Кадрлық резерв түлектері мемлекет мүддесіне қызмет етеді

Dalanews 26 қыр. 2023 08:07 249

Қазір еліміздегі жастар арасында Президенттің жастар кадрлық резерві жобасы аса танымал болып тұр. 2019 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған бұл жоба түрлі салада жұмыс істеп жүрген талантты жастардың мемлекеттік қызметте өзін жан-жақты көрсетуіне жол ашқан болатын. Жоба алғаш рет қолға алынған жылы резервке ұзын саны 300-ге жететін білікті жастар іріктелініп алынды. Ал одан кейінгі 2021 жылғы екінші кезеңде 35 жасқа дейінгі 50 маман Президенттің кадрлық қорын толықтырған-ды. Биыл іріктеудің үшінші кезеңі өтіп жатыр. Бұл жолы да жобаны үйлестірушілер 50 жасты кадрлық резервке алуды көздеп отыр. Бүгінде Президенттің кадрлық резерв жобасын көптеген адамдар жастардың мемлекеттік басқару саласында талапты жастардың сатылап өсуін қамтамасыз ететін механизм деп қабылдайтынын білеміз. Бірақ түсінген адамға бұл жоба жастардың мемлекетшіл тұлға ретінде қалыптастыруға тамаша мүмкіндік туғызып отырғанын байқадық. Осы ретте кадарлық резервтің мәні мен мазмұнын жете түсіну үшін осы маңызды іріктеуден өтіп, бүгінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты  Қазақстанның қоғамдық даму институтында еңбек етіп жүрген білікті маман Олжас Бейсенбаевпен сұхбаттасудың сәті түсті. Енді соған назар аударсаңыздар.

 

– Олжас мырза, жастар арасында Президенттің кадрлық резерві танымал жоба екенін білеміз. Ал былайғы жұрт бұл жобаны жастардың мемлекеттік қызметте сатылап өсуін қамтамасыз ететін бастама деп қабылдайды. Жобаға қатысып, барлық көптеген сынақтан өткен азамат ретінде айтыңызшы, бұл жобаның көпшілік бойлап түсіне бермейтін тағы қандай қыр-сыры бар?

– Президенттің жастар кадрлық резерві жобасы академиялық салада, жеке секторда, түрлі құрылымда жүрген жастар арасында зор қызығушылық тудырды. «Жүйріктен жүйрік озар – жарысқанда» демекші қоғамға қозғау салып, елге қызмет етуді көздейтін жастардың көпшілігі осы жобаға қатысып, бақ сынауға ұмтылды. Мен де сол азаматтардың қатарында ашық және қатаң конкурсқа қатысып, білген-түйгенімді ортаға салдым.

«Болашақ» бағдарламасы еліміздің көптеген талапкеріне қанат бітіріп, әлемнің топ университеттерінен білім алды және жоғары қызметке де тағайындалды. Ал, Президенттің жастар кадр резерві жалғыз «болашақтықтар» ғана емес, талабы күшті, талпынысы жоғары барша жастың прогрессивті идеяларын іске асыруға мүмкіндік берді деп ойлаймын. Ең бастысы, азаматтарға тең мүмкіндік беріп, әділетті іріктеу мақсаты қойылды.

Өз тәжірибеме келетін болсақ, оқу орнында, кейінгі қызмет салаларында қоғамдық жұмысқа араласып, білім мен ғылымда ізденіспен жүрдім. Сондықтан Президенттің кадрлық резерві басталғанда мұның жастарға деген «әлеуметтік лифт», қызметте өрлеудің әділетті жолы, олардың күш-жігерін қоғам дамуына бағыттайтын жоба деп қабылдадым.

– Президенттің кадрлық жобасы бойынша екі рет іріктеу кезеңін жүргізілді. Биыл үшінші кезеңге құжаттар қабылдауда. Сіз қай кезеңге қатысып, кадрлық резервке іліктіңіз?

