Back
| DalaNews

Жақсы өмір іздеген қазақтар шетелге көшіп жатыр

Қазақтар қыр асуда. Биыл жыл басынан бері 9 айда 21 мың адам шетелге көшсе, былтыр 43000 адам буынып-түйініп елден кеткен. Орыс, украин мен немістің тарихи отандарына қоныс аударуы заңдылық. Ал осылардан кейінгі орында қазақтар тұр. 37 пайыз. Шетелге көшіп кеткен сол 37 пайыздың басым бөлігі 25 пен 37 жас аралығындағы жастар екен, деп хабарлайды Dalanews.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Адам жүрген жер ақша. Бұл дегеніңіз, Қазақстаннан қыруар қаражат қыр асып жатыр деген сөз. Мысалы, мемлекет оны оқытады, тоқытады, бала-бақшадан бастап, мектеп, университетте білім береді. Ал сол талай жылғы инвестицияны қайтаратын уақыт келгенде көшеді де кетеді. Алмақтың салмағы бар екенін біле тұра өзге елдің экономикасына жұмыс істейді. Әрине бұл көштің объективті себептері де бар.

Атыраулық Фатима Аманжолдың Түркияға көшіп кеткеніне бес жылдан асыпты. Жат жердегі өмірі өзіне ұнайды. Шет елде жеңіл өнеркәсіп саласында қаржыгер болып жұмыс істейді. Докторантурадағы оқуын қызметімен ұштастырып жүр. Бұйырса алдағы жылы Стамбулдан баспана аламын, дейді.

Фатима Аманжол, Стамбұл қаласының тұрғыны:

Түркияда тұратын қазақтар өте көп. танитын қазақтарым өте көп. Олар да осы жақта жұмыс жасасам, оқысам деген ниетпен келген қазақатар. Соңғы уақытта Туркияға қызығушылық өте артуда. Қазақстанда да, Түркида да өмір сүру оңай. Аса бір айырмашылық байқамадым. Өзіңіздің қабілетіңізге қарай оңай да қиын жақтары бар, бірақ менің Қазақстандағы өмірім де, Түркиядағы өмірім де ұнайды. Мүмкін болашақта елге қайтып қалармын, мүмкін осы жерде қалармын, оны бір Алла біледі.

Әлеуметтік желідегі парақшасы Қазақстанға деген сағынышқа толы Аида Сатыбалдинова кәсіби боксшы. Елде жүргенде аса жетістікке жетпеген қыздан бапкерлер теріс айналғанда, ол Америка асып кеткен. Бірнеше жыл қажырлы еңбектенудің нәтижесінде жуырда ғана әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Өз елімде спорт саласындағы былықтардан шаршадым деп сұхбат беріпті боксшы қыз.

Ресми статистикаға сүйенсек, биылғы жылдың тоғыз айында Қазақстаннан 21 мыңнан астам адам шетел асып кеткен. Эмигранттардың орта жасы 25-37 арасы.

Тұлға болып қалыптасқанша мемлекет оларды балабақшада тәрбиеледі, мектепте тегін білім берді, жоғары оқу орнында грантқа оқытты. Қарапайым арифметикаға жүгінсек, бір адамға шамамен 10 миллион теңге жұмсады. Енді осы соманы елден биыл кеткендердің санына көбейтсек, бақандай 210 миллиард теңге шығын келіпті мемлекетке. Бұл карантиндегі тәубесі. Былтырғы көрсеткіш жарты триллион еді. Сайып келгенде бюджеттің бұл қаржысы сіз бен біздің қалтамыздан салық есебінен шыққан ақша. Өзге елге дайын кадр болып барған эмигрант, әрине, сол жердің көсегесін көгертеді. Экономика тілімен айтсақ, эмигрант-тиімді тауар.

