Cоңғы жаңалықтар
Back

Алма Нұрмағамбетова: «Халықты жұмыспен қамту орталығының көмек-қолдауы жұмыссыз азаматтардың жұмысқа тұрып кетуіне бағытталған»

Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықты жұмыспен қамту орталығы қызметкерлері елорда тұрғындарын жұмыспен қамтуда көптеген іс-шаралар мен жобаларды жүзеге асырып келеді. Қазіргі таңда орталық жұмыссыз жүрген жандардың ісін бастауына, табыс деңгейінің кедейшіліктің шекті мөлшерінен шығуына барынша қолдау көрсетіп келе жатқанын білеміз. Осы ретте Нұр-Сұлтан қаласы Халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Алма Нұрмағамбетовамен сұхбаттасып, орталық тағайындайтын атаулы әлеуметтік көмектердің халыққа тигізетін пайдасы, мемлекеттің бұл көмегіне кімдердің қол жеткізе алатынын және оны рәсімдеудің жолдарына қатысты көпшіліктің көкейінде жүрген сұрақтарды қойып, тұшымды жауап алған едік.

 

– Алма Ашарбекқызы, өзіңіз жұмыс істейтін Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыссыз жүрген жандарға атаулы әлеуметтік көмек тағайындайтынын білеміз. Сіздерден басқа ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі де тұрмыс жағдайы төмен азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек беретінінен хабардармыз. Олардан сіздер тағайындайтын атаулы әлеуметтік көмектің айырмашылығы қандай? Әңгімемізді осыдан бастасақ.

– Сұрағыңыз орынды. Көптеген азаматтар осы екі атаулы көмекті шатастырып жататыны рас. Біздің Халықты жұмыспен қамту орталықтары тағайындайтын атаулы әлеуметтік көмектің мақсаты жұмыссыз жүрген азаматтардың жұмысқа тұрып кеткенше, олардың тұрмыс жағдайын қолдауға бағытталған. Біздер жұмыссыз жүрген азаматтардың кәсіп ашуына, жаңа мамандықты игеріп, жұмысқа тұрып кетуін көздейміз.

Жалпы, Халықты жұмыспен қамту орталығы ұсынатын әлеуметтік көмектер шартты және шартсыз деп екіге бөлінеді. Шартты әлеуметтік көмекке жұмысқа жарамды, 16 жасқа толған жастар мен ІІІ топ мүгедектігі бар азаматтар ие бола алады.

Қазіргі таңда үй шаруасында отырған әйел азаматтары біздің орталыққа келіп, қандай да бір кәсіп бастау үшін мемлекет тағайындаған қайтарымсыз грантына қол жеткізуге ұмтылады. Нұр-Сұлтан қаласындағы әйел азаматтар арасында осы грант өте танымал. Мемлекеттің қайтарымсыз грантына ие болып, шағын кәсіптерін ашып, тіршілігін дөңгелетіп отырған қыз-келіншектер де жеткілікті. Өз басым мемлекеттің үй шаруасындағы әйел азаматтарға ұсынған жобасы нәзік жандылардың кәсіпкерлік қырын аша түсті деп айтуға болады.

Гранттың мөлшері 583 мың теңгені құрайды. Грантқа ие болған әйел азаматтар мемлекеттің қолдау қаражатына ие болған соң 6 айдан кейін құжатта көрсетілгендей, кәсібін дамыту үшін қандай құрал-жабдықтар сатып алғанының есебін орталыққа табыстауы керек. Егер олар мемлекеттің кәсіп ашу үшін бөлген қаржысын басқа мақсатқа жұмсап, есебін дұрыс тапсырмаса, Халықты жұмыспен қамту орталықтары бөлінген қаражатты соттың көмегімен өндіріп алуға мәжбүр болады.

Жалпы, кәсібін бастауға ниеттенген азаматтар бізге өтініш тапсырған сәтті, біздер мемлекеттік қайтарымсыз гранттың қандай мақсатқа жұмсалуы керек екенін бастан-аяқ түсіндіреміз. Сондықтан мемлекет қаржысын мақсатсыз жұмсаған әйел азаматтар болған емес.

