Back
| DalaNews

“Екі қолы көтерілмейді”. Арон Атабекке араша сұраған зиялылар Тоқаевқа хат жазды

Арон Атабекке араша сұраймыз! Абақтыда жатқан саяси тұтқынды бостандыққа шығаруды сұраған бір топ зиялы президент Тоқаевтың атына хат жолдады деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Олжас Сүлейменов, Мұрат Әуезов, Ұлықбек Есдәулет бастаған зиялы қауым қол қойған хаттың нұсқасын заңгер Шыңқуат Байжанов әлемжеліде жариялады.

«Ұлықбек Есдәулет мырза, Олжас Сүлейменов мырза, Мұрат Әуезов мырза бастаған бір топ қазақ майталмандары арқалы ақын Арон Атабекке жан сауға сұрап Қазақстан президенті Тоқаев Қасым-Жомарт Кемелұлына өтініш хат жолдады. Қазақстанның барлық зиялы қауымы қол қоюға өтініш білдірген, бірақ, пандемияға байланысты олардың қолдарын қойғызу мүмкін болмады.

Президент мырза! Жан сауға сұрау қазақ халқының ежелден келе жатқан ата салты, егер ел ақсақалдары, ақындары өтініш жасағанда одан ешбір хан аттап кетпеген. Сіз де ата салтын сақтап, 68 жастағы жүрек ауруымен, қант диабетімен, буын ауруымен ауыратын арқалы ақынымызды тар қапастан шығаруға ықпал жасайды деп сенеміз. Қазақ Аронының ендігі тағдыры Сіздің қолыңызда. Мен адвокат ретінде заңға сәйкес барлық мүмкіншілікті пайдаланып көрдім, тас бауыр, заңға ешбір мән бермейтін қатыгез мамандар меселімді қайтарды, жігерімді құм етті.

Асыл аға түрмеде шейіт кетсе обалы бүкіл қазақ халқына болады, онсыз да ата-баба наласына қалған елміз, енді осы қателікті жібермейік Қасым-Жомарт Кемелұлы мырза!», – деп жазды заңгер.

| DalaNews

Тоқаев атына жазылған Ашық хатта Арон Атабектің денсаулығы кейінгі кезде күрт нашарлап кеткені, 70-ке қараған адамның екі қолы мүлдем көтерілмейтіні, одан “тыс зынданда айырылып қалсақ, арымызға сын болары” жазылған. 

Хаттың толық нұсқасы мынадай: 

«Аса құрметті, Қасым-Жомарт Кемелұлы мырза! Сіздің еліміздің сарабдал саясатын ел тыныштығы, ынтымақ-бірлігі, үшін көрегендікпен жүргізіп отырғаныңызды өте жоғары бағалаймыз. Елі мен туған жері үшін қасық қандары қалғанша күрескен батыр тұлғаларымызды құрметтейтініңізді де жақсы білеміз.

Сөзге тиек еткелі отырған қазақтың дара азаматы – Арон Атабек 2006 жылғы әйгілі «Шаңырақ» оқиғасын ұйымдастырды, кісі өліміне себепкер болды» деген жалған жаламен 18 жылға итжеккенге айдалып, сотталды.

 Қазақ елі тарихында өзіндік қолтаңбасы бар, яғни, «Қазақ мемлекеті» т.б. бірнеше ұйымның жетекшісі, ақын, түрколог, Желтоқсан көтерілісінің бел ортасында жүріп, бүгінгі Тәуелсіздігіміз үшін күрескен батырымыз Арон Қабышұлы Атабек ауыр қылмыс жасаған қылмыскерлерге арналған түрмеде отырғанына алдағы жылы 15 жыл толады.

Жан азабы өз алдына, түрмедегі қинау мен азаптаудың алуан түрін басынан кешірген Арон Атабектің денсаулығы бірнеше жылдан бері күрт нашарлап кетті.

Жасы 70-ке таяған қарттың екі қол мүлдем көтерілмейді, жүректің ишемиялық ауруы қан қысымы, бүйрек-өкпе, буын ауруларына т.б. өміріне қауіп төндіретін, түрме жағдайында емделуге келмейтін кеселдерге душар болды.

«Көзімнің тірісінде қадірле мені!.. Өлгесін басыма көк тас қойып, құрметтеп керек емес!», – деген екен бір қарт назаланып… Сол айтпақшы, халық батырын көзі тірісінде бостандыққа шығарып, денсаулынын түзетуге жағдай жасасаңыз нұр үстіне нұр болар еді. «Елім-қазағым!», – деп жанын шүберекке түйген батырымыздан тас зынданда айырылып қалсақ, арымызға сын болары хақ! Ұрпақ алдында ұятты болмайық, Президент мырза!

Сіздің ел болашағының ынтымақ-бірлігін сақтаушы, ұлт жанашыры, қамқоршысы ретінде Арон Атабектің бостандыққа шығуына көмек қолын созады деген зор үміттеміз», – деп жазылған.

Хатқа Ұлықбек Есдәулет, Олжас Сүйлейменов, Мұрат Әуезов, Бақыт Беделхан, Амантай Асылбек, Гүлжан Ерғалиева, Т.Айтбай т.б. бірнеше адам қол қойған.

