Үйде жеті қызбыз, бесеуіміз қазаққа тұрмысқа шықтық – Наталья Геллерт

Dalanews 05 қыр. 2022 03:55 314

Наталья Геллерт ханым Қазақтың қазыналы жері өсіп-өнген неміс қызы. Жаны да, пайымы да қазаққа айналған асыл жан. Кезінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болған Наталья Геллерт еліміздің өсіп-өркендеуі жолында жан аямай еңбектенгенін білеміз. Таяуда Dalanews.kz ақпарат агенттігінің тілшілері Наталья Геллерт ханыммен кездесіп көкейде жүрген сұрақтарды қойып тұщымды жауап алған еді. Енді соған назар аударсаңыздар.

 

– Наталья Владимирқызы, сізді халық елге жанашыр Мәжіліс депутаты ретінде танығанын білеміз? Көңіліңізде қимастық жоқ па? Алдағы уақытта қоғамдық-саяси жұмыстарға белсене араласу ойыңызда жоқ па?

– Мәңгілік депутат болатын ешкім жоқ. Халық сыйлап, партия қолдап, депутат болдым. Ел дамуына қолыманн келгенше қызмет қылдым. Соған өзімді бақытты сезінемін.  Ең бастысы кез-келген депутат халықтың сөзін, мұңын мұңдағанынын қалаймын. Әрине, төрт жыл көлемінде жұмыс істеген орныңды, әріптестеріңді қимайсың. ҚР Парламенті Мәжілісіндегі жұмысымым менің өмірімдегі ең аяулы сәттерімінің бірі деп есептеймін. Заң шығарушы ортада жүріп, өзім айтарлықтай шыңдалдым деп есептеймін!

– Қазақ тілін майын тамызып сөйлейді екенсіз. Қалай үйрендіңіз?

– Meн ауылда өскенмін. Ата-анамыз 1941 жылы Мәскеуден Қазақстанға жер аударыпты. Басында Қызылорда да, кейін Ақмолада тұрдық. Ауылда өскендіктен, қазақтармен жиі араластық. Оқыған мектебіміз қазақ және орыс тiлiндегi аралас мектеп болатын. Сол жерде жүріп-ақ үйрендік қой.

– Тілді үйрену кезiнде қандай да бір қиындық болды ма?

– Кез-келген тілдің өзіндік қиындығы, өзгешелігі болады. Қазақтардың астарлап, тұспалдап, жасырып сөйлейтін қасиеттері бар ғой. Мағыналас синонимдік қатарлары да көп.

Сондай сәттерде кей сөздерді тура мағынасында түсініп, оны басқа мағынасында қолданып айтып отырғандарын білмей қалатын кездерім болды.

Бірақ уақыт өте келе оған да үйрендік. Сондай-ақ, қазақша мен немісше құрылымы, дыбысталуы жағынан өте жақын. «Ә» мен «Ө»-нің оқылуы бірдей. Бұл да тіл сындыруыма көмектесті.

– Әке-шешеңіз қазақтар туралы қандай пікірде еді?

– Мені қазақ қылған, жан дүниемді қазаққа жақын еткен сол асыл жандар әкем мен шешем. Жер аударып келген, талай қиыншылықты бастан өткерген олар үшін қазақтай қамқор халық болмапты.

Әр сөздерінде: «Мұндай мейірбан, ақкөңіл ұлтты сонау шуы мол Мәскеу жақтан көрмептік. Бізді кемсітпеді, қорсынбады, жарты күлшесін бөліп берді» деп отыратын.

Сол кісілердің әңгімесінен болар, жастайымнан қазақы танымға, қазақ ұлтына жақын өстім. Болашақ жарым да қазақ болды. Үйде он бір ағайындымыз. Жеті қызбыз. Бесеуіміз қазаққа тұрмысқа шықтық. Осыдан-ақ, бір бүйрегіміздің қазаққа бұрып тұратынын аңғаруға болар.

– Қазаққа келінмін дедіңіз. Ырым-жырымы, салт-дәстүрі көп халықпыз ғой. Үйренісу қиынға соққан жоқ па?

– Үлкенге ізет, кішіге құрмет ететін ұлттың келіні болу – мандайыма жазылған бақыт деп білемін. «Келін құтты болсын» деп алыстан ат арытып келетіндер көп еді.

Оларға дәмдеп шай құйып, тамақ істеп, көңілін табуың керек. Бiрiнен соң бірі келеді. Ашық-жарқын әңгіме айтылады.

Бастабында ыңғайсыз сезiнетiнмiн өзiмдi. Бірте-бірте сол бір қонақжай дастарқан болмаса, отыра алмайтын болдым. Ал жасы кішілер «жеңге» деп қалжыңдасады. Оларды «қайным», «қайынсіңлім» деп жүріп-ақ, нағыз қазақ болып кеттім.

Әуелі, туысқандарым: «Сенің неміс қанын жоқ. Күйеуің саған қарағанда немістерге жақын» деп қағытады. Шынында да, жолдасым біртоға, ісіне шөгел. Неміске сол жақынырақ (күледі).

– Мереке-мейрамдарды қалай қарсы аласыздар?

–  Біз үлкен әулетпіз. Қазақ, орыс абысындарым бар. Басқа ұлтқа күйеуге шыққан қайынсіңлілерiмiз де жоқ емес. Сондықтан, қай ұлттың мерекесі болса, сол ұлттың өкілі үйіне қонаққа шақырады.