Кейбір азаматтар қандай да бір мамандықты игермегендіктен, жұмысқа тұра алмай қиналатыны белгілі. Біздің Халықты жұмыспен қамту орталығы мұндай азаматтарға да көмек-қолдауын көрсетіп келеді. Орталыққа өтінішпен келген азаматтарды қайта мамандандыратын 3-6 айлық курстарымыз жұмыс істейді. Қандай да бір мамандыққа ие болу мақсатында осы курстарды оқуға ден қойған азаматтарға стипендия мен атаулы әлеуметтік көмек тағайындалады.

Бұдан басқа, екі жыл қатарынан ең төменгі айлық көрсеткіші бойынша жұмыс істеп жүрген азаматтардың да атаулы әлеуметтік көмекке ие болуына мүмкіндігі бар. Бұл бағытта өтініш тапсырған азаматтардың екі жыл мөлшерінде қанша әлеуметтік төлемдер төлегенін анықтап, азаматтың шынымен де, белгіленген аралықта айлығының деңгейі ең төменгі мөлшерде болғанына көз жеткізгеннен кейін 6 айға атаулы әлеуметтік көмек төленеді.

Бұдан басқа, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында орталыққа жұмыс іздеп келген азаматтарға қол еңбегіне негізделген, қандай да бір мамандықты қажетсінбейтін түрлі жұмыстарды ұсынамыз. Олардың айлық жалақысы 100-150 мың теңгенің аралығында болады.

– Ал шартсыз әлеуметтік көмекке кімдердің ие болатынын айта кетсеңіз?

– Шартсыз әлеуметтік көмекті І-ІІ топтағы мүгедектер мен үш жылға дейін бала күтімі бойынша үйде отырған аналар ала алады. Бұрындары аналардың бала күтімі 7 жылға дейін созылушы еді. Кейіннен оған өзгерістер еніп, аналардың бала күтімі уақыты 3 жылға төмендеді. Осы ретте кейбір аналар Халықты жұмыспен қамту орталығы төлейтін қаражатты мемлекеттің балалардың жәрдемақысымен шатастырып жатады. Мұның балаларға төленетін жәрдемақыға ешқандай қатысы жоқ. Орталықтың төлейтін атаулы әлеуметтік көмегін жұмысқа жарамсыз кезде төленетін төлем деп қабылдаған ләзім.

– Осы бір жерді тарқатып айтсаңыз. Кейбірулер «айлығымыз асып кетіп, атаулы әлеуметтік көмекке ие бола алмадық» деп ренішін айтып жатады. Мұндай азаматтар сіздердің жұмыстарыңызды түсінбегендіктен осындай әңгіме айтатын сияқты ма?..

– Дұрыс айтасыз. Айталық, бір отбасында бес адам бар делік. Ерлі-зайыптылар және зейнет жасындағы анасы мен бір баласы. Әлгі отбасының анасы екінші сәбиін өмірге әкеліп, олардың жанұясына бесінші адам қосылды. Әкелері жұмыс істеп табыс табады. Бірақ оның табысы еліміздегі кедейшіліктің шекті мөлшерінен төмен. Осы ретте кедейшіліктің шекті мөлшерін әр аймақтың экономикалық мүмкіншілігі ескеріліп, белгіленетінін айта кетуіміз керек.

Айталық, қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласында адам басына шаққанда кедейшіліктің 30 855 теңгені құрайды. Егер отағасының тапқан айлық табысы жанұядағы 5 адамға шаққанда кедейшіліктің шекті мөлшеріне жетпесе, мұндай отбасының Халықты жұмыспен қамту орталығы тағайындайтын атаулы әлеуметтік көмекті алуға құқығы бар.

