Ең бірінші кезекте біз қолға алуы тиіс мәселе – денсаулық саласы және агробизнес

Dalanews 07 қаң. 2021 07:33 290

 "Пандемиядан соң денсаулық саласының томпақ тұстары өздігінен білініп қалып жатты. Сондықтан, бізге енді ең бірінші кезекте қолға алу керек мәселе бұл – денсаулық саласы. Одан соң – агробизнес".   Алматы облыстық мәслихаты депутаттығы сайлауына өзін-өзі ұсынған талғарлық кандидат, «Nur Otan» партиясының мүшесі Амангелді Сембаев осындай ұстанымда екенін айтады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Партиялық ұстанымы мен өз көзқарастарына тоқталмастан бұрын, Амангелді Тілеубердіұлы алдымен өз өмірбаянына аз-кем тоқталды.

- Мен Талғар ауданына 1986 жылы Шығыс Қазақстан облысы Ақсуат ауданынан көшіп келдім. Арманымыз - ауылды көркейту болған соң агроном мамандығын таңдап, Талғар қаласының ауылшаруашылық техникумына оқуға түсіп, оны 1990-шы жылы тәмамдадым. Оның алдында Советтік әскер қатарында болдым. Техникумды бітіргелі Талғар қаласында әке-шешеммен, бала-шағаммен тұрып жатқан жайым бар. 1991 жылдан бастап Талғар қаласында әртүрлі қызметте жұмыс істедім. Қазіргі уақытта ауылшаруашылығымен айналысамын. Әкемнің атынан «Тілеуберді» деп ашылған шаруа қожалығы бар. Мал бордақылаймыз, сүт өнімдерін шығарамыз. Одан бөлек құрылыс саласында да атқарып жатқан тірлігіміз бар. 2015 жылы еліміздегі бірегей партия – «Nur Otan»-ды қалап, мүшелікке өттім.  Сол  партиясы атынан VI шақырылымдағы  аудандық мәслихат депутаттығына сайлауға түстім. Міне, бүгінде жаңа сайлауға байланысты Алматы облыстық мәслихат сайлауына  өзімді ұсынып, депутаттыққа түсіп жатырмын, - дейді ол.

Ол аудан деңгейіндегі мәселелерге араласып, көрген-білгені, ойлап-түйгені , «Nur Otan» партиясы шеңберінде жинаған тәлім-тәжірибесі облыстық деңгейдегі мәслихатта өз тиімділігін танытатындығына сенімді.


-  Облыс деңгейінде қарастырылуы тиіс ауылдың мәселелері бар. Кейбір жерде облыстың елді-мекен проблемалары ұқсас болып келеді. Міне, сол мәселелердің шешіміне ат салысып, өз тәжірибеммен бөлісе отырып, партиямыздың халық алдында алған жауапкершілігі мен міндеттемелерін орындауға, оны насихаттауға ат салысып, оған бір кісідей өз үлесімді қоссам ба деген менде тілек бар.  Әрине, депутаттыққа өтсем, ең бірінші кезекте қолға алсам деген  жанымда бірнеше мәселе бар. Соның бірі – денсаулық мәселесі. Өздеріңіз білесіздер, пандемиядан соң бұл саланың томпақ тұстары өздігінен білініп қалып жатты. Осыған байланысты әкімдікке ұсыныс жасау үшін жинақталған бірталай құжаттар бар. Ол жүйелік, заңнамалық мәселелерді қамтиды. Техникумнан соң екі жоғары білім алып, заңгер және экономист мамандығына ие болдым. Осы білімдерім мәселе шешімінде толықтай қолдануға мүмкіндік болады деп сенемін, - дейді ол.

Оның айтуынша, агробизнеске  қазір мемлекет  тарапынан үлкен қаржы бөлініп жатыр. Тек сол мүмкіндікті көп адам білместіктен, пайдалана алмай жүр.

- Ата-бабамыз мал баққан, сонымен тіршілік кешкен. Сондықтан бұл ата кәсіп қазаққа майдай жағуы тиіс. Агроөнеркәсіп саласы бойынша ақыл-кеңес сұрайтындар болса, мен көмектесуге әрқашан дайынмын. Бұл жағымнан білігім де, білімім де жетерлік.


Депутат айтса, мәселе өздігінен шешіледі деген, әрине болмайды. Әр депутаттың артында міндетті түрде қолдайтын қалың жұрты болуы тиіс.

-  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымына сәйкес, билік пен қарапайым халық арасындағы алтын көпір әрі халық үнін мемлекетке жеткізуші депутаттар деп білемін. Қазіргі ақпараттық технология дамыған заманда бұл әбден мүмкін нәрсе. Менің әлеуметтік желілерде парақшаларым бар, өз электоратыма сай оған жазылушылар да жетерлік.  Сол арада жекеге жазылған өзекті мәселелерді билік алдына жеткізіп, оның шешіміне ат салысуға, әрине дайынмын. Азаматтық қоғамның ашық адамы ретінде сайлаушыларыма есігім де, желідегі парақшаларымның дайрегі де әрдайым ашық, - дейді ол.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x