Алматыда блок бекетті ойрандаған экс-полицейге үкім шықты

Dalanews 20 қаз. 2020 07:25 225

Экс-полицей Азат Азаматовты 10 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім оқылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

- 1994 жылы туған Азаматов кінәлі деп танылып, орташа қауіпсіздік колониясында 10 жылға бас бостандығынан айырылсын, - деді судья Мәди Көшікбаев.

Сонымен бірге, сот шешімімен Азат Азаматов қайтыс болған полицейлердің туыстарына моральдық және материалдық шығынын өтеуге міндеттелді.


Азаматовтың өзі сотта болған жоқ. Ол үкімді видеоконференцбайланыс арқылы тыңдады.

Сот Азат Азаматовты жәбірленушілерге 66,2 миллион теңге көлемінде өтемақы төлеуге міндеттеді.

Сот қылмыскерді Алматы полиция департаментіне келтірілген материалдық шығын (сынған полиция автокөлігі) үшін 5,4 миллион теңге төлеуге міндеттеді.

Жәбірленуші Динара Аманның пайдасына сотталушы бір миллион теңге моральдық шығын төлеуге және баласы 18 жасқа толғанға дейін 36 миллион теңге төлеуі тиіс.

Марқұм полицейдің әкесінің пайдасына Азаматов бір миллион теңге моральдық шығын және 2,8 миллион теңге материалдық шығын төлейді.

Қаза тапқан екінші полицейдің жесірінің пайдасына ІІМ экс-қызметкерінен оның үш баласы 18 жасқа толғанға дейін 15 миллион теңге өндіріп алады. Сондай-ақ, әйелге 5 миллион моральдық шығын өтеледі.

25 мамырда Алматының Қарасай ауданында мас жүргізуші көлігімен блок бекеттегі бетон қоршауға, сосын патруль көлігіне соғылған болатын. Оқиға салдарынан екі полицей қаза тауып, үшіншісі ауруханаға жеткізілген.

BMW жүргізушісі Азат Азаматов – бұрынғы полиция қызметкері болып шыққан.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x