Мамай? Оның сөзі мен ісі қабыспайды – Байбектің заңгері 

Dalanews 04 мау. 2021 09:07 304

Бүгін Алматының Әуезов аудандық №2 сотында белсенді Жанболат Мамай мен оның әйелі Инга Иманбайға қатысты азаматтық істің соталды дайындығы аяқталды.

Ерлі-зайыптылар биыл сәуірде Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекті айыптайтын бірнеше видеоматериал жариялаған болатын.

Айта кету керек, бұған дейін өткен екі отырыста жауап беруші тарап онлайн-байланыстың нашар екенін, процеске журналистердің аз қатысып жатқанын айтып шағымданған болатын. Бүгінгі отырыс Жанболат Мамай мен оның адвокаттары сұраған ZOOM платформасында өтті. Сондай-ақ, БАҚ өкілдерінің кез келгені үшін процесс ашық болды. Тілшілерге тек eGov порталы арқылы тіркеуден өту талабы қойылған.

Аталған процесте Бауыржан Байбектің мүддесін заңгер Айжан Тәшенова қорғап жатқаны белгілі.

Ол Жанболат Мамай мен Инга Иманбайдың дәлел құжаттарын айтылған мерзімде тапсырмай, сот талабын өрескел бұзғанын атап өтті. Жауап берушілер 2 мың беттен тұратын жауапты сотқа бір күн қалғанда, яғни 3 маусым күні кешке ғана өткізген.

Тәшенованың пікірінше, 2 мың беттен тұратын жауап құжаттарының ішінде Мамай мен Иманбайдың сөзін ресми растайтын бірде-бір құжат жоқ. 


«Мен жауап беруші тараптың жауап құжаттарымен танысып шықтым. Алайда, олардың бірде-бірінде дәлел жоқ. Құжат деген қол қойылған, мөр басылған қағаз немесе электронды үлгідегі құжат болуы тиіс. Оның орнына түсініксіз жазбалар, интернет-ресурстарға сілтемелер, БАҚ беттерінен алынған цитаталар ғана бар. Сондай-ақ, мөр басылған қағаз да көп, бірақ олардың ешбірі біздің іске қатысты емес», - деді заңгер Айжан Тәшенова.

Ол сондай-ақ, видеода көрсетілген деректердің әрбірі шындыққа жанаспайтыны туралы ресми құжаттарды сотқа тапсырғанын мәлімдеді.

Атап айтқанда, «Байбектің туыстарына тиесілі 100 компания», «Атакенттің», «Қазақфильмнің», «Есентайдың» жерлері, сонымен қатар Алматыдағы ақылы автотұрақтар және өзге де мәселелерге қатысты жеке-жеке тоқталып, әрбіріне жауап берді.

Жанболат Мамай процесс барысында судья Райхан Сартаеваның да, заңгер Айжан Тәшенованың да сөзін бірнеше рет бөлді. Сондай-ақ, сотқа арқау болған тақырыптан ауытқып, қазақ тіліне, Бауыржан Байбектің тұрғылықты мекен-жайына қатысты тақырыпта сөйледі. Тиісінше, судья оған бірнеше рет ескерту жасап, сот тәртібін тағы бұзса процестен қуатынын айтты.

Еске салайық, бұған дейін өткен екі отырыста да судья Жанболат Мамайға дәл осындай бірнеше ескерту жасаған болатын.

Заңгер Айжан Тәшенова да Жанболат Мамайдың сөзі мен ісі қабыспайтыны, оның сот төрелігіне мүлдем құрмет көрсетпейтінін айтты. 

«Жанболат Мамай өзінің үндеулерінде еуропалық, халықаралық стандарттарды жиі мысалға келтіреді, сот төрелігі үстем құру керегін айтады. Бірақ, өзі шын өмірде бұл айтқандарын істей бермейді. Мәселен, сотта айқайлайды, соттың жабық өтіп жатқанын айтып шу шығарады, соттағы негізгі тақырыпты бұрып, басқа мәселе қозғайды, дәлел беретін мерзімді кешіктіреді. Яғни, заң үстемдігі бұлар үшін бос сөз.

Мен өзім Еуропада сотта тәжірибеден өттім. Ол жақта біреудің сыртынан негізсіз жала жабуға ешкімге рұқсат етілмейді. Өйткені, әрбір адам, оның ішінде өзін журналист немесе саясаткер санайтын әр тұлға біледі – біреуге қатысты айтқан әр сөзіңе дәлелің болуы шарт. Олай болмаған жағдайда сенің айтқаның бос жала және сол үшін сотта жауап бересің», - деді А.Тәшенова.

Сот екі тарапты да тыңдап, соталды дайындықтың өткенін, енді негізгі процесс 14 маусымда басталатынын хабарлады. Судья Райхан Сартаева алғашқы отырыстың уақытын сағат 10:00-ге бекіткен. Алайда, жауап беруші тарап бұл уақытты 9.30-ға қойды сұрады. Судья олардың өтінішін мақұл көрді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x