Зейнетақы қоры сіз бен біздің жинағымызды АТФ банкке аударып жіберді - сарапшы

Dalanews 06 қаң. 2021 13:53 310

"Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" Jysan Bank банк сатып алған "АТФ Банкке" салымшылардың 143 млрд теңгесін құйған деп хабарлайды Dalanews.kz  Financial Freedom қорының директоры Расұл Рысмамбетовке сілтеп.

Экономист БЖЗҚ-дан қарыз алған құрылымдардың атын атап, түсін түстеп шыққан екен.

"Jysan банк сатып алған АТФ банктегі 143 млрд-тың шығу тегі қызық көрініп тұр. Мұншама ақшаны зейнеткерлерге кім және қалай қайтармақ? Мәселен, Kaspi банктің БЖЗҚ-ға берешегі 192 млрд теңгені құрайды. Банк белсенді түрде кредит беріп, күн-түн демей қарекет етіп жатыр. Қор алдындағы міндеттемесін толық өтейді деп ойлаймын.

AsiaCredit банк БЖЗҚ-ға 10 млрд теңге қарыз. Банктің акционерлері қосымша капитал табатынын айтып, уәде берген.

Өз басым "Қазақстан темір жолының" Зейнетақы қорынан алған 255 млрд теңгені қайтарарына күмәнім көп. Компания аса табысты емес, өткен күннің қателіктерінен әлі айыға алмай отыр"


– деп жазды Рысмамбетов Facebook -тегі парақшасында.

Сарапшының пікірінше компаниялар БЖЗҚ-дан алған ақшаны мерзімінен бұрын қайтаруға құлықсыз.

"Барлық компанияларда берешекті өтеудің кестесі бар. Әзір ешкім де ертелетіп қарызды жауып тастауға асығар емес", – дейді ол.

Рысмамбетовтың айтып өткеніндей БЖЗҚ-дан ақша алған компаниялардың тізімі мұнымен бітпейді.

Мемлекеттік ипотекалық бағдарламаларды біріктіретін Қазақстанның тұрақтандыру қоры Зейнетақы қорына 145,7 млрд теңге қайтаруы керек.


Нұр-Сұлтанға дейін құбыр тартқан  "АстанаГаз" компаниясы Зейнетақы қорынан 95 млрд теңге алған. Қарызды Нұр-Сұлтан тұрғындары мен құрылысқа жауапты басқа да мердігерлер бірігіп қайтаруға міндетті.

"ҚТЖ-нің еншілесі компаниясы "Досжан Темір жолы" да БЖЗҚ-ға қарыз. 14 млрд теңге қайтаруы керек. Алайда мұның бәрі "ҚазАгроның" жанында түкке тұрмайды. Сіз бен біз бұл компанияға 675 млрд теңгені салып жібердік. Ал ауылдың жағдайы анау. Ауылшаруашылығы саласы азып-тозып тұр. "ҚазАгро" қарызды қайтарады деген үміттемін", – дейді сарапшы. 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x