Back
| DalaNews

Кувейт қайда? Қазақстанда жұмысы бар әрбір үшінші адам тақыр кедей

«Кипр» аналитикалық алаңында өткен пікірсайысқа Dalanews.kz тілшісі де қатысып қатты.


Басқосуда халықтың несиесін кешіру туралы мәселе сөз болды. Әлемдік тәжірибеде Грузияда, Армения сияқты мемлекеттерде елдің кредиті кешірілгені айтылды.

Алайда «Кипрдің» алаңында бас қосқан сарапшылардың пікірінше дәл қазіргі халықтың кредитін кешіргеннен гөрі айлығын көтеруді көбірек ойлау керек.

Себебі тұрақты жұмысы болған күннің өзінде  кедейлік қамытына құтыла алмай жүргендер жетерлік.

“Кипр” аналитикалық тобының жетекшісі Ерлан Смайловтың бағалауы бойынша елдегі  жұмыспен қамтылған халықтың 33 пайызын,  яғни шамамен 3 млн адамды осы «жұмысы бар кедейлер» тобына жатқызуға болады.

«Еуроодақта бұл көрсеткіш  — 9,5 пайызды құрап отыр» – деп салыстырды сарапшы.
Халықаралық Еңбек ұйымының анықтамасына сәйкес кірістері орташа жалақының үштен екі бөлігінен төмен адамдар ресми не бейресми секторда тұрақты жұмысы болса да “жұмысы бар кедейлер” санатына кіреді.

Қазақстандағы орташа жалақы шамамен 75 мың теңге.

Экономист Сергей Домниннің дерегінше Қазақстанда ресми түрде жұмыс істейтіндердің саны – 2,8 млн адам. Бұлардың 46 пайызы айына  105 мың теңгеден төмен табыс табады. Мұның 65 пайызы – ауыл шаруашылығы, 27 пайызы  – өңдеу өнеркәсібі салаларында.

«Нұр-Сұлтанда мұндай адамдардың үлесі 28 пайыз, ал Солтүстік Қазақстан облысында 57 пайыз», – деді экономист.

Әлеуметтанушы Гүлмира Илеуова «ішер асқа ақшасы жоқ», немесе «ішіп-жемі болса да киім-кешекке жеткізе алмайтын» отбасылар туралы айтты.

Оның атап өткеніндей мұндай отбасылардың табысы айына 100-120 мың теңгеден аспайды. Сәйкесінше отбасында 4 адам бар деп есептесек, бір адам айына 25-30 мың теңгеге күн көруге мәжбүр.

– Жұмысы бар бола тұра жарлы-жақыбайдың күйін кешіп жүргендер көбінесе мемлекеттік секторда жұмыс істейді. Ал ол жерде жалақыны көтеруді тіпті де ойға да алмайды. Үкімет үшін бұл нағыз инфляция, бағаның өсуі және экономикалық көрсеткіштердің нашарлауы сияқты қара бұлттарды төндіретіні айтпаса да түсінікті, – деп жалғады Гүлмира Илеуова.

«Алысқа ұзамай ақ әлеуметтік сала мамандары: педагогтар, дәрігерлер, мәдениет, ТКШ қызметкерлері, ғылыми қызметкерлерді алайықшы олардың білімі де, біліктілік деңгейі де өте жоғары.

Қанша жыл оқып, білім алады өз-өздерінің болашақ дамуын қаржыландырады. Бірақ олардың жұмысын бағалау басқа санаттармен салыстырғанда өте төмен. Сау ақылмен қарасаң олар жоғары табысқа ие болуға әбден лайық,- дейді ол.


Оның пікірінще бізде нарық бәрін ретке келтіріп береді деген қасаң түсінік қалыптасқан. Ғайыптан тайып жалақыны әділ есептеу өздігінен қалыптасады ойлайтындар көп.

«Қазір жалақы есептеліп келген бұрынғы негіздердің бәрі жоғалды. Осы сәтте жалақы жөнінде «заң шығарушы» – мемлекет қана болып отыр. Жеке меншікте жұмыс берушілер еңбекақы тағайындағанда  еріксіз мемлекеттік секторға жалтақтайды.  Ол жерде баяғы тиын-тебен. Осыдан кейін басқа салаларда күрт серпіліс қайдан болсын?

Мемлекет аяқ астынан тарифтік кестелерді қайта қарайды деп болжасақ та, бәрібір жұмыс берушілер өз қызметкерлерінің еңбегін бағалауды неден бастарын білмей дал болады – деп пайымдады Гүлмира Илеуова.

Экономист Шолпан Айтенова бұл кедейліктен балалардың жанама түрде зардап шегетінін, мемлекеттік жәрдемақылар балалардың жағдайын жақсартпайтынын және жалпы кедейліктің төмендеуіне әкелмейтінін алға тартты.

