"Помпео бекер келмепті...". Мирзияев Мәскеуге барудан бас тартты

Dalanews 05 ақп. 2020 05:54 221

АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның Орта Азияаға сапары аймақтағы геосаяси ахуалға да біршама әсер еткендей.




 

"Помпеомен кездесуден кейін Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев бұдан бұрын жоспарланған Мәскеу сапарынан айнып қалды", – деп жазады журналист Ибраш Нүсіпбаев.

Өзбек басшысының Мәскеуге баратыны былтырғы жылдың қазанында белгілі болған. Алайда АҚШ-тың мемхатшысы жоспарланған дүниеге өзгеріс енгізген түрі бар. 


"Мирзияев бүгінге жоспарланған Мәскеу сапарынан бас тартты. Былтырдан бері дайындалып, пысықталған іс-сапарға ойда-жоқта бармайтын болып қалды.

Мирзияев Путинмен кездесуге тиісті еді. Екі ел басшысы саяси-экономикалық мазмұндағы бірқатар мәселені талқылаймыз деп сөз байласқан-тын.

Одақ бөлек осы кездесуде Өзбекстанның Еуразиялық одаққа өту мүмкіндігі іс-сапар жоспарына енген еді. Алайда АҚШ-тың мемлекеттік хатшысымен кездескеннен кейін Мирзияев жобаланған дүниені күрт өзгертіп, айналасы бір күн қалғанда Мәскеуге барудан бас тартты.

Путин мен Лавров мұны қалай бағалар екен? Өзбек басшысының аяқасты өзгеріп, достықтан шығатын сыңай танытқанына Мәскеу не деп жауап береді?", – дейді журналист.



Айта кетелік АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Өзбекстанды "адам құқықтары мәселесіндегі прогресі" үшін мақтап, екі ел арасындағы қарым-қатынасқа "тамаша әріптестік" деген баға берді.

Мемлекеттік хатшы Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасына "Өзбекстанның еркін әрі ашық қоғам мен халық алдында есеп беретін үкімет құруға бағытталған реформаларға ұмтылысын жоғары бағалаймын" деп жазды.


Помпео Өзбекстанға келер алдында Нұр-Сұлтанда аялдап, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен және оған дейін отыз жылға жуық ел басқарып, өткен жылы наурызда президенттік өкілетін мерзімінен бұрын тоқтатқан, бірақ әлі де билікке ықпал етіп отырған Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесті.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x