Әбдуәли БАЕШОВ: «БІЗ ҚҰРБАҚА ЕМЕСПІЗ»

Dalanews 16 қаң. 2015 08:49 163

Саналы ғұмырын химия ғылымы саласына арнаған ғалымдардың бірі – Әбдуәли Баешов. Ғалым бүгінде Д.В.Сокольский атындағы Органикалық катализ және электрохимия институтының электрохимиялық технологиялар зертханасының меңгерушісі. 170-ке жуық ғылыми жаңалығы патенттелген, 20-дан аса монографиялар мен оқулықтардың авторы. Отандық химия ғылымы саласында елеулі  жаңалықтар ашқан профессормен ғылымды дамыту туралы әңгімелескен едік.   
 Таза мыс алудың жолын қалай таптық?

– Әбдуәли Баешұлы, бүгінде ғылым саласына бөлінетін қаржы көлемі жылдан жылға артып келеді. Десе де ғылымды дамытуда барлық мүмкіндіктерімізді пайдалана алып отырмыз ба?

[caption id="attachment_8579" align="alignright" width="449"]Мыс сухбат Мыс ұнтағын көліктердің автолына қосса, қозғалтқыштың жұмыс істеу уақыты бес еседен көп ұзарып, жанармай шығыны 10-15 пайызға төмендейді.[/caption]

Кеңес өкіметі тұсында әрбір үлкен өндіріс белгілі бір мөлшердегі қаражатын ғылыми зерттеу жұмысына бөлетін. Егер зауыт сол қаражатты игере алмай қалса, олар үшін бұл үлкен кемшілік еді. Ірі өндіріс орындары ғалымдарды өздері шақырып, өз проблемаларын айтып, зерттеулерді бірге жүргізуді ұсынатын. Әрбір зауыттың орталық лабораториясы болатын. Бір мысал келтіре кетейін, өткен ғасырдың орта кезінде дүниежүзінде ең көп мыс алатын өндірістердің бірегейі Балқаш пен Жезқазғанның тау-кен комбинаттары еді. Оның үстіне Балқаштан алынатын мыс дүниежүзіндегі ең таза мыс болып саналды. Мыстың тазалығы 99,99 пайыздан жоғары болатын. Бірақ 1965-75 жылдар шамасында Балқаш комбинаты бұл позициясын жоғалтып, өткен ғасырдың 65-жылдары Чилиден шығатын мыстың сапасы Балқаштан алынатын мыстың сапасынан асып түсті. Балқаш мысының сапасының төмендеу себебін білу үшін мен де бір топ ғалымдармен бірге 1970 жылдан бастап Қарағандыдағы Химия металлургия институтында жұмыс істедім. Жан-жақты зерттеулердің нәтижесінде мыстың сапасының төмендеуі мышьяк және сурьма элементтерінің  мыстың құрамына көп мөлшерде өтіп кететінін анықтадық. Әсіресе Балқаш пен Жезқазғандағы кен орындарының барлық жерінде осы екі элементтің мөлшері көп болды. Олардың кейбір қасиеттері мыстың қасиеттеріне ұқсас, сол себептен олар мыстың құрамына еніп кетеді. Мысалы, мыстың құрамындағы мышьяктың мөлшері 0,02 пайызға жетсе, мыстың электрөткізгіштігі 15 пайызға төмендейді. Ендігі міндет –  мыс алатын электролитті әлгі элементтерден тазалау болды. Дүниежүзінде ондай технология жоқ болғандықтан, бұл мәселемен жеті-сегіз жылдай айналысуға тура келді. Осы кездері Балқаш мысының сапасы тіптен нашарлап кетті. Комбинаттың лабораториясында, цехында зерттеу жұмыстарын жүргізіп, мыс электролитін мышьяктан және сурьмадан тазалайтын жаңа технология жасалды. Осы технологияда титанның гидроксидін сорбент ретінде қолдануға болатынын байқадық. Бұл қосылысты мыс электролитіне қосып араластырғанда, мышьяк пен сурьма электролиттен бөліп алынады. Міне, кезінде біз осылайша өндіріске қажетті проблемаларды шешіп бергенбіз.

[caption id="attachment_8584" align="alignright" width="404"]innovation25 Бүгінгі күні біз өз елімізде ине мен түйме де өндіре алмай отырмыз. [/caption]

– Қазіргі таңда кез келген кәсіпорын «инновациялық экономика құрамыз» деп өзеурейтінін көріп жүрген шығарсыз? Сіздің ұғымыңыздағы инновация қандай?