Дамушы елдерден дамыған елдерге жақсы өмір іздеп кететін мигранттар сол жерді барып байытады екен. Мысалы көшпенділер жылына АҚШ экономикасына 2 триллион доллар, Германияға 550миллиард, Австралияға 330 миллиард доллар табыс әкеледі. Әлем мигранттары жалпы жер шары халқының 4-ақ пайызын құраса да, олардың дүниежүзілік жалпы ішкі өнімдегі үлесі бақандай 10 пайыз.

Карантинге қарамастан, эмигранттар саны бойынша Қазақстан ТМД елдері бойынша бірінші орында. Салыстыру үшін айтайық, экономикасы бізден әлдеқайда төмен санаталатын Қырғызстанның өзінде мигранттар саны 7 есе кем. Отандастырымыз көбіне Ресей, Германия және Израильге қоныс аударыпты. Ол түсінікті де. Бұл елдерге тарихи отаным деп репатрианттар көшеді. Ал қаракөздер болса Түркия, Канада, Корея және Американы жағалайды екен.

2014 жылы шетел асқандардың саны 12 мың болса, былтыр бұл көрсеткіш 43 мыңнан асқан. Стратегиялық қоғамдық қорының есебінше олардың 52 пайызы орыстар, екінші орында украиндар және немістер. Жә олардың тарихи отандары бар, және негізінен көштің басын солай бұратыны анық. Ал қыр асатындардың 37 пайызы қазақтар екен. Үдере көшетіндей себеп бар ма? Әлеуметтанушылардың айтуларынша себеп бар.

Қамажан Жұмақасова, әлеуметтанушы:

Көптеген зерттеулерге сүйенетін болсақ, материалдық, тұрмыстық жағдай, экономикада болып жатқан қайшылықтар мен қиындықтар. Бұл өмір, бұл үрдіс бұл процесс қой. Теңгенің тұрақсыздығын айтады. жұмыспен қамтудағы мәселе, еңбекақының мөлшерінің төмен екендігін айтады. Өз мамандығы бойынша жұмыс табу жағын айтады.

Психологтердің айтуынша, шетелге қоныс аударуға бел буғандардың дені өзін өзі тәрбиелеп, терең білім алған, алға қойған мақсатына жете білетін табанды да қажырлы жандар. Мұндай тұлға өз елінде де жетістікке жететіні анық, алайда олардың амбициясына Қазақстан жауап бере алмайды ма деп қалдық. Адамның таңдау құқығын шектейтін емес, себеп түсінікті, салдар ше?

Мақсат Халық, экономист:

Кетіп жатқан мамандардың категориясына қарасақ , бірінші кезекте техникалық мамандар, қаржыгерлер, мұғалімдер мен дәрігер мамандар кетіп жатыр. Осы тенденцияға қарайтын болсақ, бұл азаматтар экономиканың негізгі қозғаушы күші. Әсіресе, техникалық мамандардың экономикаға әсері көп. Цифрлық ақпараттандыруда ролі ерекше. Мұндай мамандардан айрылып жатқанымыз тез арада экономиканы әртараптандыруға кері әсер етеді, қаржы саласындағы мамандар кетіп жатса, қаржы банк саласы құлдырайды.

Қазақ өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол дейтін еді. Өкініштісі сол, бұл нақылдың өзектілігі жойылып бара жатқан сияқты. Жұрт ұлтан болғысы жоқ. Сонымен, елден кетудегі басты себептердің ішінде әлеуметтік-экономикалық жағдайдың төмендеуі, өзге ұлт үшін тіл білмеудегі психологиялық дискомфорт, саяси ахуалдың тұрақсыздығы, өзге елдер тарапынын да белсенді шақыртуларды атап өтуге болады екен. ал қарапайым тілмен айтсақ биылғы пандемия елде білім, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту сынды қара халыққа өзекті болатын салалардың дамымағанын ашып көрсетті. Бала шағасының ертеңін ойлайтын интеллегентті азаматтың өз еліне сұлтан болуын бөгейтін бұл факторлар өзге жерде ұлтан болуға итермелейтіні анық та.

Тағы оқыңыз:

Сатқындық? Мен тіпті туыс-туғанды да аяған жоқпын – Назарбаев