Талдықорғанда IT мектебінің негізін қалаған стартапер 300-ге жуық баланы тегін оқытуда

Dalanews 01 шіл. 2021 09:51 268

Dalanews.kz және «Шеврон» компаниясының бірлескен жобасы

Қазақ елі қашанда талантты жандарға кенде емес. Бойындағы бар күш жігерін, білімін халықтың игілігіне жұмсап, хайп емес, қайырлы әрекеттердің тізгінін ұстап «Бір пайдам болса да» туған жеріме тисінші деп жүрген жастармен сұхбаттасудың сәті түсті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен "100 жаңа есім" жобасының марапаттау салтанаты өткені белгілі. Талантты, жалынды жастар топ жарып, халыққа танылды.

Алдына мақсат қойып, іске асыра білген жанның бірі бірінші топтағы мүгедектігіне қарамастан, Талдықорған қаласында балаларды робототехника әлеміне баулып жүрген Дамир Нұркежанов. Осыдан бір жыл бұрын Дамир туған қаласында робототехника бойынша оқу курстарын ашты.

Қысқа уақыт ішінде оның шәкірттері ІТ-технологиялар бойынша республикалық және облыстық конкурстарда көптеген марапаттарға  ие болды.

2018 жылдың желтоқсан айында «Future-IT» робототехника мектебінің негізін қалады.

«Мемлекет маған кедергісіз орта қалыптастырып, сапалы білім алуыма жағдай жасады. Бала күнімнен IT саласына қызығушылығым болды десем артық айтпағаным болар. Сол арман мені жетелеп университет қабырғасында «ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша білім алып, тың дүниелерге қанық болдым. Білгенімді басқаларға үйрете бастадым» дейді жас өнертапқыш.



Ғылым қарыштап дамып жатқан заманда заманауи үдерістен қалмау — бүгінгі күннің басты талабы.

Қазіргі таңда  робототехника – ғылым мен техниканың ең үздік бағыттарының бірі. Әлемде жетекші сала қатарындағы аталмыш жаңа технология елімізде қарқын алуда.

Алматы облысында өскелең ұрпақты  жаңа иновациялық технологияларға баулып жүрген Дамир осы өлкеден жаңа дүниелерді меңгерген жандардың көп болуын қалайды.

«Студенттік кезеңде тек білім алып қана қоймай,  университеттің стартап академиясынан білім алдым. Одан кейін стартап конкурстарға қатыса бастадым. Бизнес-жоспар құрып, шығармашылық жұмыстармен белсене айналыстым.

2018 жылы Алматы облысының Ішкі саясат басқармасы мен «Тамшыбұлақ» қоғамдық бірлестігі бірлесе ұйымдастырған «Inclusive IT – 2018» әлеуметтік жобалар конкурсының жеңімпазы атанып, 1 000 000 теңге көлемінде гранттың иесі атандым.


Жоғары оқу орнында білім ала жүріп, өзгелерге  индивидуалды түрде үйрете бастадым. Уақыт өте келе жеке оқытудан, орталық ашуды жоспарладым. Робототехника мектебінің негізін қаласам деген ой болды.



2018 жылы алдыға қойған мақсатыма қол жеткіздім. Бүгінгі таңда «Future-IT» робототехника мектебінде жас өрендер білім алып, өздеріне таңсық дүниенің қыр сырын үйренуде» дейді Дамир Нұркежанов.

Балалар мен студенттерді оқытатын орталықты ашу үшін  арнайы жоба дайындапты. Соның нәтижесінде қаржылай грант ұсынатын әлеуметтік конкурстарға қатысып жеңімпаз атанған. Берілген қаражатқа қажет құрылғыларын сатып алды.

«Біздің мақсатымыз, миссиямыз – осы болашақта сұранысқа ие болатын елімізге қызмет ететін мықты IT мамандарын дайындау болып табылады. Және де балаларды компьютерлік машықтарға ерте жастан үйрету, ақпараттық технологияны меңгеру оларға алдағы уақытта қай салада болмасын өз ісінің кәсіби маманы болуға көмектеседі.