 Инновация дегенді көпшілік бір затты алып, оны қайта сату деп ұғынады. Негізінде, инновацияның толық түрі мынау: балаңыз мектепке барады, оған қаржы кетеді, ЖОО-ға түссе, тағы да қаржы жұмсалады. Бастысы бала білім алады, оқу бітірген соң ғылыммен шұғылдана бастайды. Нәтижесінде, жаңа тәсіл, жаңа әдістер, технологиялар ойлап тапса, ол нәтиже берсе, экономикалық пайда әкелсе, міне, бұл —  инновация. Елбасының ЖІӨ-нің 3 пайызын ғылымға жұмсау қажет деген ойы бізге өте ұнады. Сол қаражат шынайы ғалымдардың қолына түссе, ғылымда үлкен серпіліс болары анық. Осыдан біраз жылдар бұрын ғылымды дамытамыз деген бастамамен ғылыми парктер құрылды. Олардың ғылымға аса зор пайдасы тимеді. Ондай орталықтар соңғы үлгідегі құрылғылармен қамтамасыз етілген. Бірақ олармен жұмыс істей білетін нағыз ғалымдар болмады. Бұл орталықтарға ғалымдар барып, өз ұсыныстарын айтса, өз ұсыныстары үшін қаржы төлеуі тиіс, бірақ ондай қаржы әдетте ғалымдарда болмайды. Сонымен, сол жердегі қазіргі заманға сай қондырғылардың көбі жұмыс істемей тұр.
Ғылымды технологияға негіздеп жұмыс істеуге қабілетті қазіргі ғалымдардың жасы 60-70 аралығында. Дені қартайғандар. Ал жастар мен ақсақалдар арасында байланыс үзілген. Шәкірт деген ұстазының қасында жүруі керек. Миды басқа адамға құйып беруге болмайды, бірақ оны күнделікті әңгімелесу, сөйлесу, ақылдасу арқылы қалыптастыруға болады. Ғылымды ұстаз арқылы игеру оңай.

Сталин ғылымды дамыту үшін алдымен ғұлама ғалымдарды тауып, оларға институт салды, қолына қаржы берді. Осылайша, Екінші дүниежүзілік соғыстан тұралап шыққан Кеңес Одағы аз уақытта қайта жанданып, үлкен ғылыми  жетістіктерге жетті. Мәліметтер бойынша соғыстан кейін Сталин ғалымдардың еңбекақысын жүз есеге жуық көбейткен. Ғалымдардың сол еңбекақысы кеңес өкіметі құлағанға дейін сақталып, ғалымдардың айлығы облыс басшыларының айлығынан да көп болған. Қазан төңкерісінен кейінгі кезде әлемге белгілі физиолог ғалым И.Павлов сол уақыттарда кеңес өкіметін біресе жақтап, біресе сынап жүретін көрінеді. Сондайларды ұстап, қамай бастаған тұста, Павловты Сталин шақыртыпты. Павлов өзін де қамайды деп қорықса керек. Кездесу барысында Сталин Павловтың мақтауынан да, сын сөздерінен де хабардар екенін айтып, барлық жағдайыңызды жасаймын, тек ғылыммен айналысыңыз деп ұсыныс айтады. Павловқа институт салып беремін деп уәде береді. Ал ғалымның өзі бір-екі жылда институттың салынатынына сенбепті. Бірақ Сталин айтқан уәдесін орындап, сол кездегі әлемнің ең үлкен институттарының бірін Павловқа тапсырады. Ғылымға нағыз ғалымдарды тартып, оларға жеткілікті қаржы бөлгенде ғана ол елдің  ғылымы бәрін басып озады. Өткен ғасырдың екінші жартысында КСРО бар жағынан әлем елдерін басып озды.

Ал қазір, бүгінгі күні біз өз елімізде ине мен түйме де өндіре алмай отырмыз. Мысалы, мыстан майда дисперсті ұнтақ алсаңыз, ол мыстың құнынан он есе, тіптен жүз еседей қымбат тұрады. Ғылымды технологияға негіздеп жұмыс істеуге қабілетті қазіргі ғалымдардың жасы 60-70 аралығында. Дені қартайғандар. Ал жастар мен ақсақалдар арасында байланыс үзілген. Шәкірт деген ұстазының қасында жүруі керек. Миды басқа адамға құйып беруге болмайды, бірақ оны күнделікті әңгімелесу, сөйлесу, ақылдасу арқылы қалыптастыруға болады. Ғылымды ұстаз арқылы игеру оңай. Осындай мәселелер ғылымның қанат жаюына кедергі болып жатады. Айлығы аз болғандықтан, жастардың ғылымға деген ұмтылысы жоқтың қасы.
 Көліктің «өмірін» арттыратын тәсіл

– Органикалық катализ және электрохимия институтының бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай және ғылымға қатысты ашылып жатқан жаңалықтарыңыз бар ма?