– Мен жоба басталған жылы қатысып, бағымды сынап көрдім. Бірақ алғашқы кезеңде іріктеуден өте алмадым. Сол сәтте Президенттік кадрлық резерві мен ойлағаннан да күрделі дүние екенін түсіндім. Әр бастамаға салмақты ой, үлкен дайындықпен келу керек екен. Осылайша 2021 жылы екінші рет ұйымдастырылған іріктеу кезеңіне арнайы уақыт бөліп, үлкен дайындықпен бардым. Қыркүйек айында тиісті құжат тапсырып, жыл соңына дейін бірнеше сатылы сынақтан өттік.

Бастапқы кезеңдерінде онлайн түрде есеп және мәтінмен жұмыс істеп, ситуациялық сұрақтың шешу жолын ұсындық. Мен ғылым мен білім бағытын таңдап алғандықтан цифрлық білім беруге қатысты ойымды жаздым. Келесі кезеңде, яғни ассесмент орталықта қатысушылар топтық дискуссия жүргізіп, түрлі кейстерді қорғадық. Тереңдетілген интервьюде жеке тәжірибеміздегі дағдарысты шешу, көшбасшылық қасиет, ұйымдастыру бойынша сұрақтарға жауап бердік.  Ең соңғы сатыда Ұлттық комиссияның мемлекеттік қызметті дамытуға қатысты жан-жақты, әр тілдегі сұрақтарына жауап бердік. Осылайша мыңдаған үміткердің арасынан Президенттік кадрлық резервіне 50 маманды таңдап алды.

2021 жылғы іріктеуде білімі мен білігі бар, тиісті дағдыларды игерген талантты жастарды ғана емес, жеке басынан қоғамның мүддесін, терең құндылықтарды алға қоятын, айналасын оң өзгеріске жетелейтін «changemaker» тұлғаларды іріктеуге басымдық берілді. Әйтпесе, ПЖКР-ге қатысты мәселені жетік білмейтін замандастар мұны мемлекеттік қызметте өрлейтін, тек «карьераның қамы» деп қабылдауы мүмкін.

Сөзсіз, кадрлық резерв жастардың мемлекеттік қызметтің «А» және «В» категориясына, тіпті саяси лауазымға дейін өсуіне алғышарт жасайды. Бірақ оның философиясына үңілсек, мемлекетшіл, қоғам құндылықтарын бойына сіңірген, халық үніне құла аса білетін және оны орындауда жауапкершілік алатын азаматтарға сұраныс бар екенін аңғару қиын емес. Саяси өмір фрагментацияланып, ұлт бірегейлігі сынға түсіп жатқанда біз қоғамды әлеуметтік, этникалық немесе діни емес, құндылықтар төңірегінде біріктіре алатынымызды түсіну қажет.

– Кадрлық резерв жастарды ақ жағалы шенеунік болуға емес, мемлекетшіл тұлғаға айналдыратын жоба деп айтуға келе ме?

– Әлбетте, дұрыс байқап отырсыз. Жобаға қатысушы азаматтың көпшілігі қызмет баспалдағында көтеріліп келе жатқан, ұлттық компания, халықаралық корпорацияда, ауқымды секторда тәжірибесі бар, өзіндік пікірі бар, қалыптасқан тұлғалар. «Буыны қатпаған» жастар деп айтуға келмейді. Мәселе сол потенциалды мемлекет пен қоғам мүддесіне ауқымды түрде бағдарлауда болып тұр ғой. Жеке өзім көптеген қатысушы бөтен ойдан ада, осы қоғамның бір шетіне болсын кірпіш болып қаланып, оң өзгеріске үлес қоссам дейтінін байқадым. Әрине, әлдекімдерге бұл пафос болып көрінуі мүмкін. Бірақ Президенттің кадрлық резервінің астарын ашқан адам осыны түйеді. Кадрлық резервтің түлектері тек қана мемлекеттік басқару саласында ғана емес, барлық құрылымда мемлекет мүддесін қорғайтын азаматтар болуы керек екенін ұмытпаған жөн. Сондықтан алдағы уақытта кадрлық резерв жобасының ауқымы кеңейіп, өңірлердегі, салалық министрліктердегі, партиялардағы жаңа буын кадрларын дайындауға түрткі болады деп сенемін. Ол процесс орталықтан басталып түпкірдегі ауылға дейін жетуі тиіс.

