Сәтпаев: "Халық құрғақ уәдеге әбден тойды"

Dalanews 11 қаз. 2018 03:00 178

Саясаттанушы Досым Сәтпаев бұқараның биліктен әлдеқашан күдер үзгенін, құрғақ уәделер мен жалаң ұрандарға сенуден қалғанын айтып жоғарыдағы игі-жақсыларға бірқатар ақыл-кеңес беріпті. Мұны құлағына құятын атмінер мен олардың атқосшылары табылар қояр ма, бірақ?

  Сәтпаевтың сөзінше, өркениеттің көш басында тұрған 30 елдің қосынына ілінгісі келсе, билік өзінің халықпен жұмыс істеу тәсілін өзгертуі қажет.

«Сөз емес, әрекет керек. Билік нақты не бітірді осы күнге дейін? Халыққа пайдалы қандай қарекет қылды? Жұрттың жағдайын жақсаратын, тұрмысын түзейтін нендей шара қабылдады? Халыққа керегі осы», – дейді ол.

Айтуынша, дәл осы отыздықта жүрген елдердің басым көпшілігінде бір сөздің тоңын теріс аударып жыл сайын қайталай беретін «дәстүр» жоқ.

–  Дәл солай. Дамыған елдердің билігі жұртқа орындаған уәдесі, атқарған ісімен жағады. Халық құр сөзге алданбайды, себебі. Құр сөзді місе тұтпайды олар.


Бұларда «айтылған сөз, атылған оқ». Өзі сайлаған шенеуніктің сайлауалды уәделерін орындап, жарғақ құлағы жастыққа тимей жұмыс істеуін талап етеді. Биліктен болбыр сөз емес, болатын іс күтеді.

Сұралатын кез келгенде: «Өткендегі сертің қайда? Сайлау алдында берген уәдеңді неге создың? Сөздерің неге сұйылып кетті?» деп жағасынан алады, – дейді Досым Сәтпаев.

Оның пікірінше, жыл сайын бір мәселенің өңін өзгертіп, мың құбылтудың қажеті шамалы.

– Қайталай бергеннен мүйіз шықса, кәні? Мемлекеттік маңызы бар мәселелерді 3-4 жылда бір рет қорытып, қайыра оралып отырғанымыз жөн емес пе? Соның өзі жеткілікті емес пе? Одан да олардың орындалу барысын бақылайық. Халықтың ақшасы мен уақытын құр босқа шашқан мемлекеттің органдардың мәселесін май шаммен қарайық, – дейді саясаттанушы.

Ал Мемлекет басшысының бұл жолғы жолдауын Сәтпаев әдеттегі жолдаудан бөлек дейді.

– Маған салса мұны жолдау деп те айтпас едім. Президент Үкімет басшысынан бастап министрлерге дейін бір-бір сілкілеп алды. Кемшіліктері мен қателіктерін беттеріне салық қылып басты

Мұны жолдау емес, Мемлекет басшысы қатысатын Үкіметтің жұмыс отырысына көбірек ұқсаттым. Әдетте мұндай жиында Назарбаев жалқаусып, салақсып кеткендерді бір сыбап алатын. Бұл жолы да солай болды. Президент жүктеген шаруаны шашыратып алған шенді-шекпенділер сөз естіді, – дейді ол.

Сәтпаевтың айтуынша, бұл жақсы үрдіс.

– Назарбаев Жолдауда атап көрсетілген міндеттерді кейінге қалдырмай дер уақытында орындауды тапсырып отыр.  Осы себепті де Үкіметбасыны, сала министрлерін орнынан тұрғызып өзі талай рет тоқталған, талай рет таразыға тартқан тапсырмаларды тиянақтайтын кез жеткенін айтты. Президент тарапынан көптен бері сын естімей босаңсып кетсен үкіметтегілер үшін бұл жақсы сабақ болды, – дейді саясаттанушы.   

Бұл жолы да талайдан бері түйіні тарқатылмаған – бизнесті қолдау, әлеуметтік салаға бөлінетін ақшаны көбейту, мем.органдардың жұмысын жүрдектету, олардың тиімділігін арттыру мәселесі сөз болды.

 – Президент ең төменгі жалақының мөлшерін көтеру туралы тапсырма берді. Дегенмен, мұның орындала қоярына күмәнім көп. Күні кеше Ұлттың банк төрағасы антиресейлік санкцияның кесірінен алдағы жылы инфляцияның жоспарлаған дәлізден асып жығыларын айтты ғой


 

Бұл баға өседі, қымбатшылық қысады дегенді білдіреді. Тиісінше, Үкіметтің әлеуметтік шығындары көбейеді. Билік бұл жағдайда өзгерте алса бір жөн, Батыс санкциялары мен қара алтынның құнына қарсы Қазақстан еш қайран қыла алмайды», – дейді Сәтпаев.

Дайындаған, Думан БЫҚАЙ 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x