Қазақстанда бүгінгі таңда 6 млн бала бар, бұл халықтың 31пайызы. Оның ішінде 15,6 пайызы немесе 1 млн бала табысы төмен отбасыларда тұрады. Барлық көпбалалы отбасылардың 90 пайызының табысы төмен.

– Жастайынан жетіспеушілік көріп өскен ұрпақ бәсекеге қабілетсіз болып қалады – деді Айтенова.

Әріптесінің сөзін жалғаған Гүлмира Илеуова болса әлеуметтік тұрғыдан алғанда, кедейлік жағдайында туылған адамдардың көпшілігі жоғары деңгейге көтеріле алмайды, бұл балалар өз алдына жоғары мақсаттар қоймайды, қоғам тұтастай энергияны жоғалтады, ел батпаққа батып кетеді -деп өкінішін білдірді.

Зерттеуші Шолпан Айтенова — мұғалімдердің жалақысын арттыру- балалардың кедейлігін азайтуға әсер етеді деген пікірді.

Алайда, “Тарифтік кестені” қалай өзгерту керек екені түсініксіз, өйткені біздің мемлекетте кәсіби, мансаптық, мәртебелік құндылықтар, мысалы, салалық қауымдастықтар немесе гильдиялар аясында адамдарды олардың сіңірген еңбегі, қоғамға қосқан үлесіне қарай бағалау жүйесі атымен жоқ. Жалақыны көтеру жағдайды шеше алмайды, – деп қысқа қайырды сарапшы.

Сергей Домниннің айтуынша, кедейлік тамырында білім деңгейінің төмендігі жатыр.

– Жоғары білімі бар адамдардың жалақысы орта білімі бар адамдарға қарағанда 88 пайызға жоғары. Бұл білім беру саласына инвестиция салуды және осы арқылы кедей отбасылардан шыққан балаларды «құтқаруды», оларға қол ұшын созуды білдіреді. Мұны шартты трансферттер есебінен жасауға болады, бірақ бұл ақшаның қалай жаратуды нақты бақылау керек. Тіпті атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) ретінде берілетін ақшаны да қадағалайтын едім, өйткені олар да балаларға жетпеуі мүмкін, – деп ұсынды ол.

– Бизнестің дамуына кедергі келтіретін басты тежегіш – бұл мемлекеттік сектор. Ең төменгі жалақыны көтеру керек, бірақ алдымен өте мұқият әр түрлі аймақтардағы өмір сүру деңгейін анықтап алу керек.

Егер ең төменгі жалақыны арттыру жөніндегі жедел шараларды асығыс қолға алсақ біздегі кедейлер саны одан әрмен ұлғайып кетуі ықтимал. Бұл үшін ақша (бюджетте) бар, оларды қайта бөлу керек, бірақ сандық шараларға қарағанда сапалы шараларға көбірек көңіл бөлу керек.

Біз соңғы он жыл ішінде экономиканы ақшамен толтырдық, бірақ одан ештеңе шыққан жоқ. Келесі мәселе — жаңа жұмыс орындары, инновациялар және т.б. арқылы қол жеткізілетін еңбек өнімділігін арттыру, – деп жалғастырды Сергей Домнин.

ҚОҢЫРОВТЫҢ  «ТОҢАЗЫТҚЫШ ИНДЕКСІ»

Депутат Айқын Қоңыров үш жылдық бюджеттің соншалықты сауатсыз әзірленгеніне аң-таң.

Оның пікірінше осыған қарап-ақ биліктің жұмыспен қамтуды мүлде басқаша бағаларына көз жеткізуге болады. Үкіметке жұмыссыз халықты жұмыспен қамту маңызды, ол олардың айлығы шәйлығына жете ме, ол айлықпен отбасын асырай ала ма деген мәселеге билік бас қатырмайды.

«Қазақстанның проблемасы кедейлік қамытынан құтылу. Бірақ бұған арналған жоспары жоқ. Үкімет әлі күнге дейін шикізаттан түсетін табысқа иек артып келеді.

Менің ойымша, бұл кедейлік тұзағынан тек еңбек өнімділігін арттыру арқылы шығуға болады. Бұл табысты арттырудың кілті.

Жәй ғана қарапайым үйдегі тоңазытқыш жанып кетті делік. Егер оны сатып алу үшін әлгі отбасы бірнеше ай ақша жинайтын болса немесе несие алу қажет болса онда отбасын ойланбастан кедейлер санатына жатқыза беріңіз!

Экономикалық белсенді халықтың шамамен 70 пайызы қазір тоңазытқыш алуға ақша жинап отыр.

Еурокомиссияның есептеулері бойынша, бізде халықтың 50 пайызы айлығының 54 пайызын тамаққа жұмсайды. Тұтынушылық кредиттеудің өсуі де осыны растайды, – деп атап өтті Мәжіліс депутаты.

Әзірлеген, Аяулым ШАЙМАРДАН

Тағы оқыңыз:

Мына түрімізбен жыртық шұлықты жамап киеміз – экономист Мәминге үн қатты