Короновирустан қайтқандардың санын жасанды түрде көбейтіп отыр

Dalanews 25 сәу. 2020 08:46 245

Ағамыз науқастанып, оңала алмай жүргеніне жарты жылға жуықтаған. Диагнозы да жақсы емес. Бауыр циррозы.

Бірнеше күн бұрын қан қысымы төмендеген соң баласы жедел жәрдем шақыртқан екен. Сонымен бәрі бітті. «Науқасының жағдайын өзіміз білеміз, ауруханада жатпай-ақ қойсын» – дегенімізге дәрігерлер көнбей қойды.

Әншейінде «Біреулер ауруханаға жата алмай жүр екен немесе нашар, алып кетіңдер депті» – дегенді еститін едік. Жоқ жабысып айырылмады. Ағамыздың халін, диагнозын көріп қуанып кеткен болуы керек: «Короновирусқа бір клиент табылды» – деп. Қолды-аяққа тұрғызбай, ана ауруханаға бір апарып, мына ауруханаға бір апарып, ақыры короновирус қылып шығарды. Содан бауырымызды көрмедік. Бертінге дейін шамалап тамақ ішіп, кіріп-шығып жүрген, көңіл-күйі де жаман емес еді, «Екі аптасы өтсе, шығарады ғой» – деп үміттеніп жүргеміз, кеше таңда бақилық болғанын есіттік.

 

Мәйіт берілмейді, сағат сегіз жарымда Қалқаманның мәйітханасынан полигонға алып кетеді, неше метр жерде тұрып қоштасуға екі адамға ғана рұхсат дегенді естіп, жан ұшырып молда тауып, Қалқаманға жеттік. Сол жерде жаназасы шығарылды. Жәшікке салып, жәшіктің бетін шегелеп тастаған екен, жүзін де көре алмадық. Мәйітті арнайы машинаға салды, бізге бір машинамен арттарынан жүріп отырып баруға рұхсат етті. Қабірді қазып дайындап қойған екен. Ақым жоқ, шамамен 1,5 метр тереңдікте қазылыпты.
Табыт қабірге түсірілген соң үстіне екі мешок хлор төкті.



Бұл не? Адам қайтып кетті, оны дезинфекцияладың, матаға орадың, сыртынан целофанға орадың, оны жәшікке салып шегеледің. Қабірге жәшігімен салдың, енді оның үстіне екі мешок хлор төгіп не керек? Осындай шешім шығарып отырғандардың беттеріне де екі мешок хлор төгілуін тілеймін! Осы шешімді шығаруға дін өкілдері де қатысты, осыдан кейін оларға қандай құрмет?

 

Жолдың сол жағына мұсылмандар, оң жағына христиандар жерленетін етіп шешіпті. Біз бауырымызды жер қойнауына тапсырып жатқанда оң жақта 74 жастағы бір қарияны жерлеп жатты. Осы короновирус болмағанда да ол қарияның ертелі-кеш дүниеден өтетіні хақ еді. Осы короновирус болмаса да диагнозы аса жақсы емес біздің бауырымыздың да ертелі-кеш дүниеден өтетіні хақ еді.

Осындай жағдайдың бәрін билік арсыздықпен пайдаланып, короновирустан қайтқандардың санын жасанды түрде көбейтіп отыр. 74 жастағы қария христиандардан 8-адам болып, менің бауырым мұсылмандар жағындағы 4-адам болып жерленді. Қайтыс болған адаммен қоштасу, оны арулап жерлеу адамзат баласына тән мәдениеттің, құндылықтың бірі. Осыны қазіргі билік аяқ асты етіп отыр.

Қайтыс болған адамға, ұлттың салт-дәстүріне деген бір тамшы да сый-құрметтері жоқ, іс-әрекеттерінің барлығы өтірікке, көзбояушылыққа құрылған осы биліктің тарих сахнасынан тезірек кетуін тілеймін. Осы фарсты қолдап, оның қатысушысы болып отырғандардың да құдай бар болса, жазасын беретін шығар.


Біріміз үшін әке, біріміз үшін бауыр болған адам қазіргі өкімет үшін статистикалық көрсеткіш, бір сан, нөмір ғана болды.
Бұл – дұрыс ойлау қабілетінен айырылған билік. Сауатсыз, әрі адамгершіліксіз адамдар тобына үлкен мемлекеттік машинаны беріп қойып отырмыз. Өздерінің қолындағы мемлекеттік машинаны біздің құқымызды таптау үшін, біздің ар-намысымызды қорлау үшін қатігездікпен қолданып отыр. Биліктің осындай біліксіз әрекеттерінен бірте-бірте бәріміз оппозицияға айналатын шығармыз. Короновирус таппай қақтығып отырғандар…

Жазба Лязат Дуйсембекованың Facebook парақшасынан алынды

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x