарды, біздің негізгі функциямыз – Президентімізге түрлі әлеуметтік топтардың үнін таза түрде ешқандай фильтрсіз жеткізу болды.


Сол жеткен ақпараттарға, халықтың көкейінде жүрген сұрақтарға керекті жауап қайтару, ол да үлкен міндет еді. Ұлттық құрылтай қоғамдық бақылаудың институционалды алаңы. Ол бүкіл біз құрған қоғамдық кеңестер, қоғамдық алаңдарды біріктіретін халық пен биліктің арасындағы байланыстың құралы, – деп ойын ортаға салды.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x