"Жусан" операциясы? Елге оралған қыз-келіншектер экстремистік идеологиядан түпкілікті бас тартты

Dalanews 08 қыр. 2021 11:48 410

Түнеукүні Dalanews.kz тілшісі “Екінші мүмкіндік” деп аталатын деректі фильмнің тұсаукесеріне қатысып қайтқан еді. Белгілі журналист Шахида Тулағанова түсірген туынды 700-ге жуық азаматты Сириядағы от пен оқтың ортасынан аман алып шыққан әйгілі "Жусан" операциясы туралы сыр шертеді. 

2019-2021 жылдың аралығында жүзеге асқан ауқымды жоба адасқанның алды жөн, арты соқпақ деп, ит өлген жердегі Сирияға аттанып, артынан бармағын тістеген қандастарымызға қол ұшын созды.

Мемлекет басшысының кеңесшісі, "Жусанның" кураторы Ерлан Қариннің атап өткеніндей осынау операцияға атсалысқан азаматтар басын қатерге тіккен.

"Сирияға барып, оңбай опық жеген, әрі сол әрекетіне өкінетін қандастарымызды іздеу оңайға соқпады. Олардың орналасқан жеріп анықтап, артынан ұшаққа жеткізу үшін сауатты жоспар құру қажет болды. Операция аясында негізінен әйелдер (188 адам) мен балалардың құтқарылғаны белгілі, алайда жолдасының көзіне түссе, олардың елге оралуы неғайбыл еді. Сол себебі оларды ұшаққа сырт көзден тасалап жеткізуге тура келді...", – деген болатын бұған дейін Dalanews.kz-ке пікір білдірген Қарин.

Дін істер комитеті: "Пропагандаға пропагандамен жауап қайтару қажет"


Біздің бұл тақырыпты қаузауымыз бекер емес. Журналистермен жүздескен Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов "Жусан" операциясының талай отбасыға (оның ішінде ана мен балаға) септігін тигізгенін айтты.



Күйеуінің соңынан еріп, тозаққа түскендей болған әйелдердің көпшілігі елге оралғасын ортаға сіңісіп, зайырлы өмірге бейімделе бастаған. Сөй деген комитет төрағасы Қазақстанның радикалданған аудиторияны дұрыс жолға салу тәжірибесіне АҚШ пен Батыс елдерінің назар аударғанын айтты.

Экстремизм идеологиясымен уланған азаматты қалыпты өмірге қайта оралу сырт көзге жеңіл көрінгенмен, шын мәнінде үлкен қажыр-қабілетті қажет ететін мехнат жұмыс. Себебі, деструктивті діни ағымдардың пропагандасы тынымсыз жүргізіледі.

Бұған төтеп беру үшін Дін істері комитеті пропагандаға пропагандамен жауап қатуды көздеп отыр.


"Биылғы жылдың алғашқы ширегінде әлемжелі мен ғаламтор кеңістігіне жат ағымдардың теріс пиғылын әшкерелейтін мыңдаған ақпараттық, танымдық материал жүктедік. Өткен уақытпен салыстырғанда екі есе көп. Теріс діни ағымдарға қарсы соққы беріп, қарымта қайтарудамыз. Дұрыс бағыттағы контент әзірдің өзінде нәтижесін беруде. Біз атқарған жұмыстың арқасында осынау контентті көріп шыққан жүздеген, мыңдаған қазақстандық әлемжелідегі радикалдық топтардан шықты", – дейді комитет басшысы.

Нүкежановтың пікірінше "Жусан" операциясының аясында елге оралған қыз-келіншектердің дерлігі алғашқыдағы ойынан айнып, экстремистік пропаганда мен идеологиядан түпкілікті бас тартқан. Жасырары жоқ, діни пропаганда санасын тұмшалап,  ақыл-естен адастырған жағдай да кездеседі.

"Жусанның" көмегімен елге оралған, алайда экстремистік көзқарасынан қайтпаған 30-ға жуық ер-азамат пен 20-ға тарта қыз-келіншек қазір түрлі лаңкестік ұйымдардың қатарында соғысқаны үшін түрмеде жазасын өтеуде.

Дін істері комитеті әлеуметтік желімен қалай жұмыс істеуде?


Ілгеріде 20-ға жуық қыз-келіншектің экстремистік әрекеті үшін абақтыға қамалғанын айттық. Оларды райынан қайтарудың амалы бар ма? Дін істері комитеті оларды қалыпты өмірге оралтудың жолдарын іздеуде ме?

Қазір еліміздің бірқатар өңірлерінде Жусан Zoom бағдарламасы жүзеге асып жатыр. Сол арқылы еліміздегі Дін проблемасын зерттеу орталықтарының мамандары экстремизм мен терроризм үшін абақтыда отырған азаматтармен Zoom арқылы пікірлесіп, оларды ойынан айнытуға тырысуда. Түрмедегі қыз-келіншектермен діни мәселе төңірегінде тілдесетін сарапшылар осынау жобаның қайыры боларына сенімді.

Әзірдің өзінде Жусан Zoom жобасына Сирияға сапар шеккені үшін түрмеде жазасын өтеп жатқан 60-қа жуық қыз-келіншек қосылған.

"Экстремизм бабы бойынша абақтыда отырған әйелдер көбіне-көп балаларының тағдырына алаңдайды.

Сириядағы соғысты көрген сәбилер атылған оқ пен жарылған бомбының салдарынан тұтығып сөйлейтін ауруға шалдыққан.


Көпшілігінің тілі кеш шыққан. Дамуында да кешігу бар. Сарапшылармен пікірлескен әйелдер осы мәселеге алаңдайтынын айтады. Біз өз тарапымыздан олардың ұл-қыздарына жәрдем беруге тырысамыз", – дейді әлеуметтанушы әрі осы жобаның жетекшілерінің бірі Гүлназ Раздықова.

Тұтастай алғандағы экстремизм үшін сотталған абақтыдағы азаматтармен жұмыс белсенді жүруде.

"Жусан" операциясы: АҚШ пен Батыс елдері Қазақстан тәжірибесінен үлгі алуды көздейді




Айтқандай "Жусан" операциясының жаңғырығы шартарапқа тараса керек. Түнеукүні Атырау өңіріне келген АҚШ ғалымдары осынау жобаның қалай әзірленгенін бүге-шүгесіне дейін сұрапты. Мәселен Иллиной университетінің белді ғалымы Стивен Уейн мен Вашингтон атындағы оқу орнының ғылыми қызметкері Ноа Тэкер мырза "Жусанның" көмегімен елге оралған азаматтармен тілдескісі келген екен. Бұдан бөлек оларды ортаға бейімдеу тәжірибесіне құмбыл көңіл бөлген. Америка мен Батыс ғалымдары "Жусан" жобасына қызығып отырғанын жасырмапты.

Америка сарапшылары "Сириядан оралған азаматтардың балалары қандай күйде? Олар мектепке барып жүр ме? Қатарластарынан жәбір көрмей ме?" деген сауалды да төтесінен қойыпты. 


Қадірменді меймандарды қарсы қалған Атырау облысы әкімінің орынбасары Б.Хаменова "Жусанның"  арқасында Отанына оралған балалардың толыққанды білім алып жүргенін айтады, олардың оқу үлгерімі де қатарластарынан кем емес. Бұдан бөлек мұндай отбасыдан шыққан оқушылар мектепте тегін тамақпен қамтылғанын айта кету керек.

Әзірлеген, Аяулым ШАЙМАРДАН 


 

https://dalanews.kz/kogam/65647-zhusan-operaciiasy-siriiadan-oralganda

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x