"Қашанғы шыдаймыз?!". Елорда іргесіндегі Талапкер ауылының тұрғындары бас көтерді

Dalanews 26 қаз. 2021 05:03 239

Олардың айтуынша көктем мен қыста ауылдан ұзап шығу бейнет, жауын-шашын мен қардан кейін қалаға қатынайтын күре жол ми батпаққа айналады. Ауылдың өз ішіндегі жолдың жағдайы да оңып тұрған жоқ.

Талапкерге жол төсеуді талап кеткен ауыл тұрғындары әлемжелі арқылы үндеу жасап, 2018 жылы басталған жол құрылысының сол күйі аяқсыз қалғанын айтты деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Жолды жөндейміз дегелі үш жыл өтті. Төзіміміз таусылды. Жолдың жыры әлі біткен жоқ. Аудан әкімі көктемде бұл іске қосымша 800 млн бағыттаймыз деп уәде берген. Жаз бітіп, күз келді, қыстың көзі қырауда. Уәде ұмыт қалды", – дейді жолдың жағдайына бей-жай қарамайтын белсенді тұрғындар.

Олардың айтуынша жергілікті билік бұл мәселені соңғы үш жыл бойына сағызша созып келеді. Жолды аяқтауға жетерлік қаржы тапшы. Көктем мен күзде көлік біткен батпаққа батып, ауыл тұрғындары жолсыздықтың азабын шегеді.

Ал бюджеттік комиссия Талапкер ауылындағы жолды толық аяқтауға жетерлік 800 млн теңге қосымша қаржы бөлу мәселесін құптамай қойған.



"Бұл қаражатты мердігерлерге төлеп берсін. Жол жөндеуді BI Group-ке қарасты "Автодор-НС" міндетіне алған. Біз екі ай бұрын олардың алдынан өттік, олар жолды бітіріп беруге құлықты, қазір олар қалтасынан қаржы шығарып, ауыл жолының жыртық-тесігін жамауда. Алайда олардың бюджеті шектеулі", – дейді ауыл тұрғыны Амангелді Мұратов.

Ауыл белсенділері жолға бөлінген қаражаттың қайда жұтылып кеткенін анықтауды талап етуде. Тұтастай алғанда жыл аяғына жетпей түгесіліп қалатын аудан бюджетінің қалай игерілетінін білгісі келеді.


"Шыдамның да шегі бар. Жолдың зардабын тартып болдық. Уәделі ақшаны бөліп, істі аяғына дейін жеткізіңдер. Республикалық комиссия жол құрылысына бөлінген ақшаның мақсатты жұмсалуын неге бақыламайды? Оның аржағындағы Қаржы министрлігі, бюджеттік комиссия, Мәмин үкіметіне базынамызды айтамыз. Бұлай өмір сүру мүмкін емес! Өткен ғасырда өмір кешетін секілдіміз. Адамға бірінші кезекте қажетті жол, су, жарықпен қамтамасыз етуді сұраймыз", – дейді тұрғындар.



Goszakup.kz сайтындағы мәліметте "жол құрылысы биыл бітіп, желтоқсанның аяғында пайдалануға беріледі" делінген. Тапсырыс беруші – Целиноград ауданының "Жолаушы тасымалы және көлік жолдары" басқармасы, жолды күрделі жөндеуді өткізуді "АБК-Автодор НС" компаниясы мойнына алған.

Талапкер ауылындағы жолды күрделі жөндеуден өткізу туралы келісімшартқа 2019 жылдың мамырында қол қойылған. Соған сай 4,17 млрд қаржы бөлу көзделген.

2019 жылы бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 99 млн 969 мың теңге, 2020 жылы 2,3 млрд теңге және биылғы жылы 1,85 млрд теңге бағытталуы тиіс еді. Алайда ақша уақытылы төленбеген. Әзір мердігер компания тарапынан 314 млн 900 мың теңгенің жұмысы атқарылған.

Ал Талапкер ауылының тұрғындары жыл басынан бері екінші рет наразылық акциясын ұйымдастыруға мәжбүр. Шілде айында ауыл белсенділері ауыз судан тарығып отырғанын айтып, Үкіметке үндеу жолдаған еді.

Бұған жауап қатқан шенділер, магистралды су құбырының жобасы әзірленіп жатқанын айтып, халықты шыдай тұруға шақырған еді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x