"Төлемді 90 күнге шегереміз". Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі басшысы мәлімдеме жасады

Dalanews 26 нау. 2020 13:39 214

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі төтенше жағдай режимінде клиентке арналған 7 қадам туралы айтты деп хабарлайды Dalanews.kz.

Уақытша қаржылық қиындыққа ұшыраған азаматтарға Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 2020 жылғы 16 наурыздан кейін өтелуі тиіс төлемді 90 күнге шегеруге мүмкіндік бермек. Шегерілген төлемге негізгі қарыз да, несие сыйақысы да кіреді. Бұл банк клиенті жазған өтініштің негізінде жүзеге асырылады.

Өтініште кейінге шегерудің не себепті қажет болғанын көрсету керек, бірақ банк қосымша растау құжаттарын талап етпейді.


Төлемді кейінге шегеру мүмкіндігі автоматты түрде беріледі.

"Алайда өтінішті дәл осы сәтте берудің қажеті жоқ, оны кейінірек жасайсыз. Қазір үйде отырғаныңыз жөн.

Төлемді шегеру туралы өтініш Төтенше Жағдай аяқталған соң, яғни 2020 жылғы 15 сәуірден бастап интернет-банкинг арқылы қабылданады. Барлық өтініш мақұлданады.


Шегеруді 2020 жылғы 16 наурыздан кейін өтелуі тиіс төлемдерге қатысты қолдануға болады. Онлайн-өтініш беру кезінде 2020 жылдың 16 наурызындағы жағдай бойынша уақтылы өтелмеген несие төлемі болмауы керек екенін ескеріңіз.

Үйден шықпауды және уайымдамауды өтінеміз, себебі төлемді кейінге шегеру несие мерзімін 3 айға ұзарту арқылы жүреді. Бұл сізге ай сайынғы төлем көлемін қалыпты деңгейде ұстап қалуға көмектеседі", - дейді банк төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Оның атап өткеніндей 2020 жылғы 16 наурыз бен 16 маусым аралығында уақтылы өтелмеген төлемдер бойынша айыппұл және өсімпұл қосылмайды.

"Осы үш ай ішінде негізгі қарыз бен сыйақыны өзіңізге ыңғайлы уақытта ыңғайлы күні толық өтесеңіз, төлемдерді кейінге шегеру туралы өтініш бермей-ақ, қолайлы несие өтеу кестесін таңдап, айдың кез келген күнінде қарызды өтей аласыз. Мұны үйден шықпай-ақ онлайн жасауға болады", – дейді ол.

Сонымен қатар 2020 жылғы 30 наурыздан бастап карантин аяқталғанша Қазақстан аумағындағы барлық филиалда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі клиенттерге қызмет көрсетудің жаңа нұсқасына өтеді. Бөлімшелерде несие өтініштерін қабылдау, посткредит және постдепозит операциялар уақытша тоқтатылады.

Азаматтар Банкке келіп, тек екі операцияны қолдана алады: депозитті бөлу/тоқтату арқылы ақшаңызды алу, сондай-ақ заемның бір бөлігін жабу немесе оны толықтай өтеу. Бұл операцияларды пайдалану үшін клиентке банк сайтындағы онлайн-брондау арқылы алдын-ала жазылу керек.

"27 наурыз 18.00-ге дейін берілген және мақұлданған барлық несие өтініші клиентті телефонмен жеке хабарласып шақыру арқылы берілетін болады. Қазір біз 1000 шамасындағы несие өтінішін қарастырып жатырмыз, 200 өтініш берілу кезеңінде.

Карантин аяқталғанша сатып алу-сату мәмілесін жасаспауға шақырамыз, алайда ауырып қалу қатерінен де жоғары тұрған дүниелер болса, несие өтінішіңізді қарастырып, соңына дейін жүргізіп береміз.

Несие өтеу және депозит толықтыру сізге ыңғайлы болуы үшін қаладағы карантин режимінде ашық тұрған орындарда орналасқан төлем терминалдары істейді. Алайда сауда-ойын орталығы мен базар іздеп қалада жүрмей, төлемді ЖССБ 24 интернет-банкингі арқылы жүргізуге шақырамыз. Мұнда сіз кез келген банктің төлем картасын қолдана аласыз", – дейді банк басшысы.

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x