Тұрғымбаев: "Митинг? Алдымен билікке хабарлаңыз. Келетін адамның санын айтыңыз"

Dalanews 04 нау. 2020 07:31 192

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев 1 наурыз күні елімізде "заңсыз митингілер" өткізуге тырысқан 80-ге тарта адамның ұсталғанын мәлім етті, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

«Бас прокуратураның бірнеше мәрте жасаған ескертуіне қарамастан, кеше азаматтардың бір бөлігі тыйым салынған экстремистік ұйым ұсынған орындарда санкцияланбаған митинг өткізуге тырысты. Сол үшін полиция қоғамдық тәртіптің бұзылуын алдын алу шараларын жүргізді.

Осылайша, ішкі істер органдарына, полиция органдарына 80-ге тарта азамат жеткізілді. Профилактикалық жұмыстардан кейін бәрі үйіне жіберілді.


Төрт адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды – бірі айыппұл арқаласа, үшеуі қамаққа алынды. Олардың екеуі полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсетсе, біреуі санкцияланбаған митинг ұйымдастырғаны үшін ұсталды», - деді Ерлан Тұрғымбаев бүгін Үкімет отырысынан кейін тілшілерге.

Министр өз сөзінде азаматтар үш сағаттан артық ұсталмағанын айтады.

«Бізде бейбіт жиындар, шерулер мен демонстрациялар туралы заң бар. Ол жерде талаптар нақты жазылған. Бейбіт жиын өткізгісі келетін азаматтар атқарушы билік органдарына өтінім беріп, рұқсат алып, орыны, уақыты мен келетін азаматтар санын айқындауы керек. Бұл жағдайда ол шаралар жасалмаған, өтінім берілмеген. Оның үстіне Бас прокуратураның 1 наурызға байланысты ескертпесі бар. Сондықтан жиын заңсыз болды», - деді ол.

Еске салайық, 28 ақпан күні ҚР Бас прокуратурасы қазақстандықтарға үндеу тастап, заңсыз митингілерге қатыспауға шақырған еді. 


«Әлеуметтік желілерде заңсыз наразылық акцияларын өткізуге шақырулар таратылуда. Бұл ретте шындыққа жанаспайтын, оның ішінде әлеуметтік және ұлттық алауыздық пен араздықты қоздыру белгілерімен ақпараттар орналастырылуда. Заңсыз көпшілік іс-шараларды ұйымдастыру және оған қатысу Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабы бойынша жауаптылыққа әкеп соқтыратынын еске саламыз. Осы әрекеттермен азаматтардың, ұйымдардың, қоғамның немесе мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірілген жағдайда Қылмыстық кодекстің 400-бабы бойынша жауаптылық көзделген.Әлеуметтік және ұлттық араздықты қоздыру, көрінеу жалған ақпарат таратуға жария түрде шақыру заңмен тыйым салынған және мұндай әрекеттер қылмыстық тәртіпте қудаланатынына назар аударамыз (ҚК 174 және 274-баптары)», - делінген мәлімдемеде.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x