Жер дауы. Әкімдер Тоқаевқа жалған ақпарат берген

Dalanews 17 ақп. 2020 05:51 331

Бұған дейін жерді әкімдіктер жанындағы жер қатынастары басқармалары таратып келген. Енді ел басшылығы жерді пайдалану мен қорғауды бақылау функцияларын Үкіметке алып қою туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды dalanews.kz inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.

Бұл өкілеттік жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті органға тапсырылады. Осы мақсатта болашақта тіпті жеке агенттік құрылуы да мүмкін. Мысалы, 2005-2013 жылдары елімізде Жер ресурстарын басқару агенттігі қызмет атқарғаны мәлім. Әзірге функциялар Ауыл шаруашылығы министрлігіне беріледі.

Әкімдердің жерге қатысты қарекеті орталық биліктің көңілінен шықпай тұр. Егер оқиғаның өрбуін осы бетімен жібере берсе, 2016 жылғы жерге қатысты наразылық шаралары қайта туындауы ықтимал.


Бас прокуратураның Премьер-министр Кеңсесіне жолдаған ақпаратына жүгінсек, жерге қатысты 35 мың 403 бұзушылық әшкереленді. Прокуратура пайдаланылмайтын 9,6 млн гектар ауыл шаруашылығы жерін тапқан. Оның қожайындары жерді не өзі іске жаратпайды, не басқа аграршыға бермейді. Нағыз "шөп қорыған иттің" кебі.

Алайда осы іске тікелей жауапты әкімдіктер ел басшылығын мүлдем басқа ақпаратпен "қоректендіріп" келген.


Облыстар мен қалалардың жауапты органдарының дерегінше, 2019 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша елімізде жалпы алғанда, небәрі 2,2 млн гектар ауыл шаруашылығы жерінің пайдаланылмайтыны анықталыпты.

Коммерциялық мақсаттағы жер учаскелері бойынша ұқсас жағдай қалыптасуда. Бас прокуратура 39,7 мың гектар жер мақсатына жұмсалмай бос жатқанын айтса, әкімдіктер ондай жер көлемі бар-жоғы 16,8 мың гектар деп отыр. Бірақ шынында, бір ғана елорданың өзінде бес жүзге жуық жер телімі сыртынан қоршалғанымен, ішінде құрылыс жұмыстары басталмай жатқаны белгілі.

Бас прокуратура пайдаланылмайтын жерлердің көлемі жыл сайын ұлғайып келе жатқанын айтып, дабыл қақты.


Ал жергілікті биліктің есебіне сенсек, "ондай жерлерді анықтау және алып қою жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілуде" және "пайдаланылмайтын жерлердің көлемі керісінше, жыл сайын азаюда".

Биліктің қос құрылымы осылай бір-бірінің мәліметін жоққа шығарумен шұғылдануда.

Осыған орай Нұр-Сұлтаннан жіберілген тексерушілер әкімдердің көркем есептері қалай пайда болатынын білді.


Осыдан төрт жыл бұрынғы жерге қатысты шерулер басылғасын, жергілікті әкімқаралар жағасы жайлауда күйіне қайта түссе керек, бақылауды босаңсытқан.

Мәселен, 2013 жылдың көрсеткіштерімен салыстырғанда 2019 жылы жерді пайдалану мен қорғау саласында әкімдіктер жүргізген тексерулер саны 2,6 есеге азайып кетіпті. Анықталған жөнсіздіктерді жою, яғни нәтиже 4,5 есеге төмендеді. Жер алғандарды іріктеп тексеру де қысқартылған. Ол тек 4 облыста ғана жүргізіліпті. Бұл, әрине, үлкен жөнсіздік. Өйткені жер дауына орай көшеге шыққан халыққа билік енді жер мықты бақылауда болатынына уәде еткен болатын.

Бірақ қазірге дейін көптеген ауданда ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын тиісті мамандар штатқа қабылданбапты.


Ал жер мәселелеріне қатысты шағым көлемі еселеп артуда: 2018 жылы АШМ-ге 1613 шағым түссе, 2019 жылы бұл көрсеткіш 3614- ке жетті.

"Ел Президентінің 2014 жылғы 25 тамыздағы жарлығымен жерді пайдалануды бақылау және қорғау функциялары жергілікті атқарушы органдарға берілген еді. Бүгінде сол қадам тиімсіз болғанын тәжірибе көрсетті. Осы мәселе Парламент депутаттарының, "Атамекен" палатасының қатысуымен өткен Жоғарғы сот жанындағы жұмыс тобында көтерілді. Осыған байланысты Жоғарғы сот 2019 жылғы 27 мамырда Үкімет басшысының орынбасары атына хат жазып, онда жер заңнамасына өзгерістер енгізуді, аталған функцияларды әкімдіктерден алып, орталық уәкілетті органға беруді ұсынды", – деп түсіндіреді АШМ.

Бұдан бөлек, 2019 жылғы шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа хатында Бас прокуратура да дәл осындай ұсыныспен шықты.

Әкімдер үмітті ақтамады. Өкілеттікті олардан орталыққа кері қайтару биыл қабылдануға тиіс "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасы арқылы жүзеге аспақ.

Салаға қатысты басқа да жаңалықтар сонда көзделген. Мысалға, пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге салынатын салықтың базалық ставкасы 20 есеге дейін ұлғайтылады.

Президент Қ.Тоқаевтың жарлығымен 2020 жылғы 1 қаңтардан 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін шағын кәсіпкерлік нысандарын тексеруге және профилактикалық бақылау мен қадағалауды барып жүргізуге тыйым салынды. Құрылыс компанияларының кейбірі жұмысшыларын аутстаффингке беріп, өздері шағын кәсіпкерлік ретінде тіркелген. Демек, олардың қоршалған жерін барып тексеруге болмайды. Бұл тығырықтан спутник құтқармақ. Заң жобасына сәйкес, әкімдіктер мен бақылаушы органдар енді ешқайда бармай, ғарышта жүрген Жерді қашықтықтан зондтау жер серігінің түсірілімдері негізінде-ақ пайдаланылмаған жерге қатысты жалдау шартын бұзып, кері тартып алатын болады.

Жерлерін мемлекет алып қойған кәсіпкерлер мен құрылыс компанияларына қатысты өзіндік бір мораторий енгізіледі. Оларға бес жыл бойы ешқандай жер берілмейді. Бұл жер пайдаланушылардың жауапкершілігін арттыру үшін жасалып отыр. Осы мақсатта "жер учаскелері мәжбүрлеп алып қойылған тұлғалардың тізілім-реестрі" кеңейтіледі. Ол "қара тізімге" жер учаскелерін жалдау шарттары бұзылған тұлғалар да қосылады және 5 жыл бойы сонда тұрады. Нәтижесінде, тізілімдегі жеке және заңды тұлғаларға осы 5 жыл ішінде жер учаскелерін беруге тыйым салынады.

Жерді бақылау және қорғау функцияларымен бірге әкімдіктерден АШМ-ге 280 штаттық бірлік те қоса беріледі. Бұл министрлік өз құрылымына және аумақтық бөлімшелеріне сонша маманды жұмысқа алу үшін керек. Осы шара 2020 жылғы сәуірге жоспарланып отыр.

Министрліктің мәліметінше, жерді қорғауға жауапты 280 маманның жалақысына 2020-2022 жылдары 3 миллиард 457,3 миллион теңге қажет болады. Яғни, бір жылда 1 млрд 152,4 млн теңге жұмсалады.

Жанат Ардақ

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x