Бұл үшін біздің орталыққа келіп өтініш тапсыруы тиіс. Бұдан кейін жергілікті жердегі учаскелік комиссияның мүшелері отбасына барып, олардың әлеуметтік жағдайына талдау жасап, өз ұсыныстарын бізге жолдайды. Осы аралықта біздің қызметкерлер мемлекеттік базалар арқылы атаулы әлеуметтік көмекке өтініш тапсырған азаматтың тапқан табыс отбасы мүшелеріне шаққанда кедейшіліктің шекті мөлшерінен төмен екенін анықтайды.

Заң талаптарын жетік білмейтін азаматтар кейде «біз осы жерде тұрып жатырмыз» деп жалған мекенжайды көрсетеді. Жергілікті учаскелік комиссия әлгі жерге отбасының әлеуметтік жағдайына талдау жасау үшін барғанда ешкімді таппай кері қайтады. Мұндай жағдайда орталыққа жалған ақпарат берген азаматтардың 6 айға дейін өтініш беруіне заң шеңберінде шектеу қоюға мәжбүр болады.

– Елордада тұрып, жұмыс істейтін бірақ тұрақты тіркеуі жоқ отбасылардың мәселесі қалай шешіледі?

– Заң бойынша Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Халықты жұмыспен қамту орталығы тағайындайтын атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізгісі келген азаматтардың қала бойынша тұрақты тіркеуі болуы керек. Мұндай тұрақты тіркеуі жоқ азаматтардың уақытша тіркеуі 6 айдан асқаннан кейін ғана атаулы әлеуметтік көмекті алуға өтініш тапсыра алады.

Егер уақытша тіркеуі немесе тұрақты тіркеуі бір жерде, ал тұрғылықты жері басқа жерде болса, өтініште тұрып жатқан жерін көрсетуі тиіс. Өйткені жергілікті жердегі учаскелік комиссия мүшелері өтініште көрсетілген мекен-жайға барып, отбасының әлеуметтік жағдайына талдау жасауы керек. Кейбір азаматтар соны түсінбей өтініштеріне басқа мекенжайды жазып, түсініспеушілікке бой алдырып жатады.

Бұдан басқа, кейбір жағдайларда өтініш тапсырған азаматтардың балалары басқа қалалардағы мемлекеттік оқу орындардың интернатында жатып, білім алып жатады. Біздер мұны да тексереміз. Өйткені атаулы әлеуметтік көмек әрбір отбасы мүшелеріне есептелініп, төленеді. Мұндайды жасырып қалу мүмкін емес. Оның бәрі мемлекеттік базада тұр. Балаңыз мемлекеттің есебінен білім алып жатса, оған атаулы әлеуметтік көмек алу заңмен тыйым салынады. Мұны ескеру керек.

– Алма ханым, Нұр-Сұлтан қаласы Халықты жұмыспен қамту орталығы азаматтардың атаулы әлеуметтік көмек алу үшін тапсырған өтінішін қанша күнде қарастырып, шешім қабылдайды?

– Бізге азаматтар өтініш тапсырған күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде нақты шешім қабылданады. Алғашқы үш күнде өтініш берушінің құжаттарымен орталық қызметкерлері жұмыс істейді. Бұдан кейін учаскелік комиссия мүшелері өтініш тапсырған отбасына барып, олардың әлеуметтік жағдайына талдау жасайды. Содан кейін Нұр-Сұлтан қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына жолдаймыз.

Кейде өтініш тапсырған отбасының құжаттарын тексергенде әңгіме арасында айтылғандай, балалары басқа қалаларда білім алып жатса, біздер сол жаққа сұрау жіберіп, өзімізге қажетті мәліметті алғанша күтеміз. Өмір болған соң, өзге аймақтар мен түрлі ведомстволарға сұрау жіберетін кездеріміз жиі болмаса да ара-тұра орын алып тұрады. Мұндай жағдайда өтінішті қарау мерзімі 30 жұмыс күніне дейін созылатынын ескертеміз. Егер жіберген сұрауымызға оңды жауап алып, өтініш тапсырушы құжаттары дұрыс болып жатса, әлеуметтік төлем төлеу барысында өтініш тапсырған күннен бастап төлем төленеді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Нұрлан Жұмақанов