«Жәбір көріп, таяқ жедім» дейді сот орындаушысы. Бірақ тепкенін мойындамады

Dalanews 06 қаз. 2021 03:01 221

Алматыда сот орындаушысы мен борышкер арасындағы даудың мән-жайы белгілі болды. Куәгерлер соққы алдым деп жар салған сот орындаушысы үйдің қожайынын аяғымен теуіп, төбелесті өзі бастағанын жеткізді, – деп хабарлайды КТК арнасы.

Сот орындаушысы тепкеннен кейін үйдің иесі ашуға булығып, оның бүйірінен ұрып құлатқан. «Жәбір көрдім» деген Әділ Ермеков кәсіпқой боксшы Жанқош Тұраров келіп қоқан-лоққы көрсеткенін де айтуда. Алайда былғары қолғап шебері «ешкімді қорқытпадым» деп отыр.

Төбелес тау бөктерінде орналасқан «Дзержинский» саяжайынад орын алған. Сот орындаушылар мен полиция қызметкерлері үй заңсыз салынған айтып, оны бұзуға келіпті. Алайда үйін кеңейткен қожайын сот шешімімен келіспеген. Баспанасын сүруге қарсы болған азамат жойқын соққысымен сот орындаушысының бүйірінен ұрып құлатты. Бұл кадрлер әлемжеліде қызу талқыға түсті.

Жанжалды сырттай бақылап тұрған көршілер сот орындаушы төбелесті өзі бастап, бірінші болып үйдің иесін аяғымен тепкенін «анық көрдік» деп отыр.,

– Сот орындаушысы үйдің иесін аяғымен тепті. Мен оны өз көзіммен көрдім. Бірақ ол видео еш жерде жоқ. Ал төбелестің жалғасы әлеуметтік желіде жүр. Сот орындаушысының өзі кінәлі. Өйткені ол үйдің қожайынын ашуландырып, оны соққы жасауға итермеледі, – Алматы қаласының тұрғыны Александра Брелова.


Ал даудың басы үйге жапсарлас салынған бөлмелерден басталған. Баспана иесі бірнеше шаршы метр жалғап үйін кеңейтпек болыпты. Алайда бұл құрылысқа үзілді-кесілді қарсы болған көршісі Тимур Сағындықов сотқа жүгініп жеңіп шыққан.

Оның айтуынша, қосалқы бөлмелер құлаудың алдында тұр.

– Мен алдымен тиісті мамандарды шақырттым. Олар маған мына құрылыс өте қауіпті екенін айтты. Сосын жаңбырлы күндері көрші үйден су ағып, аталған үйдің іргетасы жарыла бастады. Отбасымызбен қорықтық. Сосын сотқа жүгінуге тура келді. Сот жапсарлас салынған бұл нысанды заңсыз деп тапты. Тиісінше, оны сүру туралы шешім қабылдады, – дейді Тимур Сағындықов.

Сот үкімін орындауға келген Әділ Ермеков ақыры таяқ жеп тынған. Ол міндетін атқаруға үйдің қожайыны кедергі келтіріп күш көрсеткенін айтады. Тіпті танымал боксшы Жанқош Тұраров бастаған спортшылар келіп, маған қоқан-лоққы көрсеткенін айтып шағымданған.

Әділ Ермеков оқиға орнында болған полиция қызметкерлері көмек көрсетудің орнына, алды-артына қарамай тайып тұрған айтып, өзі үй иесін аяқпен тепкенін жоққа шығарды.

– Біз үй иесімен бір ай бойы сөйлестік. Ескерттік. Бірақ ол көнбеді. Сосын сот үкіміне сәйкес жапсарлас салынған нысанды бұзуға келдік. Сол уақытта үйдің қожайыны мені ұрып құлатты. Жанымда тұрған полиция қызметкерлерін таппай қалдым. Олар қашып кетті. Көп ұзамай Жанқош Тұраров мен спортшылар келіп бізді қорқыта бастады. Ал мен сыпайы сөйлесіп, ешкімді тепкен жоқпын, – дейді сот орындаушы Әділ Ермеков.


Бокстан әлем чемпионы Жанқош Тұраров әпкесінің шақыртуымен сол үйге барғанын айтады. Былғары қолғап шебері ешкімді «қорқытып-үркіткен жоқпын» деп отыр. Ол бар болғаны ортақ мәмілеге келе алмаған тараптарды сабырға шақырғанын айтты.

– Мен, керісінше, ол кісіге «бауырыңыз қалай, қаратып алыңыз» деп айттым. Менің сөзімді неге олай бұрмалағанын түсінбедім. Олар қоршауды бұзайын деп жатты. Мен «не істеп жатырсыңдар, тоқтатыңдар» деп айттым. Олар тоқтады. Сосын мен кетіп қалдым, – деді кәсіпқой боксшы Жанқош Тұраров.

Қазір аталған жанжалға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тиісті сараптама тағайындалды. Тәртіп сақшыларының да әрекеті тексерілуде. Бәлкім олар Ақбұлақтағы атыстан кейін өмірін қатерге тіккісі келмеген болуы мүмкін. Екі апта бұрын дәл осылай сот шешімін орындауға барған бес бірдей адамды үйдің қожайыны аңшы мылтығымен атып тастаған еді.

Сымбат Ғалымбекұлы

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x