Санкция? Еуропа біздің шенеуніктердің екінші отаны - сарапшы

Dalanews 04 нау. 2021 02:58 161

 Еуропа Қазақстанға санкция салуы мүмкін бе? Оның салдары қандай болмақ?  Мұндайға ұрынбау үшін билік қандай амал-шара қолдануы қажет? Бұған елдің көзқарасы қандай? Еуропада көңіл көтеруді ұнататын қазақстандық шенеуніктер Батыстағы активін қайда жасырарын білмей, жанталасып жатқаны рас па? Тоқаев саяси реформа туралы уәдесін неге орындамады? Жалпы, Еуропа Қазақстаннан не күтеді? Саясаттанушы Досым Сәтпаев осы төңіректегі ой-пікірін ортаға салды деп хабарлайды Dalanews.kz. 

«Біздің билік Батыспен ешқашан араздасқан емес. Осы уақытқа дейін сыйласып келді. Ресей секілді арсылдап, айтыс-тартысқа түсіп, беттен алып, төске шауып көрген жоқ», – дейді Сәтпаев.

Оның пікірінше, Батыспен қабақ шытыспауға тырысатын біздің билік санкцияға іліксе, отыз жыл бойы қасықтап жинаған саяси имиджін рәсуә қылады. Еуропаның көз алдында Ресей мен Түрікменстанның кебін киіп, Орта Азияның көшбасшысы деген репутациясына кесірі тиеді.

«Еуропа – біздің шенеуніктердің екінші Отаны. Ол жақта зәулім сарайы бар, боянып-сыланып отырған тоқалдары бар, бұған бизнес активтері мен Еуропа банктеріндегі есеп-шотын және қосыңыз. Қазақстан санкцияға іліксе осы байлықтың бәрі бұғатқа түсіп, одан қалды ресми түрде жұртқа жария етіледі. Еуропаға енетін есік тарс жабылады!

Қазақстанда бизнес жобалары бар Батыс кәсіпкерлері де санкциядан жапа шегіп, «қара тізімге» іліккен тұлғалармен қандай да бір келіссөз жүргізуге тыйым салынады», – дейді ол.

Еуропарламент санкция туралы ескерту жасағаны болмаса, сөзден іске көшкен жоқ. Сәтпаевтың айтуынша, Қазақстан билігі әлгі ескертуге құлақ аспай, Тоқаев уағда еткен саяси реформаны кешеуілдете берсе, Батыстың нысанасына мықтап тұрып ілігеміз.



Қазақстанға тұтастай санкция салу туралы мәселе жоқ. Батыс саясаткерлері елдің мұндай күйге түскеніне сіз бен біздің кінәлі емесімізді жақсы біледі.

«Бәріне, бәріне жауапты – билеуші элита. Биліктегі үркердей топ. Еуропарламент қарарын шолып шықсаңыз, адам құқығын табанға таптап отырған биліктегі жекелеген тұлғаларды «қара тізімге» кіргізу мүмкіндігін қарастырғанын аңдайсыз», – дейді Досым Сәтпаев. 


Қарар демекші, оның мазмұнына да аз-кем тоқталып өтелік. Өткен айдың ортасында Еуропа Парламенті Қазақстандағы адам құқықтарын сынайтын тағы бір қарар қабылдады. Құжатта елде азаматтық қоғамның аясы тарылып, адамның құқығы аяқасты болды және қаңтардағы Парламент сайлауы әділетсіз өтті делінген. Мұны Еуропарламенттегі 693 депутаттың 598-і қолдады. Бұл қарарға қарсы шыққан депуттар да болды. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Сайлауларды бақылау бюросының есебіне сүйеніп жасалған қарарға 43 депутат қарсы шыққан.

Сәтпаевтың нақтылағанындай, «қара тізімге» енгендерді АҚШ-та «Магнитский тізімі» деп атайды. Батыс елдері «Еуропаның адам құқығы бойынша жаһандық санкциялық жүйесін» өткен жылдың желтоқсанында ғана қабылдаған. Саясаттанушы сөз орайында Батыстың орыс оппозиционері Алексей Навальныйды улауға қатысы бар ресейлік шенеуніктерге жекелей санкция салғанын еске салыпты.

Соның алдында Еуропарламент Минскідегі митингілерді басып-жаныштаған Беларусь билігінің өкілдерін де «қара тізімге» кіргізген.

«Минскі мен Мәскеудің әрекеті отқа май құйғандай болды. ТМД кеңістігіндегі авторитарлы мемлекеттер мен Батыс әлемінің арасы күрт бұзылды. Беларусьтегі саяси оқиғалар мен Навальныйдың өлім аузынан қалғанын көріп отырған АҚШ пен Батыс істің насырға шапқанын түсінді. Авторитарлы жүйелерді тым еркінсітіп, еркелетіп жібергеніне кеш те болса көзі жетті.

Бұдан былай АҚШ пен Батыс Ресейдегі, Орта Азиядағы саяси процестерді мұқият бақылайтын болады әрі соған сай шешім шығарады», – дейді саясаттанушы.

...

Былай қарағанда, Қазақстанның ешкіммен қақ-соғы жоқ. «Ешкімге соқтықпай жай жатқан ел». Біздің ел санкцияға ілігердей қайдан жаңылды, неден сүрінді? Сәтпаев мұның жауабын жақсы біледі екен.
Оның пікірінше, 2019 жылғы президент сайлауы әділетсіз өткен. Бұған наразы ел ереуілге шығып, билік митингіні басып-жаныштауға мәжбүр болған. Түрмеде жан тапсырған қоғам белсендісі Дулат Ағаділдің өлімі де биліктің тапсырысы ретінде бағаланып жүр. Әлнұр Ілиясов пен Ася Төлесованың қамауға алынуы да халықтың ашу-ызасын туғызған.

