Қазыбек БЕЙСЕБАЕВ, экс-дипломат, блоггер: АРАҚ ҰРЛАҒАН ЕЛШІ... Елдің абыройына дақ түсірді

Dalanews 02 қаз. 2014 03:49 317

alcoНорвегиядағы арақ ұрлаған Қазақстан консулына қатысты біраз жыл еліміздің Франциядағы елшілігінде қызмет еткен білікті маман Қазыбек Бейсебаев өз пікірін білдірді. «Үкімет елдің сырттағы имиджін қалыптастыруға қыруар қаржы бөледі. Аста-төк ақша Сыртқы істер министрлігінің (СІМ) астауына түседі. Ал әлгіндей ұятты жағдайдан кейін біздің: «бұл қаржы қайда бағытталып жатыр?» деп сұрайтын құқымыз бар» дейді маман.


Кез-келген елшіліктің міндеті ел мен елдің арасындағы саяси, экономикалық және мәдени байланысты арттыру ғой. Елшілер дәл осы бағыт бойынша жұмыс істейді. Жасырары жоқ, барлық саланы қатар алып жүру қиын. Сондықтан кейбіреуі саяси сауалдармен, енді бірі экономикалық болмаса мәдени мәселелермен айналысады. Осылай елшілік белгілі бір мемлекетпен арадағы әріптестік байланысқа жауап береді. Сайып келгенде екі мемлекеттің арасындағы әріптестік деңгейінің өзі ең алдымен консулдыққа, оның ішінде тікелей елшіге байланысты.


Қазіргі күні Қазақстанның әлемнің 60 –тан астам елінде өз елшілігі, өкілдігі бар. Иә, барлық елдегі жағдайда біркелкі емес. Кейбір жерде елшілікке қолайлы жағдай жасалған болса, енді бір елде қауіпсіздік мәселесі ақсап жатады. Сондықтан бұл тарапта Қазақстанның әлемнің әр түкпіріндегі елшіліктеріне қандай да бір баға беру қиын...


Сөйтіп жүргенде біздің елшіліктің жұмысынан кезекті рет ши шықты. Неге? Бұл ненің көрінісі? Ненің белгісі? Сауал көп, жауап жоқ. Ең бірінші кезекте Сыртқы істер министрлігі қысқартып айтсақ СІМ мемлекеттік құрылымның бір бөлшегі екенін ескеру керек. Сол себепті тұтас мемлекеттік қызмет жүйесіндегі кемшіліктер, ақаулар СІМ-ге де тән. Бірақ бір нәрсе анық. Норвегияда және бұдан бұрын басқа да мемлекетте орын алған жағдай  СІМ-нің кадрлық мәселесі шаш етектен екенін, және қатты ақсап тұрғанын көрсетеді. Бұл арада СІМ және елшіліктерде жұмыс істейтін адамдарды ерекше електен өткізу қажет демеймін. Тұтас мемлекеттік орган жүйесіндегі кадрлық саясатты қайта реформалау керек. Неге? Себебі, бізде мемлекеттік қызметке қабылдау сырт көзге конкурстық негізде жүргізілгенмен, іс жүзінде барлық тамыр-таныс арқылы шешілетіні бесенеден белгілі.


Елшілік қызметте 17 бойы істеген тәжірибелі маман ретінде айтарым қалай болған күнде кадрлық саясатты дұрыстау, керек десеңіз түбірімен өзгерту қажет. Өз қызметіне жауаппен қарайтын ұқыпты, тиянақты азаматтар жоқ емес. Өкініштісі Норвегиядағы жағдай, одан бұрынғы Бас консулдың Франкфуртта контрабандамен ұсталуы, Сыртқы істер министрлігінде заңсыз виза тапсырумен айналысып келген қылмыстық топ мұны бәрі де біздің СІМ-нің беделіне ғана емес, еліміздің сыртқы саясаттағы имиджіне де нұқсан келтіріп отыр.


Елшілік қызметке де тамыр-таныс арқылы кіретінін, мұнда да біздің жалпы мемлекеттік жүйеде сақталған дәстүрдің «өлмегенін» айтып өттім. Жоғарыда отырған жағалыға қоңырау шалу, соғым сыйлау, өтініш айту, ағасына-көкесіне арқа сүйеу...Бірақ қазір бұған бесіктегі бала да таңғалмайды. Күнделікті тұрмыс-тіршілікте әдепкі дүниеге айналып кеткен дәстүрдің «көзін құрту қажет» деп әлдекімдер құсақты өтірік ұпай жинаудан да аулақпыз.




[caption id="attachment_8116" align="alignnone" width="300"]ee64fc742bff77c398c3cb6af036d017 Норвегияда және бұдан бұрын басқа да мемлекетте орын алған жағдай СІМ-нің кадрлық мәселесі шаш етектен екенін, және қатты ақсап тұрғанын көрсетеді.[/caption]

Елші дегеніміз өзі шынтуайтында шенеунік. Сырттағы шенеунік...Сондықтан оған деген талап та қатаң болуы тиіс. Яғни, шетелдегі жұрт елшіні, оның жұмысын көре отырып, тұтас елге баға береді. Бұл тарапта мен неміс ұлтынан да ұқыпты, аса мәдениетті норвегттердің біз туралы не ойлағанын  айтпай-ақ қояйын, ал сіздер сұрамай-ақ қойыңыздар.


Елшіні еркінсітіп қойған кім? Ендігі жерде осы сауалға жауап берейін. Бұл бірінші кезекте заң. Елшілік қызметтің Вена конвенциясы арқылы бақыланатын өз жеңілдіктері мен басымдықтары бар. Айталық олар дипломатиялық иммунитетті пайдалана алады, яғни өзі қызмет ететін елде сол жердің құқықтық органы оны жауапқа тартып, түрмеге қамай алмайды. Сосын...Өзіне қажетті тауарды ешқандай қосымша құн салығын (ҚҚС) төлемей-ақ арнайы дүкеннен сатып ала алады.


Қалай болғанда мұндай жағдайдан кейін біздің ел елшілік қызметте жұмыс істегісі келетін азаматтарды қатаң сұрыптан өткізуі қажет. Оның себебі белгілі. Үкімет Қазақстанның сырттағы имиджін қалыптастыруға қыруар қаржы бөледі. Аста-төк ақша СІМ-нің астауына түседі. Ал әлгіндей ұятты жағдайдан кейін біздің: «бұл қаржы қайда бағытталып жатыр?» деп сұрайтын құқымыз бар.  Жалпы елдің атын танытуға бағытталған шаралардың біздің елшіліктің бәрі өткізеді. Бірақ мұндай дүниелер негізінен көрме ұйымдастырумен және оны жергілікті баспасөзде жариялаумен ғана шектеледі. Мәселе бұдан келіп кетер пайда бар ма, жоқ па?..


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x