Abai.kz порталы хатты желіге жариялаған заңгер Шынқуат Байжановқа хабарласып, істің мән-жайын сұраған екен. 

Шынқуат Байжанов:

– Бұл хатты ұйымдастырған Арон Атабектің жанашырлары, серіктестері т.б. Біз әуелде дөңгелек үстел өткізгіміз келген. Сол жерде зиялы қауым өкілдерін шақырып, Арон Атабекке араша сұрап, хат ұйымдастырмақ болдық. Кейін, мынау пандемияға байланысты ондай жиындар өткізуге рұқсат берілмейтін болды.

Хатқа қол қойған азаматтардың әрқайсысына іздеп барып, қол қойдырдық. Мысалы, Олжас Сүлейменовке барғанда ол кісі ауруханада екен. Жалпы, біраз кісі осы хатқа қол қоймақ болды. Мысалы, ақын Темірхан Медетбек мырзалар телефон арқылы сөйлескенде, қолдап қой қоятынлдарын айтқан. Оған ковид кедергі келтірді. Оның үстіне Олжас Сүлейменов пен Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет мырзалар қол қойған соң, ақалғандарын әурелеп жатпадық.

Бұл хатты жазғандағы себебіміз – амал жоқтық қой. Арон Атабектің қызы Алмаға хабарласып, өз еркіммен адвокат болдым. Көмектесейін дедім. Сөйтіп, келісім жасасып, Павлодардағы түрме басшысына хат жаздым.

ҚР Қылмыстық кодексінің 75 бабына сәйкес, денсаулығына байланысты түрмеден мезгілінен бұрын босату, жазасын жеңілдету немесе түрмені үй қамаққа ауыстыру секілді мүмкіндіктер бар. Ол үшін түрме басшысы осындай ұсыныспен сотқа жүгіне алады.

Маған Алма хабарласып, әкесінің қан қысымы жоғары екенін, қант диабеті бар екенін айтты. Түрмеде соққыға жығылған екен. Содан бір қолы дұрыс істемейтінін айтты. Асқазан, буын аурулары тағы бар. Осыларды айтып, денсаулығы нашарлаған адамды неге әлі күнге түрмеде ұстап отырғанын, 75 бапқа сәйкес, неге әлі күнге сотқа ұсыныс жазылмағанын сұрап хат жолдадым.

Осыдан соң, Семенова деген келіншек түрмеге кіріп, Аронмен сөйлесіпті. «Аронның денсаулығы жақсы екен», деп хабарлады. Ол видеоны осы желіге жариялады. Ол жерде де Аронның әрең отырғаны, телефонды ұстап тұруға шамасы келмегені анық байқалып тұр.

Сосын, Павлодар түрмесінің басшылығына екінші мәрте хат жолдадым.  Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасынан арнайы комисссия құрылып, Ароны Атабектің денсаулығын бастан-аяқ тексеруі керектінін талап еттім. Тәртіп бойынша, түрме басшылығы Аронның жазасын жеңілдетіп, үйқамаққа ауыстыруды сұрауы үшін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қарары бойынша жаңағы комиссия шешімі керек. Комиссия шақырыңыз, барлық анализдерін алыңыз деп сұрадым. Екі ұсынысымды да «Фейсбукте» жарияладым.

Кейін олар маған жауап жазыпты. «Сіздің ұсынысыңыз бойынша комиссия таағйындамақ едік, Арон Атабектің өзі қарсы болды. Міне, өз хаты деп қолмен жазылған хатты тіркепті. Онда: «Денсаулығымды тексертуге қарсымын», деп жазыпты. Осыған сәйкес, біз комиссия тағайындап, тексеріс жасай алмаймыз», – депті. Ал түрме дәрігерлері тексергенде, денсаулығы жақсы болыпты-мыс.

Сосын мен «Нұр Отанға» (Б.Байбекке) «КУИС» бастығына тағы хат жолдадым. Түрмедегі, еркіндігі жоқ адамнан рұқсат сұрау керек пе? Бас еркіндігі жоқ адамнан кім рұқсат сұрайды? Түрме басшылығы Арон Атабектен рұқсат сұрады дегенге сенуге бола ма? Денсаулығы күрт нашарлап кеткен адамды неег өздері тексермейді?

«Егер Арон Атабек түрмеде қайтыс болып кетсе, оған ертең сіздер кінәлі боласыздар! 68-дегі қарт кісі, ақын, саяси диссидент деп танылған адам, Халықаралық сыйлықтың лауреаты атанған адам түрмеде көз жұмса, ол – жақсы ат емес», – деп жаздым.

Жауап берген жоқ. Тек хатым тіркелді деп хабарлады. Осыдан кейін, Павлодар түрмесінің басшысы маған екінші мәрте жауап жазыпты. Ол жауабы да алдыңғысын толық қайталаған. «75 баппен шығара алмаймыз. Өзі рұқсат бермеді», – депті.

Осыдан соң, біз Президентке хат жазу туралы шешімге келдік. Жан сауға сұрау қазақта бар салт. Қалған 4 жылын түрмеде өтеуге Арон Атабектің денсаулығы шыдай ма, жоқ па, белгісіз… Әрине, біз хат жаздық екен деп, мәселе шешіле салмауы мүмкін. Бірақ, «үмітсіз шайтан», деген.