Жаңаөзендегі жағдай: Ноғаев халықты сындарлы диалогқа шақырды

Dalanews 03 қаң. 2022 14:47 242

Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Жаңаөзен қаласындағы сұйытылған газ бағасын төмендетуді талап етуші тұрғындармен кездесті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Нұрлан Ноғаев алаңға жиналғандарға мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Жаңаөзен қаласындағы жағдайға қатысты Үкімет қабылдаған шараларды түсіндірді.

Қазіргі таңда премьер-министр Маминнің өкімімен Маңғыстау облысындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды қарастыру үшін үкіметтік комиссия құрылды.

Үкімет сұйытылған мұнай газының бағасын реттеу бойынша бірқатар шараларды іске асырады. Өңір басшысы облыстағы АЖҚС иелері бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында бастамашылық тәртіппен газ құнын литріне 120 теңгеден 85-90 теңгеге дейін төмендету туралы шешім қабылдағанын жеткізді.

"Баға дәліздерін белгілеу және газ бағасының алыпсатарлық өсуіне жол бермеу ұзақ мерзімді баға тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша жүйелі шаралар жүзеге асырылатын болады", - деді облыс әкімі.

Қоса кетейік, бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі АЖҚС иелеріне қатысты бағалық сөз байласу бойынша тергеуді бастады.

Облыс әкімі жиналғандарды мәселені заң аясында, сындарлы диалог арқылы шешуге шақырды.

2 қаңтар күні Жаңаөзен қаласында жүздеген көлік иелері көшеге шыққан болатын. Олар жиындарда 1 қаңтардан бастап литрі 100 теңгеден 120 теңгеге дейін қымбаттаған сұйытылған  газ бағасын төмендетуді талап етті.

Энергетика министрлігі бағаның көтерілуін сұйытылған газды өндірушілердің оны электронды сауда арқылы сатуға көшуімен түсіндірді.

https://www.youtube.com/watch?v=hxz2Kwb4fTc

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x