Cоңғы жаңалықтар
Back

Экс-шенеунік ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді

31 мамыр кешке колонияда жазасын өтеп жатқан экс-шенеунік Ислам Әбішев ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді. Бұл туралы вдвокат Абзал Құспан айтты.

Заңгер  ақпараты бойынша, Әбішев Нұр-Сұлтан қалалық фтизиопульмонология орталығына жатқызылған.

«Кеше кешке жедел жәрдем көмегімен ауруханаға жеткізілді. ПТР-тест нәтижесі бүгін шығуы керек. Ислам Әбішевтің жағдайы ауыр. Осыдан он шақты күн бұрын ол колонияда вакцина алу туралы өтініш жасады. Алайда, Ислам Әбішевтің бұл өтініші орындалмады. Бұл оның құқығы ескерілмеген алғашқы жағдай емес. Ауа жетпей, құлап қала беретін, ол жарты жыл бойы медициналық көмекке мұқтаж екенін айтып келді. Тіпті, сот процесі кезінде де дем жетпей, үш рет құлады. Бұл не масқара? Адамды тірідей өлтірейін деп жатыр ма? Ақыры, ауыр жағдайға түскен соң, кеше амалсыз ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлер оны аман алып қалды», – дейді адвокат.

Науқастың қазіргі жағдайына қатысты ресми органдардан әлі нақты ақпарат берілген жоқ.

Еске салайық, Ислам Әбішев 2014-2019 жылдар аралығында АШМ Су ресурстары комитетінің төрағасы қызметін атқарған. 2019 жылы 16 наурызда экс-шенеунік Қазақ күресі федерациясының вице-президенті Серік Түкиевпен бірге 60 миллион теңгеден астам ақшаны бопсалау жолымен пара алды деп күдікке ілінген. 2020 жылы 18 ақпанда Әбішев 5 жылға, Түкиев 4 жылға бас бостандығынан айырылды.

Дереккөз: azattyq-ruhy.kz