Жеңіс Қасымбек: "Қытай зауыттары? 20 мың жұмыс орны құрылады"

Dalanews 05 қыр. 2019 07:09 250

Үкіметбасының орынбасары Жеңіс Қасымбек елімізде Қытай зауыттары салынады деген гу-гу әңгіменің мән-жайын ашып айтты Dalanews.kz. 

"Бүгінгі күнгі индустрияландыру аясында жүзеге асыруды жоспарлап отырған қазақстан-қытайлық 55 бірлескен жобаға тоқтала кетсем деймін", - деді журналистермен жүздескен Қасымбек .

Мәминнің орынбасары, мұның су жаңа жобалар екенін баса атап өтті.
- Бұл зауыттар, кейбіреу айтып жүргендер қоршаған ортаны улайтын, ескі-құсқы емес, жаңа жобалар. Ресми түрде мәлімдеймін, елімізге көшірілгелі жатқан немесе ескі-құсқы зауыт деген сөз жоқ. Бұл жобалардың барлығы да су жаңа, - деп атап өтті ол.

Қасымбек осы сөзінің дәлелі ретінде бірнеше мысал да келтіре кетті.
- Иә, әр жоба бойынша нақты айғағым бар.  Мысалы үшін күні кеше Қапшағайда баламалы электр станциясы - күннен энергия алатын станция ашылды. Онда 30 адам жұмыс істейді, барлығы да қазақстандықтар, тың - жаңа өндіріс - бұл баламалы энергия көзі. Біз соған көшетін боламыз. Қазақстанда жыл соңына дейін жел мен күннен өндірілетін энергия қуаты 1000 мегаватты құрайтын болады. Бұл - жаһандық үрдіс, сондықтан біз одан бас тарта алмаймыз. Міне, осы секілді әрбір кәсіпорын бойынша толық ақпарат бере аламын, - деді ол.

Оның айтуынша, бұл ақпараттың барлығы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдарды дамыту министрлігінің ресми сайтында бар, сонда барлығы жарияланған.
- Бұл ақпараттар әлеуметтік желіде, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдарды дамыту министрлігінің сайтында тұр. Кем дегенде екі жыл бұрын жарияланған олар. Бұл арада жасырын дәнеме де жоқ.

Тағы бір айта кететін жайт, бұл жаңа технологиялар, бір елден екінші елге көшірілгелі жатқан "лас" кәсіпорындар немесе ескі кәсіпорындар деген жоқ. Барлық кәсіпорындар жаңа. Жалпылай алғанда, біз осы кәсіпорындар аясында 20 мыңға дейін жаңа жұмыс орнын ашуды жоспарлап отырмыз, - деп сөзін түйіндеді Жеңіс Қасымбек.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x