"Заңсыздыққа куә болдым...". Министр Мусин ХҚКО басшысын жұмыстан қуды

Dalanews 11 қар. 2021 12:41 233

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин елордадағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында емтихансыз жүргізуші куәлігін алуға қатысты эксперименттің нәтижесін айтты.

"Тиісті комиссия шешім қабылдайды. Министр ретінде "Азаматтарға арналған үкіметке", яғни осы процестермен айналысатын компанияға барлық қажетті шараларды қабылдауға кеңес бердім. Эксперименттік тексерумен өзім барған мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы жұмыстан босатылып, жаңа қызметкер тағайындалды", - деді Мусин Сенатта тілшілер сауалына жауап бере отырып.

Осы орайда ол мамандандырылған ХҚКО-лардағы осы тектес заңсыздықтарға алдағы уақытта да тосқауыл қойылатынын айтты.

"Біз мемлекеттік қызметті жылдам форматта және жемқорлық жағдайына жол бермейтін қадамдармен ұсынуымыз керек. Заңнамадағы процестер қатаң орындалуы керек. Ол үшін технологиялық инновацияларды енгіземіз, яғни биометрия мен емтихан тапсырушыны байқап отыратын технологиялар ескеріледі", - деді министр.

Бұдан бұрын Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Нұр-Cұлтандағы ХҚКО-ға барып, адамдардың жүргізуші куәлігіне емтихан тапсырмай-ақ алғанын өз көзімен көргенін айтқан. Осыдан соң елімізде жүргізуші куәлігін алу талаптары қатаңдатылатыны хабарланған.

Дереккөз: Stan.kz

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x