«Бір оқ атқан жоқ». Президент Ұжымдық шарты ұйымына қатысты ойын айтты

Dalanews 17 ақп. 2022 16:46 210

«Жаңа Қазақстанда» Президентке қойылмайтын сұрақ болмау керек. Сол кезде ашық қоғам орнайтыны анық. Осы орайда «Қазақстан» телеарнасындағы әріптесіміз Жайна Сламбекқызы Қасым-Жомарт Тоқаевтан «Қанды қаңтар» кезінде «елімізге Ұжымды шарты ұйымның әскерін шақырғанға өкінбейсіз бе?» деген сұрақты төтесінен қойды.

– Өкінбеймін. Бұл ешқандай да өкіндіретін шешім емес. Керісінше дұрыс шешім болды деп ойлаймын. Өйткені, қарулы қарақшылар Алматыны қиратып, өзге қалаларға қауіп төндірді. Осы қарулы контингент болмаса, лаңкестер басқа да қалаларды басып алар еді.

Қарулы шайқастар Талдықорғанда, Таразда, Шымкентте, Қызылордада орын алды. Елордада лаңкестердің дайындық жұмыстары байқалды, олар, тіпті, Ақордаға шабуыл жасауға дайын болды.

Кейбір беделді сарапшылар айтуынша, лаңкестер Қазақстанның басты екі қаласын басып алуды жоспарлаған. Бұл Сириядағы сценарийге ұқсас жоспар. Сол елде лаңкестер Дамаск пен Ракканы басып алуға әрекеттенген еді. 


Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының әскерлері біздің елде бір де бір оқ атқан жоқ. Оны ашық айту керек. Олар тек негізгі стратегиялық нысандарды күзетіп тұрды. Осы кезде біздің күштік құрылымдар іске кірісіп, қарулы лаңкестерге тосқауыл қойды. Арамызда тек тығыз байланыс пен үйлесім болды.

Ал енді «Путинге қарыз боп қалдық» дегенге келсек, бұл – бос әңгіме. Оны доғару керек. Біріншіден, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының контингенті В.Путиннің немесе Ресейдің жеке әскері емес. Бұл ұйымның әскери құрамы оған мүше елдердің бәріне ортақ. Онда Ресейден бөлек, Беларусь, Армения, Тәжікстан және Қырғызстанның әскери бөлімдері бар. Қазақстан да – осы ұйымның толыққанды мүшесі әрі негізін қалаушысы. Сондықтан, бәрі – заңды, қисынды, – деп көкейдегі ойын айтып берді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x