Қазір нарықта соңғы үлгідегі заманауи құрал-жабдықтар жетерлік. Алайда, онымен жұмыс жасай алатын «тілін түсінетін» мамандар тапшы. Сондықтан, біз осы олқылыққа жол бермей, өскелең ұрпақты ақпараттану саласына бейімдеуді көздейміз» деп ағынан жарылды жас өнертапқыш.

Төрт адамды жұмыспен қамтып отырған белсенді жас қазір тағы бір орталық ашудың қамына кіріскен. Онда балаларды оқытып әрі зағип жандарға арналған смарт білезік құрастыруды жоспарлап отыр. Яғни, таяқпен жүретін адамға кедергілерді сигнал арқылы жеткізетін браслет құрастырмақ. «Мұндай құрылғы қазіргі таңда Ресейде шығарылады екен. Бірақ бағасы 700 мың теңге көлемінде. Қомақты қаржыны қажет ететіндіктен мүмкіндігі шектеулі адамдардың қалтасы көтере бермейді. Сондықтан өзімізде шығарсақ, бағасы да қолжетімді болмақ» дейді Дамир.

Қамқор жан коронавирус пандемиясы кезінде сақтық шараларды сақтай отыра 300-ге жуық баланы өз мектебінде тегін білім алуына жағдай жасады.  Шәкірттері бүгінгі күнге дейін 11 байқауға қатысып, жүлделі орындардан көрінген.


Бастапқыда қиындықтардың көп болғанын жасырмады. Жаңа сала болғандықтан  мамандар тапшылығыда өз әсерін тигізбей қоймады.

«Енді барлығы артта қалды, Жыл өткен сайын тәжірибе жинақтап, өсіп, шыңдалып келеміз. Тек кедергілерге қарсы тұра біліп, бастаған істі соңына дейін жеткізсең нәтижесін көруге болады. Қолды бір сілтейтін адамнан ештеңе шықпасы анық. Алдыға қойған мақсатқа жете білуің керек. Әрекет ет, берекесін көресің » деп ағынан жарылды.

Расында өзіне таңсық істі бастап, кейін жұмысы өңбей, орта жолдан тастап кетіп жататын кейбір жастарға Дамирдың бойындағы табандылық көпке үлгі болар.



Жас болса да, бірнеше ауқымды жобаларды игеріп, өскелең ұрпақтың жаңа технологияны меңгеруіне себепкер болып отырған өнертапқыштың атқарып жатқан жұмыстары да еленіп, жоғары бағаға ие болып жатыр.

Мәселен  2019 жылдың қараша айында Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтің  ең үздік жастарға берілетін «Ел үміті» сыйлығын иеленді. Қатарынан жеке дара озық болсада, басқалардың да биік белестерді бағындырғанын қалайтынын әңгіме арасында байқадық.

«2020 жылы оқушыларымыз халықаралық «Balatech» олимпиадасының финалына өтіп, 5-ші орынға тұрақтады.

«KazRoboSport-2019», «VEXCode VR Challenge», «AlmatyRoboman2019» республикалық робототехника чемпионатында, «Jetysu Start-UP» инновациялық идеялар байқауында, республикалық «Зият», «Дарын», «KazRoboProject-2020»  байқауларында жүлдегер атанып, үздіктер қатарынан көрінді.

«Олар мектептерге арналған автоматтандырылған қоңырау, автоматтандырылған қоқыс жәшігі, көзі нашар көретін жандар үшін кедергілерді анықтайтын смарт-білезік сынды жобалармен айналысып, жұмыстары көпшілікті таң қалдыруда.

Міне төккен маңдай тердің жемісін көрген кезде, әрі қарай еңбек еткің келе береді. Жетістігіміздің барлығы тәуелсіздігіміздің арқасында екенін үнемі оқушыларға айтып отырамын» дейді үлкен жүректі азамат Дамир Нүркежанов. Болашақта  жас өнертапқыш   үлкен жобаларды қолға алып, әлемге танымал бренд жасап, франшизаларын сатқысы келетінін жеткізді.

Иә Қазақстанның болашағына бей-жай қарамайтын, ғылым мен техниканы қатар игеріп, білімді жастардың өсіп келе жатқаны көңіл қуантады.

Қуаныш СМАҒҰЛОВ


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x