АҚШ пен Батыстың реформа жүргізуге уәде берген Қазақстан билігінен көңілі қалған. «Бейбіт митингілер», «Саяси партиялар» және «Сайлау туралы» заң шын мәнінде, көзалдау ғана.

«Шынтуайтында, түк те өзгерген жоқ. Саяси жүйе сол қалпында қалды. Биліктің монополиясы әлсіреудің орнына, күшейіп кетті. Қоғам белсенділерінің басқан ізін аңдып, саяси белсенділікті бесігінде тұншықтыруға тырысып жатыр. Жалған реформалардан аяқ алып жүре алмайсыз. Бұған түнеугүнгі Парламент сайлауы мысал. Бәрі де ескі ереже бойынша өтті, бәрі де сол баяғы сарын.

Саяси реформа жасауға уәде өткен Тоқаев бір жағынан, жұрттың көңілін аулауға тырысты, екіншіден, бюрократиялық аппарат пен элитаның алдында абырой жинағысы келді. Сөйтіп, екі оттың ортасында қалды.


Жұрттың көңілінен шығу үшін шынайы, нақты реформа жүргізу керек еді. Міне, сол кезде халық та биліктің айтқанын қабыл алып, елде қоғамдық келісім қалыптасар еді. Бұған отыз жыл бойы міз бақпай, сіресіп отырған ескі жүйе жол берген жоқ. Өзінің status quo-сын сақтап қалғысы келді. Сөйтіп, конфликт туды. Нәтижесінде, саяси реформа туралы уағда ысырылып қалып, Тоқаев оның ырымын ғана жасады. Өзгерістен өлердей қорқатын элита дегеніне жетті», – дейді саясаттанушы.



Еуропарламенттің Қазақстанға қатысты қарары бүгін, ертең санкция салынады дегенді білдірмейді. Қазақстандық шенеуніктердің Альпіге барып аунап-қунап қайтатын уақыты бар.

Бұл Батыстың бізге жасаған ескертуі деп түсінуіміз керек.

Сөй деген Сәтпаев Қазақстан билігі әлгі ескертуді елемей, арқаны кеңге салар болса, ертесіне-ақ Ресей мен Беларусьтің күйін кешеді деп санайды.

«Батыстың түгі кетпейді. Еуропа елдері тоқ, бақуатты тұрады. Санкциядан біз сорлап қаламыз. Қазақстанның №1 сауда серіктесі Қытай да, Ресей де емес, Еуроодақ. Экономикалық тұрғыда біз Батысқа боданбыз. Оларға мұнай тасымалдап, бюджеттің жыртық-тесігін жамап отырған жайымыз бар. Еуроодақ пен Қазақстанның арасы суыса, алыс-беріс кілт үзіледі. Батыс біздің мұнайға зәру емес, біздің орнымызға таласып отырған ел көп.

Биліктегі жекелеген тұлғаларға санкция салынса, елдің имиджіне ғана емес,  экономикасына да зиян келеді. Елге инвестиция салуға сайланып отырған еуропалық кәсіпкерлер аттың басын кері бұрады», – дейді саясаттанушы.



Қазақстанға санкция салынса бұдан кім ұтады? Бұл кімге тиімді?

Сәтпаевтың пайымдауынша, бұл Өзбекстан үшін ұрымтал тұс. Бұдан Ташкент ұтады. Мирзиёев әзір халықаралық алаңдағы саяси имиджін жақсарту үшін жанталасып жатыр. Имидж түзелсе, инвестицияның ауылы да алыс емес.

Өзбек жерінде Apple, Netflix, Nike, Adidas, Google Commerce, Samsung Electronics секілді трансұлттық компаниялардың өз кеңсесін ашуы Ташкенттің инвестициялық тартымдылығы күн өткен сайын артып жатқанын дәлелдейді. 


«Қазақстан санкцияға ұрынса, халық мұны кешпейді. Мұндай күйге түссек, биліктен біржолата күдер үзеді. 30 жыл бойы жүйеге жақтасып, бет бақтырмай келген азаматтардың өзі індет ауа жайылған шақтан жеуден жарысып жатқан шенеуніктерді қарғап-сіледі.

Отыз жылда бетке ұстар саяси институт қалыптастыра алмағанымыз өте ұят. Дағдарысқа қарсы иммунитеті жоқ әлсіз, әлжуаз мемлекетпіз. Карантин кезінде, карантинге дейін де халық өз күнін өзі көрді.

Індетпен күреске бөлінген қаржы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Коррупцияға қарсы агенттіктің дерегінше, былтыр 60,1 млрд теңге желініп кеткен. Бұл одан арғы жылға қарағанда 2,4 есе көп!», – дейді Досым мырза.

Биліктегі біраз адам Батыстың назарына ілігіп, «қара тізімге» енсе, халық қуанбаса, қайғырмайды.

«Отыз жыл бойы тайраңдаған шенді-шекпенділерді сабасына түсірген Еуропаға алғыс айтады. Осы арқылы билікке сөзін өткізіп, саяси шешімдерге ықпал ете аларына көзі жетеді. Әділ әрі таза сайлау өткізуге атсалысады», – дейді Сәтпаев.

 

Әзірлеген Думан БЫҚАЙ


 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x