"Желідегі жазбаны бөліскен" белсендіге 200 мың теңге айыппұл салынды

Dalanews 04 қар. 2021 05:53 120

Ақтөбе қаласының әкімшілік соты митингіге шақырған жазбаны желідегі жеке парақшасында бөліскен белсенді Айнагүл Төбетоваға 70 айлық есептік көрсеткішке (204 190 теңге) тең айыппұл салды. Сот қаулысымен келіспеген белсенді Төбетова апелляциялық алқаға шағым түсірмекші.

Айнагүл Төбетованың сөзінше, 1 қараша күні учаскелік инспектор белсендіні полиция бөлімшесіне әкетіп, құжат толтырған. Ертесінде 2 қараша күні онлайн сот өтеді. Төбетова ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіндегі 488-баптың 12-бөлігімен ("бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" ҚР заңнамасын бұзу) айыпталған.

- Бұл биылдыққа маған салынып отырған екінші айыппұл. Осыған дейін шілде айында WhatsApp чатта белсенділерді митингіге шақырғаным үшін 50 АЕК-ке (айлық есептік көрсеткіш) тең айыппұл салынды. Өзімді кінәлі санамаймын. Сондықтан бұл айыппұлдарды төлейтін ниетім жоқ. Соттың алдыңғы қаулысына да апелляциялық шағым жазғанмын. Облыстық алқа шағымымды қанағаттандырмады. Қазір ол шағым Жоғарғы сотта. Екінші қараша күнгі қаулымен де келіспеймін, - дейді Айнагүл Төбетова.

Төбетова 15 қазан күні желідегі жеке парақшасында жалақыны, зейнетақыны, жәрдемақыны көтеріп, саяси тұтқындарды босатуды талап ететін митингіге шақырған жазбаны бөліскен. Оны өзі де растап отыр. Айтуынша, ол бейбіт митинг өткізетінін хабарлап, қала әкімдігіне бірнеше мәрте хабарласқан. Қала әкімдігі Төбетоваға рұқсат бермеген.

"Сот қаулысымен А.Төбетова ӘҚБтК-нің 488-бабының 12-бөлігі бойынша әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі де танылды және оған қатысты 204 190 теңге сомасында айыппұл түріндегі жазалау шарасы қолданылды" деп жазылған Ақтөбе облыстық сотының хабарламасында.

Сот қаулысы 2 қараша күні шыққан. Әлі заңды күшіне енген жоқ.

Қазақстанда былтыр "Бейбіт жиын туралы" жаңа заң қабылданғанмен құқық қорғаушылар азаматтардың бейбіт жиын өткізу және жиналу құқығы әлі шектеліп отырғанын сынайды. Көп жағдайда азаматтардың бейбіт шеру өткізу туралы өтініштері орындалмайды. Билік көбіне сол күні өзге шара өтетінін немесе өтініштің қажетті ережелерді сақтай отырып жазылмағанын немесе карантин шектеулерді алға тартады. Ал "рұқсат етілмеген" шараға келгендер әдетте ұсталып, әкімшілік жауапқа тартылады. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Нұр-Сұлтанды аталған шектеулерді алып тастауға шақырған.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x