Қоғам белсендісі Владимир Божконы сотқа берді

Dalanews 10 нау. 2020 04:33 303

Қоғам белсендісі, Әлия Садырбаева Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Владимир Божконың үстінен Нұр-Сұлтан қаласының Есіл ауданының 2 сотына шағым түсірді, – деп хабарлайды Dalanews.kz zhasalash.kz-ке сілтеме жасап.

Әлия Садырбаева  депутат  Владимир Божконы «халыққа тіл тигізді» деп есептейді.  Қазақстан Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Владимир Божко 2019 жылы 3 қыркүйекте Қазақстан халықтары Ассамблеясының отырысынан кейін тілшілерге берген сұхбатында «Үш жылдың ішінде әлеуметтік көмек 17 есе өскен. Осыдан-ақ түсінуге болады. Бұл үшін мемлекетке тізерлеп, алғыс айту керек» деген болатын. Айта кету керек, Мәжіліс төрағасы орынбасарының бұл пікірі әлеуметтік желіде көп талқыланып, жұрт оған наразы пікір білдірген еді.

Әлия Садырбаева депутаттың халыққа қаратып бұлайша пікір айтуы орынсыз екенін айтуда. Бүгінде Есіл ауданының 2 соты Әлия Садырбаеваның арызын ҚР Бас прокуратурасына жіберген.

Сот  «Садырбаева Әлия Болатбекқызының ҚР Парламент мәжілісі төрағасының орынбасары В.Божконы ҚК 131 - б, 2 - б, сай қылмыстық құқық бұзушылығы үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы жеке арызын тергеудегі кісі бойынша Қазақстан республикасының Бас прокуратурасына жіберіледі» деген қаулы шығарған.


Қарағандылық белсенді Әлия Садырбаева  Владимир Божко бұл қылығы үшін Қазақстан халқынан кешірім сұрауы тиіс, әрі қызметінен кетуі керек деп есептейді.

Арайлым ЕРКЕБАЕВА

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x