Back

Алматы әкімі Ерболат Досаевқа автокомпоненттер шығаратын зауыттың жобасы таныстырылды

Мегаполис әкімі Ерболат Досаев Hyundai Trans Kazakhstan жеңіл автокөліктер шығаратын отандық зауытта болды.

«Астана Моторс» еншілес кәсіпорны қаланың Индустриялық аймағында орналасқан.

Қазіргі уақытта кәсіпорында 736 қызметкер жұмыс істейді, орташа жалақы 290 мың теңгені құрайды. 2021 жылы 26 мың автокөлік өндірілді, бұл ретте ел бюджетіне салық аударымдары 9,4 млрд. теңгені құрады.

Ағымдағы жылы кәсіпорын толық қуатына шығып, жылына 45 мың автокөлік шығаруды жоспарлап отыр. Hyundai Tucson моделінің ұсақ түйінді өндірісі іске қосылды. Енді екі модель – Accent және Tucson – дәнекерлеу және бояу әдісімен шығарылады.

2022 жылы өндірілген автокөліктердің 26%-ын экспортқа жіберу жоспарланып отыр – 10 мыңы – Өзбекстанға, 1,5 мыңы – Беларусь пен Қырғызстанға.

Сапар аясында Astana Group компаниясының негізін қалаушы Нұрлан Смағұлов әкімге автокомпоненттер шығаратын болашақ зауыттың жобасын таныстырды. 

«Автокомпоненттер шығаратын жаңа кәсіпорын Hyundai Trans Kazakhstan зауытының жанында орналасатын болады, оған 13,5 Га жер телімі бөлінген. Мұнда орындықтар, пластикалық бөлшектер мен автокөліктерге арналған аксессуарлар, сондай-ақ мультимедиялық жүйелер шығару жоспарлануда. Зауыт құрылысы биылғы жылдың күзіне жоспарланған», – деді Смағұлов.

Сонымен қатар автокөлік шығаратын тағы бір зауыт салу мүмкіндігі туралы, сондай-ақ шанақ бөлшектерінің қалыптама өндірісін құру туралы халықаралық әріптестермен келіссөздер жүргізілуде. Кәсіпорын өндірістің жергіліктенуін арттыруға ниетті.

Нұрлан Смағұлов атап өткендей, өндірісті кеңейту – бұл индустрияны дамытуға қосқан үлес қана емес, сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын құру, жас техникалық мамандарды қолдау болып табылады. Зауыт қызметкерлері толық әлеуметтік пакетпен қамтылған.

Ал биылғы жылдың күзінде Алатау ауданында Hyundai Trans Kazakhstan персоналына арналған шағын отбасылық үлгідегі жайлы жатақхананың құрылысы басталады.

Естеріңізге сала кетейік, Hyundai Trans Kazakhstan жобасы Қазақстанның Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің, Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитетінің, Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылды.

Жобаға салынған инвестициялардың жалпы көлемі – 30 млрд. теңгеден асады.

Оның 34%-ы (10 млрд. теңгеден астамы) – «Астана Моторс» меншікті қаражаты, 66%-ы (20 млрд. теңге) – «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ мен «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-нан тартылған кредиттік қаражат.