Қордайдағы жанжал кезінде келтірілген шығын көлемі анықталды

Dalanews 11 ақп. 2020 07:37 336

Жергілікті халыққа материалдық шығын заңға сәйкес шетінен төленеді. Бірақ ол үшін тұрғындардың құжаттары түгел болуы керек.




Жамбыл облысы Қордай ауданында болған оқиға салдарынан шамамен 1 миллиард 7 миллион теңге шығын келген. Сарапшы мамандар үш күн бойы мүліктерді санап, зерттеп, зерделеп осындай қорытынды шығарды. Енді бұл материалдық шығын заңға сәйкес шетінен төленеді, деп хабарлады "Хабар-24".

Бірақ ол үшін тұрғындардың құжаттары түгел болуы керек. Бұл бағытта мобильді халыққа қызмет көрсету орталықтары жергілікті жерде жұмыс істей бастады.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Армысыздар! Міне мынау Сортөбе ауылы әкімдігінің ғимараты. Мамандар тұрғындарды осы жерде қабылдайды. Таңғы сағат 9-дан кешкі 19:00-ге дейін үзіліссіз жұмыс істейді. Қазір қолдарында мүлік иесі екенін растайтын құжаты жоқ адамдар бар.

Тұрғындардың айтуларынша, көпшілігі құжаттарын жанжал кезінде жоғалтқан. Олардың құжаттары талапқа сай болмаса өтемақы толық берілмейді.


Қазір төтенше жағдай кезінде зардап шеккен азаматтармен жұмыс жасау мақсатында арнайы топтар құрылған.

Жұртқа ыңғайлы, әрі қолжетімді болу үшін Масаншы, Сортөбе, Бұлар батыр елді мекендерінде жылжымалы халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс істеп тұр. Мамандар жұрттың өтінішін тіркеп, осы жерде қабылдайды.

Бүгінгі күнге дейін 22 азаматқа жеке куәлік, 18 балаға туу туралы куәліктер берілген.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x