Назарбаева: "Полицияға қарсылық көрсету? Мұның жолын кесу керек"

Dalanews 20 сәу. 2020 10:08 179

Дариға Назарбаеваның төрағалық етуімен Парламент Сенаты Бюросының отырысы өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бюро отырысында сөз алған Дариға Назарбаева Палата отырысының күн тәртібіне енгізілген заң жобалары біздің мемлекет пен қоғам үшін аса маңызды екенін атап өтті. Соңғы жылдары азаматтарымыз көтеріп жүрген көптеген мәселелер осы жаңа заңнамалық актілерде көрініс тапты.

"Біз сонымен бірге бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заң жобасын да қараймыз.

Бұл заң жобасы елімізде жиналыстар мен митингілер ұйымдастыру, өткізудің қазіргі практикасын түбегейлі түрде өзгертеді.


Жоба азаматтардың құқықтарын, митингілер өткізу кезіндегі жауаптылықты оңтайлы ұштастыруға бағытталған және тұтастай алғанда халықаралық стандарттарға сәйкес келеді", - деді Д.Назарбаева.

Сенат Төрағасы Д.Назарбаева Бюро отырысын қорытындылай келіп, елімізде коронавирус жұқтырғандар саны артып, үдемелі кезеңге жетуіне байланысты төтенше жағдай тәртібінің 1 мамырға дейін ұзартылуы қажетті шара болғанын атап өтті.

"Бүгіннен бастап Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы кейбір кәсіпкерлік субъектілері санитарлық-эпидемиологиялық шараларды сақтай отырып, жұмыстарын бастайтын болады. Осыған байланысты кәсіпорындар қызметкерлерін жұмысқа шығаруға дайын ба? - деген сұрақ маңызды болып отыр. Олар өз ұжымдарына қауіпсіздік пен гигиена сақтауға қажетті барлық жағдайды жасай ала ма?" - деді Д.Назарбаева.

Д.Назарбаева әкімдіктер берген ақпараттарға сәйкес, орталық пен жергілікті жерлердегі жұмысты үйлестіру нашар екенін, келісу мен мәселені шешуге көп уақыт кететінін атап өтті.


Сонымен қатар, Сенат басшысы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған журналистер, дәрігерлер, полиция мен әскери қызметкерлердің, еріктілердің қатысуымен орын алған келеңсіз көріністерге де тоқталды.

"Бүгінгі таңда дәрігерлер де, журналистер де алғы шепте қызу еңбек етіп жатқанын еске салғым келеді. Олар ықтимал қауіп-қатермен күнде бетпе-бет келсе де өздерінің кәсіби борышын адал атқарып жүр. Сондықтан оларға құқықтық қорғау мен адами қолдау аса қажет", - деді ол.

Дариға Назарбаева қазір кінәліні іздемей, түсінбеушіліктерді өршітпей, өзекті мәселелерді бірігіп шешіп, ынтымақпен жұмыс істейтін, бір-біріне көмектесетін уақыт екенін атап өтті.

Бұл ретте құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне бағынбау, әсіресе полицияға шабуыл жасау немесе қарсылық көрсетудің жолын кесу керек. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері өз өкілеттіліктерінің аясында ғана әрекет етуі, сыпайы, әдепті болуы тиіс.

"Қазір бәріне де қиын, бірақ бір-бірімізге жәрдемдесіп қана осы жағдайдан тезірек шыға аламыз", - деп атап өтті Д.Назарбаева.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x