Елімді көтеру – парызым

Dalanews 09 нау. 2020 05:19 287

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісіҚазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегеріМұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері Айдос Бектемірдің 70 жасқа толу мерейтойына орай сұхбаттасқан едік.



Қайырлы күн, Айдос аға! 2020 жыл сіз үшін айтулы жаңалықтарға толы. Жүйрік уақыт сізді өмірдің биік белесі 70 жасқа алып жетті. Сізді жаңа жасыңызбен құттықтай келе сұхбатымызды бастайық. Балалық шаққа саяхат жасасақ. Бала Айдос қандай болды?

– Оны енді Айдостан сұрамау керек шығар. Баланың бәрі – бала. Біз кейде айтамыз «Ол бала кезден талантты еді, ол тума талант еді», – деп. Бірақ ондай ешқашан болмайды. Ол – жаратылыстың заңы. Баланың бәрі бірдей болып туады. Қазақта мынадай сөз бар:

Жақсыдан жаман туады,

Бір аяқ асқа алғысыз.

Жаманнан жақсы туады,

Адам айтса нанғысыз.

Бала ортаға байланысты қалыптасады. Айдалада жалғыз бала ол жабайы болып өседі. Көптің арасында өскен бала бауырмал болып өседі. Мен өзімді көпшіл бауырмал бала болдым деп айта аламын.

Өнер әлеміндегі алғашқы қадамыңыз эстрада-цирк колледжінде басталды. Бізге көп сыры беймәлім Айдос аға қандай студент болды? Студенттік өмірдегі қызықты оқиғалармен бөліссеңіз...

– Бірге біте қайнасып жүрген студенттік шақта қандай студент болғанымды достарым айта алатын шығар. Сырт көз сыншы ғой. Ол кезде әлі 17 жастамын. Ауылдан келген орысша білмейтін баламын. Үлкен қаланы көрмегеннен бе, әйтеуір жасыл ағашқа толы Алматы орман сияқты көрінетін. Адамдар орманда өмір сүреді екен деп таңырқай қарайтынмын. Оқуға түстім. Мен оқыған топ өте жақсы болды. Гүлжиһан Галиевна, Ілияс Омаров сынды жақсы адамдармен сұхбаттастым. Қайрат Байбосынов, Қапаш Құлышева, Жәнібек Кәрменов, Лұқпан Есенов, Жұмағазы Қосанов сынды мықты әнші-күйшілермен замандас болдым. Сол топтағылармен тарихта аты қалған «Гүлдер» ансамблін жасадық. Мен көркемсөз шеберлігіне өте жақын болдым. Әңгіме оқиғаларды, қара өлең оқығанды ұнататынмын. Көптеген кештерде жүргізуші де болдым. Мұхтар Шахановтың өлеңдерін оқығанды ұнататынмын. Мәдениет сарайында 3000 адамға концерт беретінбіз.



Өміріңіз өнермен тығыз байланысты. Өнерде өкінген кезіңіз болды ма?

– Адам жаратылысы құбылмалы. Табиғатқа ұқсайды: қыс пен жаз, ыстық-суық, ақ пен қара, қуаныш пен реніш бәрі бірге жүреді ғой. Мен шалқып керемет өмір сүрдім деп айта алмаймын. Менің де ренжіген сәттерім болды. Ол адамға үлкен құлшыныс береді. Бәрі жақсы болған жерде бір нәрсе дұрыс емес деген сөз. Адам аса қатты қуанып шаттануға да, аса қайғыға беріліп түңілуге де болмайды.

Театр тарих, театр храм, театр ізденіс деп едіңіз. Театрдан өзіңізді таба алдыңыз ба?

– Театрдың мені табуы неғайбыл. Бірақ мен театрды таптым. Менің ең үлкен жеңісім – өзімді таптым. Мысалы, өмір бойы өнерде жүріп, өзін таба алмаған әртістер бар. Ал оған жету арман. Өзің сүйген өнердің қуанышына шаттанып, өкінішіне күйе алмау – қасірет. Мен өз жұмысымнан рақат аламын.

Шерағаңның «Мәдениеттің мәйегі кітап» деген сөзі бар. Әр қазақ оқуы тиіс 3 кітапты атаңыз.

– Мен сахнада жастайымнан ұлыларды ойнадым. Абай Құнанбаев, Тұрар Рысқұлов, Махамбет Өтемісұлы, Ахмет Байтұрсынов сынды тұлғаларды оқыдым. Және олар менің мектебім болды. Мен бұл тұлғаларды оқи келе, өзіме көп дүние аштым.

Саясат ел қамын, адам мен қоғамды реттеуші құрал. Қазіргі саяси ахуалға көзқарасыңыз қалай?

– «Сен саясатпен айналыспасаң, саясат сенімен айналысады» деген сөз бар. Адам жалғыз өзі құрлықта өмір сүрмейді ғой. Сондықтан саясатқа жиі араласамыз. Әсіресе, актерлер саясатты мықты білуі тиіс. Сенің әр ойыныңнан халық қай қоғамды көрсетіп, сол қоғамның ойын көрсететініңді түсініп отыруы тиіс. Ескі қоғамды қазіргі заманға әкелеміз. Біздің ең басты жеңісіміз – тәуелсіздік. Егеменді ел болу – ол әр елдің маңдайына жазыла бермеген бақыт. Біз көптің алды болмасақ та ортасында келе жатқан елміз. Шүкір!



Қоғамда күрмеулі мәселелер жетерлік. Солардың біразы театр төрінде сахналанып жүр. Сіз жарыққа шығаруды арман еткен туынды бар ма?

– Президентіміз Қ.Ж. Тоқаевтың «Абай 175 жылдығы» өте мықты жоба. Дінге, тарихқа, ұлтқа немқұрайдылықтың алдын алу мақсатында ұйымдастырылып жатыр. Абайды оқу арқылы философиялық барлау жасауға болады. Абайды халыққа басқаша көрсету, жаңаша бағытта шығару ойда бар.

Жақсы актер, танымал әртіс, үйде әкесіз! Ұрпақ тәрбиесінде сіз қандай қағидаларды ұстанасыз?

– Абайға Құнанбайдың айтқан өсиеттерін оқып өстік. Менің балаларыма жиі айтатын ақылым: «Еліңе ие бол! Тіліңе ие бол! Жеріңе ие бол! Дініңе ие бол!»

Бала Айдостың барлық армандары орындалды ма?

– Адам ешқашан тоймайды ғой. Жақсы бір нәрсені көрсе қайта көргісі келеді. Бірақ Аллаға шүкір, тәубә!

Жолыңызды қуып, өнер табалдырығын аттайын деп жатқан жас буынға айтар кеңесіңіз?

– Қазақ патриоттық сезімінен айырылып барады. Өзге елде оқыма демеймін. Оқы, ізден! Бірақ сол біліміңді еліңе әкел, еліңді көгерт! Жапондар бізсіз де жапон! Америкалықтар бізсіз де американ. Қазағыңды көтеру – қасиет. Елді көтеру парызымыз!

Уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге көп рақмет!

Төлебай ТАҢСАМАЛ
 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика
факультетінің 4-курс студенті

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x