Катализ бойынша жер бетінде төрт институт бар, ал электрохимия институты Орта Азияда біздің республикамызда. Катализ дегеніміз мұнай өнімдерін өңдеуде, әртүрлі органикалық қосылыстар алуда қолданылады. Катализдің толық теориясы әлі жасалмаған. Көліктердің түтініндегі улы заттарды залалсыздандыру үшін кезінде бұдан 25-30 жыл бұрын институтта әртүрлі катализатор жасалынған. Алматыдағы көліктерге катализатор-нейтрализатор қойылуы керек деген нұсқау шығарылуы керек болатын. Бірақ соңы аяқсыз қалды. Кезінде метро салынғанда біздің институт жасаған катализаторлар жан-жақты пайдаланылды. Өйткені катализатор қолданылмаса, жабық бөлмеде, жер астында іштен жанатын қозғалтқыш жұмыс істеп тұрса, адам уланады, тіпті өлім қаупі төнеді. Ал электрохимия саласында әртүрлі бейорганикалық қосылыстар алудамыз. Металдардың наноөлшемді ұнтақтарын алуды бастадық. Мысалы, мыстың ұнтағын көліктердің автолына қосса, қозғалтқыштың жұмыс істеу уақыты бес еседен көп ұзарады, шу, вибрация азаяды, жанармай шығыны 10-15 пайызға төмендейді. Мұндай ұнтақтар басқа да салаларда көп қолданыс табады. Жезқазғанның ашық шахталарында салмағы 100 тонна болатын БелАЗ машиналары жердің астынан кен тасиды. Бір көліктің моторы жарты жылдан кейін істен шығады. Өйткені көлік тынымсыз тәулік бойы жұмыс істейді, ал жүргізушілері алты сағат сайын ауысып отырады. Аталған ұнтақты қосқанымызда, бір көліктің моторы бірнеше жылға дейін жарамды болды.
«Байқоңырдан» ұшқан зымырандар апатқа ұшыраған сайын жерімізге 400-600 тоннадай гептил төгіледі екен. Гептил деген өте улы зат.

Изображение 091– Экология саласын да зерттедіңіз. Еліміздің кейбір аймақтарының жағдайы көңіл қуантарлықтай емес. Экологиялық тепе-теңдік қаншалықты бұзылған?

Тепе-теңдікке қарап жатқан ешкім жоқ, ол өте жоғары шекте бұзылған. Өндіріс орындары қалдықтарды суға ағызып, қоршаған ортаны ластап жатыр. Шетелдіктер құрамында күкіртсутек бар газдарды зияндығына қарамастан ауада  жағып жіберіп, атмосфераны ластауда. «Байқоңырдан» ұшқан зымырандар апатқа ұшыраған сайын жерімізге 400-600 тоннадай гептил төгіледі екен. Гептил деген өте улы зат. Ол топыраққа сіңді, ауаға шашылды. Оның зардабын қалай тартып жатқанымызды былай айтар едім. Егер құрбақаны ыстық суға салып жіберсеңіз, бірден секіріп шығуға тырысады. Шығып кетуі де мүмкін ыстық судан. Ал сол құрбақаны бөлме температурасындағы суға салып, суды жайлап, біртіндеп қыздыра берсеңіз, оның денесі де біртіндеп  температураға бейімделе береді. Судың температурасы 1000-қа жеткенде пісіп өледі. Сол сияқты адамның да ағзасы экологиялық апаттың салдарларына үйрене береді, бірақ біраз уақыттан кейін солардың әсерінен уақыты жетпей тіршілігін тоқтатады.

 

Әңгімелескен, Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ


 P.S. Осыдан біраз жылдар бұрын ғылымды дамытамыз деген бастамамен ғылыми парктер құрылды. Олардың ғылымға аса зор пайдасы тимеді. Ондай орталықтар соңғы үлгідегі құрылғылармен қамтамасыз етілген. Бірақ олармен жұмыс істей білетін нағыз ғалымдар болмады. Бұл орталықтарға ғалымдар барып, өз ұсыныстарын айтса, өз ұсыныстары үшін қаржы төлеуі тиіс, бірақ ондай қаржы әдетте ғалымдарда болмайды. Сонымен, сол жердегі қазіргі заманға сай қондырғылардың көбі жұмыс істемей тұр.

 

Ұсынылған
ЭГОИСТ
ЭГОИСТ 16 қаң. 2015 08:22
ӘЛИЕВ ӘЛЕМІ
ӘЛИЕВ ӘЛЕМІ 16 қаң. 2015 09:17
Соңғы жаңалықтар
x