Тұтастай алғанда Президенттің кадрлық резерві мақсат-мұраты ортақ азаматтарды біріктіріп отыр. Жобаға барысында көптеген жастардың тың бастамасына куә болдым. Ол идеялар тиісті орында іске асып жатса, әлеуметтік-экономикалық тұрғыда эффектісі болатыны сөзсіз. Бұдан басқа кадрлық резерв жастардың кәсіби біліктілігін, стратегиялық ойлау, аналитикалық, шешім қабылдау дағдыларын жетілдіруге жол ашты. ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы оған барлық жағдайды жасап отырды.

– Мемлекеттік қызметте буын аламасуы кез келген ел үшін маңызды дүние ғой. Қазіргі таңда Президенттік кадрлық резерві жобасынан бөлек жастарды мемлекеттік қызметке тартудың тағы қандай тетіктері бар?

– Екі жылда бір рет ұйымдастырылып тұратын кадарлық резерв арқылы жастардың бәрін мемлекеттік қызметке тарту мүмкін емес. Бүгінде мемлекеттік аппаратты жаңарту, тың көзқарасы бар азаматтарды тартуға қатысты көп шаруа қолға алынған.

Айталық, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік қызметте келсім-шартпен жұмыс істеу жобасын қолға алғанын айтуға болады. Талантты, білімді жас кадр ауыл-ауданға, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына ауадай қажет. Сондықтан ЖОО үздік бітірген жастарды аудан және ауылдағы бос орынға байқаусыз қабылдау жобасы қолға алынып жатыр. Бұл – дұрыс қадам.

Жалпы, резерв мүшесі мемлекеттік лауазымға барады деген міндеттеме жоқ. Бұл тек мүмкіндік деп қарастыруымыз қажет. Әрине, Президенттік кадрлық резервінде жастарды өңірлерге бағыттауға жеткілікті деңгейде көңіл бөлініп отыр. Керек десеңіз, кадрлық резервтің іріктеуінен өткен біраз жігіттердің аудан, облыс әкімдіктерінде, басқармалар мен аумақтық департаменттерде жұмыс істеп жатқанын білемін. Сондықтан кадрлық резерв мүшелері Астана мен Алматыдан басқа жақта жұмыс істемейді деген ой туындамау керек. Жұртқа қызмет ету – мемлекеттік қызметпен және орталықпен ғана шектелмейтінін түсінуіміз керек.

– Биыл Президенттік кадр резервінің үшінші іріктеу кезеңіне құжат қабылдау басталды. Бұған дейін іріктеудің өткен жастар түрлі салада еңбек етіп жүргенін өзіңіз айттыңыз. Сіздің ойыңызша, Қазақстан кадрлық резервке өткен жастардың жемісін қашан көреді?

–  Өте орынды сұрақ. Қазір Қазақстан әлемдік қауымдастықтың бір бөлшегіне айналғанын өзіңіз де білесіз. Білім алу, бизнесті дамыту және мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыру ісі барынша интеграцияланған уақытта өмір сүріп жатырмыз.

Соңғы халықаралық зерттеулерге назар аударатын болсақ, қазіргі Z ұрпақ (жас буын) жұмысқа орналасқанда мансапта өсу, жалақыдан бұрын мекемедегі құндылықтар мен жұмыс принциптеріне баса мән беретінін байқауға болады. Сондықтан жастардың қызметке деген талғамы да өзгеріп келеді. Бүгінгі жастар қоғаммен қарым-қатынасты әділетті, ашық, қолжетімді (инклюзивті) қылатын машықтарды бойына жинақтаған. Соған сәйкес мемлекеттік қызмет те адамға қызмет етуге, сервистік үлгіге қарай ауысып келеді. Егер мемлекеттік қызметке тың идеямен келіп жатқан жастардың қолына шешім қабылдайтын тетіктер берілетін болса, алдағы бес жылда кадрлық резервтің жемісін көреміз деп ойлаймын. Кадрлық резерв мүшелеріне үміт артуға әбден болады.

 

– Әңгімеңізге рахмет!

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x