Дәурен Жүнісов: «Түлектердің таңдауы жұмысшы мамандығына ауған»

Dalanews 01 мау. 2018 03:48 289

Кезекті оқу жылы да аяқталды.  Мектептерде соңғы қоңырау сыңғырлап, тағы бір оқу жылы артта қалды. Кейбір оқушылар үшін жазғы демалыс науқаны басталса, бітіруші түлектер жаңа өмiрге аяқ басуда. Енді оларды жауапты кезең – Ұлттық бірыңғай  тестілеу  күтіп тұр.



«Терең білім – тәуелсіздігіміздің тірегі» деп Елбасы айтқандай, әр оқушы білімін одан әрі жоғары оқу орнында жалғастыру үшін, ең бірінші, сынақтан сүрінбей өтуі тиіс. Ұлттық бірыңғай тестілеудің оңай болмасы анық. Биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеудің қаншалықты өзгергені жайлы Алматы облысының  Білім басқармасының басшысы Дәурен Жүнісов егжей-тегжейлі баяндап берді.

 

Дәурен Хабдолданұлы, ҰБТ-ның өту уақыты туралы, облыс бойынша қанша түлек бақ сынайтын болғаны жайында қысқаша айта отырсаңыз.

– Биыл ҰБТ 15-рет өтетін болады. 2004 жылдан бастап, 14 жылдың ішінде оған 1 млн 600 мың оқушы ҰБТ-ға қатысып, сынақ тапсырған. Биылғы сынақ  2018 жылдың 20-маусымы мен 1-шілде аралығында  облыс бойынша 15 пунктінде өтеді деп күтілуде. Ағымдағы жылы облыс мектептерін бітірушілердің саны 17033 оқушыны құрап отыр. Олардың 9752-і қазақ сыныбын тәмамдаса, 1617-сі орыс тілінде білім алған. Ұлттық бірыңғай тестілеуге 11369 (66,7%) түлек қатысуға ниет білдірген.

– ҰБТ форматы қаншалықты өзгерді, тест тапсырудың жаңа талаптары қандай болмақ?

– Жылдар өте келе тестілеу жүргізу технологиясы үнемі жетілдіріліп отырады.ҰБТ форматында айтарлықтай өзгеріс жоқ. Ең бастысы, биылғы жылы ҰБТ форматы өзгертілмейді. Дегенмен осы жүйені жақсарту мақсатында кейбір жаңашылдықтар енгізілді. Айталық, тест сұрақтары 50 пайызға жаңартылған.

Былтыр ҰБТ форматында үлкен өзгерістер болған. 2017 жылға дейін ҰБТ екі функцияны атқарған еді. Біріншісі, ол мектептегі қорытынды аттестаттау, екіншісі, ЖОО-ға түсу. Бітіруші түлектер былтырғы формат бойынша білімдерін сынайтын болады.

Яғни бітіруші түлек қай тілде білім алса, сол тілде ҰБТ тапсыруы міндетті. Ал жаңа формат бойынша тест тапсыру тілін бітірушінің өзі таңдайды. Биыл да бес пәннен білімін сынайды. Тек, Қазақстан тарихы, оқу сауаттылығы, математика сауаттылығы пәндерінен міндетті, ал екі пән бейіндік пән болып табылады.

Шығармашылық емтихан тапсыратындар тек оқу сауаттылығы мен Қазақстан тарихын ғана тапсырады. Айта кететін мәселе, бұрын әр пәннен 4 балл, бейіндік пәндерден кемі 7 балл жинауы тиіс болса, жаңа формат бойынша әр пәннен кемі 5 балл, бейіндік пәндерден кемі 15 балл жинауы керек. Тестілеу бес пән бойынша өтеді. Олар – үш міндетті және екі бейінді пән. Барлығы 120 тапсырма, ал ең жоғары балл – 140.

Грант бөлген уақытта барлық тест тапсырмасы бойынша алынған балл есепке алынады. Естеріңізде болса, бұрын 125 тапсырманың тек 100-інің ғана жауабы есепке алынатын. Шекті балл өзгермейтін-ді. Ұлттық медициналық және ауыл шаруашылығы саласындағы жоғары оқу орындарында сәйкесінше 65 және 60 балл. Басқалары үшін – 50 балл.

ҰБТ-ны ағылшын тілінде тапсыру мүмкіндігі енгізілгені жайлы айта кетсеңіз.

– Былтырғы жылдан бері ҰБТ-ны ағылшын тілінде тапсыруға көп өтініштер түскен. Биылғы жылы ҰБТ-ны ағылшын тілінде тапсыруға мүмкіндік жасалынып, тест сұрақтары дайындалды. 250-ге жуық оқушы ҰБТ-ны ағылшын тілінде тапсыруға өтініш білдіріп отыр. Ешқандай жеңілдік берілмейді.
Былтыр Алматы облысында  14 286 түлек мектеп бітіріп, соның 590-ы «Алтын белгі» төсбелгісіне, 528 түлек үздік аттестатқа ие болса, биылғы көрсеткіш бойынша «Алтын белгіге» 82 түлек, үздік аттестатқа 40 оқушы үміткер.

– Республикалық бюджеттен қанша грант бөліну жоспарланып отыр?

– Республикалық бюджеттен өткен жылы 34907 білім беру гранты бөлінсе, облыс бойынша  жоғары оқуға түскен 8361 түлектің 3864-і білім грантына ие болды. 2017 жылдан бастап жергілікті бюджет есебінен өңірге қажетті мамандықтарға 100 грант бөлінді. Яғни педагогикаға – 83, аграрлық салаға – 8, медицина – 7, халықаралық қатынастар – 1, эстрада өнері – 1.

2018 жылы республикада қосымша 20 мың грант бөлінеді, оның ішінде 11 мың грант техникалық мамандықтардың еншісінде.

– Төрт жыл мемлекеттік университетте ақысыз білім алған білімгер ЖОО бітіргеннен кейін үш-бес жыл аралығында міндетті түрде грант ақысын өтеуге міндетті ме?

– Жергілікті бюджеттен грант өңірге қажетті мамандықтарға бөлінеді, оқуын аяқтаған маман грант  бөлген жергілікті жерде бес жыл жұмыс істеуге міндеттеледі. Ал республикалық грантпен бітіргендерге шектеу қойылмайды.

– Дәурен мырза, елімізде қандай салаға кәсіби кадрлар тапшы?

– Бұрын көштің басын құқықтану, есеп және аудит мамандықтары бермей келсе, қазір «қара» жұмысқа қызығушылық артқан. Бірінші орында емдеу ісі мен бастауыш сыныптарға білім беру қызметтері тұр. Құқықтану үздік үштікке кіргенімен, оны таңдаған жастар бес жыл бұрынғы көрсеткішке қарағанда екі есе аз. Есеп және аудит саласы бойынша да жағдай осындай. Ал автокөліктерге қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану

мамандығы сұранысқа ие бестікке еніп отыр. Шамасы, таңдауы кеңседе отыратын «таза» қызметке түскендердің жұмыс таппай тентіреп жүргендерін абитуриенттер түсінсе керек. Таңнан кешке дейін кеңседе отыру енді сәнде емес.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Балжан Қайратқызы, Алматы облысы.

 

 

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x