"Дариға алдыма жылап келді". Назарбаев экс-күйеубаласы Рахат Әлиев туралы айтты

Dalanews 07 шіл. 2021 02:51 1050

Нұрсұлтан Назарбаев экс-күйеубаласы, Вена түрмесінде жұмбақ жағдайда көз жұмған Рахат Әлиевке қатысты сауалға жауап берді деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Ол бұл жайтқа танымал режиссер Оливер Стоунның "Qazaq. Алтын адам тарихы" атты деректі фильмінің аясында тоқталды.

"Мен үлкен қателік жібердім. Ол (Әлиев, ред.) қаржы полициясына басшылық етті. Соны пайдаланып кәсіпкерлерге қысым көрсетті, олардың бизнесін иемденіп алды, еңбекпен тапқан қаражатын қалтасына басты, білгенін істеді.  Соның бәріне куә болған мен: "Осы орадан тоқта! Тыйыл!" деп ескерту жасадым. Ойлап көріңізші, туған күйеубалам осындай оспадар әрекетке барды", – дейді Назарбаев.

Экс-президент Рахат Әлиевті қызының, бала-шағасының, құдасының көңіліне қарамай құрықтауға пәрмен бергенін айтады.

"Қызым үш немеремді ертіп келді, оның артынан әкесі жетті. Кешіруімді өтінді. "Менің қолымнан не келеді? Ол ма, ол қылмыскер. Ақиқаты осы" деп жауап бердім", – дейді Назарбаев.  


Стоун өз тарапынан Елбасы үшін мұндай шешім қабылдау қаншалықты ауыр болғанын сұрады.

"Әлбетте, ауыр болды. Бөтен біреу болса, бір жөн... Абақтыға қамауға емес, арқа сүйеуге, сенім артуға тиіс өз адамың...", – деді экс-президент.

Назарбаев үлкен қызы Дариғаның бұл тақырыпты талқылағысы келмейтінін және оған түсіністікпен қарайтынын жеткізді.



Есте болса, осыдан 6-7 жыл бұрын Назарбаев Әлиевтің ісіне туған-туыстың қалай қарағанын айтқан еді.

"Қызым немерелерімді ертіп, алдыма жылап келді. Туған күйеубаламды абақтыға қамау маған да оңай соққан жоқ. Уайымға салындым. Алайда Рахаттың қылығына бейқам қарауға болмайтын еді, оны тоқтатудың жалғыз амалы осы болды. Туыс-туған ойымнан айнытуға тырысты. Жақындарымның барлығына осы арқылы ескерту жасадым, шектен шыққан адамға жаза бар", – деген еді сол тұста Назарбаев.

Айта кетелік Рахат Әлиев 2015 жылдың 24 ақпанында Венада уақытша ұстау изоляторында асылып қалған күйінде табылған.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар