Назарбаева: "Алматыға 500 мың адам келіп-кетіп істейді. Шешім қабылдау қажет"

Dalanews 19 нау. 2020 11:01 220

Сенат Төрағасы Дариға Назарбаева депутаттарды төтенше жағдай кезеңіндегі Сенат жұмысының регламенті туралы құлағдар етті деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Атап айтқанда, төтенше жағдай болған кезеңде барлық іссапарлар мен жоспарлы көпшілік іс-шаралары тоқтатылады. Заңдар бойынша жұмыстар жалғаса береді. Бұл ретте депутаттарға палата мен комитеттердің отырыстарына шақырылғандардың санын мүмкіндігінше шектеу ұсынылып отыр.

Аппараттың 70-тен астам қызметкері үйден істейтін жұмыс тәртібіне көшірілді, қалған қызметкерлер үшін қысқартылған жұмыс күні белгіленді. Сенат ғимаратында күніне бірнеше мәрте қажетті санитарлық-эпидемиологиялық жұмыстар жүргізілуде.

"Мемлекеттің міндеті - азаматтарымыздың өмірі мен денсаулығын сақтау, экономика мен тұтыну нарығының жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Жұқпалы дертпен нәтижелі күресу үшін ерік-жігер мен шешімді болу керек. Дегенмен сақтық та керек. Бізге ертеңгі күнге сеніммен қарап, бойымыздағы үрей мен күдіктен арылу қажет. Біз – талай сында шыныққан мықты халықпыз. Біз бәрін жеңеміз", - деді Д.Назарбаева өз сөзінде.

Сенат басшысы азаматтардың жұмыспен қамтылуы мен табыстары мәселесіне бөлек тоқталды.


"Төтенше жағдай мен карантин, өкінішке орай, іскерлік белсенділікті баяулатуға алып келеді. Көптеген адамдар уақытша жұмыссыз ғана емес, сондай-ақ өмір сүруге арналған қаражатсыз да қалуы мүмкін.

Алматы қаласында тұрақты немесе уақытша жұмыс істейтін Алматы облысының тұрғындары жөніндегі мәселелер бар екені бізге белгілі. Бұл 500 мың шамасындағы адам, оларға отбасы мүшелерін қосыңыз, біз проблеманың ауқымын тиісті мөлшерде көре аламыз.


Мемлекеттік органдар, депутаттар бұл жағдайға баса назар аударуы тиіс деп есептеймін. Қалыптан тыс, батыл шешімдер қажет", - деді Д.Назарбаева.

Сенат Төрағасының айтуынша, "жұқпалы дертпен нәтижелі күресу үшін ерік-жігер мен шешімді болу керек. Дегенмен сақтық та керек".

Сенаторлар отырыс соңында депутаттар мен Сенат аппаратының бір күндік еңбекақысын вируспен күрес қорына аудару туралы шешім қабылдады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x