Психолог: "Әлеуметтік проблемалары бар жандар үгіт-насихат жұмыстарын жүргізетін топқа таптырмас олжа"

Dalanews 18 қыр. 2021 03:08 189

Адамның сенімі, ол оның өмір салтына үлкен әсер етері сөзсіз. Кейде дінді ұстанатындар арасында жат ағымға еріп, өздерін жоғалтып алатындар кездеседі. Деструктивті діни ағым өкілдері адамды жынысына, ұлтына немесе нәсіліне қарамайды.

Олардың басты мақсаты- өздерінің идеологиясын адам санасына сіңіру. Қазіргі таңда радикалданып кеткен нәзік жандыларды жиі кездестіреміз. Деструктивті діни ағымға түсіп кеткен әйел азаматшалармен қандай психологиялық жұмыстар жүргізілуде? Жат ағымға еріп кетуге не итермелейді?

Осы мәселелер төңірегінде Dalanews.kz-ке Елордалық Діндерді зерттеу орталығының психолог маманы А. Айтенова пікір білдірді.

Дәстүрлі емес діни ағымға түсіп кеткен әйелдердің көзқарастарын дұрыс бағытқа өзгертіп, олардың діни сауаттылығын арттырып, дұрыс ақпарат беру бір күндік шаруа емес. Ол көптеген сатылардан тұратын процесс. Әйелдер қауымы деструктивті ағымға бет бұруына мынандай факторлар әсер етеді: эмоциялық әлсіздік, сенгіштік, психологиялық тәуелділік, отбасылық проблемалардан шаршау және сырттан жылулық іздеу. Осындай проблемалары бар жандар үгіт-насихат жұмыстарын жүргізетін топқа таптырмас олжа. Сонымен қатар, нәзік жандылардың діннен хабары болмауы да бұл жерде үлкен рөл ойнайды. Дәстүрлі емес исламдық көзқарасты ұстанатын әйелдердің көпшілігі нағыз діни мәдениетті дәріптейтін және түсінік беретін әдебиетпен таныспаған, жалпы өздерінің құқықтары мен міндеттерінен бейхабар. Әлеуметтік-тұрмыстық салада қиындықтардың орын алуы да жат ағымға түсуге әсер етеді. 

Тәрбиенің тал бесігі-ол отбасы. Сондықтан, қыз баланың тәрбиесін үйден бастау алу керек. Моральдық және дәстүрлі құндылықтарды бойына жұмсақ сіңіру керек.

Ал, егер әйел адам радикалданып кеткен болса, олармен жұмыс жасау барысында мінез-құлқына, ұстанған бағытына мән беріп,  жіберген қателігінің түп-тамырынан іздейміз.


Дін адамның санасына ғана емес, жүрегіне де орнығады. Сол себепті де, алдымен психологиялық тұрғыдан, содан кейін әлеуметтік тұрғыдан оңалтуға күш салу керек. 

Орталықтың атқаратын жұмыстарының бірқатарымен таныстырып өтетін болсам,  Діни бірлестіктермен және мемлекеттік органдармен төмендегідей міндеттерді іске асырудамыз:

  • Деструктивті діни ағым ұстанушы әйел жамағатымен байланыс орнатып, тығыз қарым-қатынас дағдыларын қалпына келтіріп, сеніміне кіру;

  • Жеке әңгімелесулер арқылы тұрақты байланыс орнату;

  • Психологиялық-теологиялық мінездеме қалыптастыру;

  • Діни сенімді қабылдағанға дейінгі тұлғалық картасын жасау;

  • Психологиялық оңалту, әлеуметтік оңалту және зайырлы құндылықтарға бейімдеу;

  • Қарым-қатынас дағдыларын қалпына келтіріп, өзіндік бағасын және өзіндік сана-сезімін жоғарылату;

  • Құндылықтық бағдарларын реттеу немесе қайта орнықтыру;

  • Тұлғаның радикалдану деңгейінің төмендетіп, білімдік пен кәсіптікке дағдыландыру;

  • Әлеуметтік мәртебесінің тұрақтандыру, қоғамдық қатынастарын қалпына келтіру;

  • Зайырлы құндылықтарға бейімдеу, дүниетанымын кеңейту,  тұйықтықтан арылтып қызығушылықтарын арттыру.


Радикалды ағымдардың мақсаты - дін мен дәстүрдің сабақтастығын үзіп, Дәстүрлі  рухани құндылықтарды жоққа шығарып, зайырлылыққа теріс көзқарас қалыптастыру болып табылады. Деструктивті діни ағымдар идеологиясының таралуының алдын алып, күресу үшін Орталығымыздың қызметкерлері өз істерін нәтижелі атқаруда.

Сыйластық, қарым-қатынас орнаған адамдармен сұхбаттасу да, әртүрлі мәселелерді талқылау да оңайға түседі. Оңалтуға кіріскен кезде мамандардың жиі ауысуы оңалту жұмысына кедергі келтіреді. Сондықтан, байланыс орнатқан адамдардың тұрақты болуы аса маңызды. 

Тұжырымдай келгенде, рухани - адамгершілікке тәрбиелеудегі және радикалды діни идеологияға қарсы иммунитет қалыптастырудағы әйелдің рөлі мен мүмкіндігі орасан зор. Әйелдер тек діни салада ғана емес, білім, тәрбие, құқық, әлеуметтік қолдау, салауатты өмір салтын насихаттау салаларында кешенді жұмыстар жүргізуге әлеуетті болғандықтан әйелдер аудиториясында «Оңалту және бейімдеу» жұмыстарын жүргізу мәселелері тұрақты атқарылып жатыр. 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x