Орыс абысындарым орыстың ұлттық мерекесінде қонаққа шақырса, мен немістердің мерекесінде оларды қонаққа шақырамын. Ал басты мерекеміз наурыз. Енемнен үйренген наурыз көже жасау әдісін келіндеріме, қыздарыма үйретіп отырамын. Бұл күні құрт-ірімшік, сүзбе-қатық сұрап өзге абысындарым маған келеді. Өйткені, бәрін енемнен тәптіштеп үйренгенмін. Ұлық мерекені мемлекеттік дәрежеде атап өтетін болдық. Бұл да болса – Тәуелсіздіктің сыйы.

– Наурыз демекші, осы мерекенің мазмұны, тойлану үрдісі көңіліңізге тола ма?

– Бұрынғыдан жақсы секілді. Мен жас кезімнен бұл мерекені білетінмін, ауылдағы қазақтар бірін-бірі шақырып, атап өтіп жататын. Бірақ бүкіл ел болып, ұлан-асыр той жасай алмайтынымыз анық еді. Қазір, тәуба.

Әйтсе де, әйтеуір мерекелеу үшін мерекелеу сияқты көрініп кететіні бар кейде. Бір текті жүйе, мазмұн жағынан толық ашылмаған секілді.

Жаңа жылды тойлатуда алдымызға жан салмаймыз. Онымыз жөн делік. Бірақ күн мен түн теңелген ұлыстың ұлы күнін ұлықтау – ұлттық, елдік парыз болса керек. Жаңа жоспар, жаңа мазмұн, өзіндік сценарий қажет секілді.

Қыдыр ата бейнесін барша балаларға сіңіру керек. Ондай образды бала санасына сіңіру арқылы, ұлттық танымды, салт-сананы ғана емес, ұлттық ойлау жүйесін жаңғыртамыз.

– Балаларыңыз, немерелеріңіз қазақша біле ме?

– Бiледi. Олар қазақ тiлiн бiлмесе, біздің білгенімізден не пайда? Оларға бесіктен бастап қазақша тәрбие бердік. Үй ішінде қазақша сөйлейміз. Мақалдап-мәтелдеп, жұмбақ жасырып, ұлттық салт-дәстүрді түсіндіріп отырамыз.

Немерелерімнін кейбірінің тілі орысша шықты. Келінім мен ұлыма сол үшін ақыл айтып, отбасында қазақша сөйлеулерін сұрадым. Қазір қазақша тақылдап тұр.

– Қазақша ең жақсы көретін, жиі қолданатын сөзіңіз бар ма?

–  Білмеймін. Қазақтың әр сөзі әуезді, мәнді, мағыналы ғой. Енем марқұм өте кішпейіл, ақылман, бауырмал жан еді. Мені туған қызынан артық көрмесе, кем көрген жоқ. Сол кісі «жарығым» деген сөзді көп қолданатын. Немерелеріне, тіпті кейде маған да айтатын. Соны мен де колданам. Біртүрлі жылы, нұрлы сөз секілді.

– Мемлекеттік тіл Тәуелсіздіктің 20 жылдығында өз тұғырына конды ма? Тіл саясатындағы кемшіліктер бар деп ойлайсыз ба?

– Әрине, жетістіктер көп. Қазір мектеп бітірген балалардың көбі қазақ тілін біледі. Қазақша мектептер, балабақшалар көптеп ашылуда. Одан бiтiрген балалар неге қазақша білмесін.

Бірақ, әттеген-ай дейтін жерімізде аз емес. Ең бастысы, адам өзінен бастауы керек. Парламентте жүрген кезімде өзге ұлт өкілдерінен сайланған депутаттар қазақша сөйлесеміз кейде. Қазақ тілін үйреніп жүргендерге, мен әдейі қазақша тіл қатам. Сонда кейбір әріптестерім маған күліп қарайды. Өздері қазақтар. Соған таңғаламын.

– Өзiңiз Ақмола облысынан екенсіз. Елiмiздiң Солтүстік өңірлері қазақшаға мүлдем мойын бұрған жоқ. Олар мемлекеттік тілді менсінбейді деген сөз жиi айтылады. Сол сөздің қаншалықты жаны бар?

– Мен бұл пікірмен келіспеймін. Қазір кім болса да, мемлекеттік тіл – қазақ тілі, болашақ қазақ тiлiнде екенiн анық сезеді. Әрине, үлкен кiсiлер үшiн қиын шығар, бiрақ олар мың жерден қасарысса да тілді меңгеріп алған жастар жетерлік.

Дүкендер де, әлеуметтік орталарда қазақша сөйлесіп тұрған адамдарды жиі көреміз. Бұрын ол да жоқ болатын. Егер қазақ тілін үйренбегендердің өз обалдары өздеріне. Олар бүгiнгi кертартпалығы үшін ертең өкінетін болады.

– Қазақ әдебиетін оқисыз ба?

– Қазақ тілінің байлығына, шұрайлымлығына тамсанып келе жатқан жанның бірімін. Жаңадан тілі шыққан баланың өзі орамды бір сөздерді айтатынына таңырқайсың. Олардың арғы санасында сондай бір мол сөздік қор бар секілді. Бұл ғасырлар бойы айтылған бесік жыры мен батырлық эпостардан ұлттың жадына сіңсе керек.

Сондықтан да қазақ әдебиетіне деген құрметім шексіз. Гете мен Абайды салыстырып оқысаңыз, екі ұлы тұлғаның ұлағатты ой-тұжырымдарының ұқсастығына тұщынасыз.

Мұхтар Әуезовтың «Абай жолын» талай мәрте оқып шықтым. Әр рет оқыған сайын тамсанып қана отырамын. Ұлы тілдің құдіреті мен ұлы ойшылдың көркем ойлау мәнеріне. «Абай жолын» дүниеге әкелген ұлттың тілі – ұлы тіл. Бұған осы эпопеяны қазақша оқыған жандардың көзі жетері анық.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x