Біздің биліктегілер мемлекетшіл емес, шаруашылықтың ғана адамдары...

Dalanews 26 желт. 2017 06:00 252

«Шынның жүзін» көрдік. Өзектілігін жоғалтпапты. Тыныс тарылмаған екен ол тұста. "Қазақстан" арнасының төрінде өткір пікірлер айтылған екен. Қасым Аманжолұлының қонағы болған ғалым, жазушы Ақселеу Сейдімбектің сұхбатын тұшынып тыңдадық. Марқұм мемлекет, қоғам өміріндегі маңызды мәселелерді сөз етіпті. Қағазға түсірдік. Жариялағанды жөн көрдік.


"Біздегі тұрақтылық, татулық сөз жоқ Назарбаев бастаған мемлекет қайраткерлерінің іскерлігі мен маңдай терінің арқасы.
Екінші, біздің халқымыздың көнтерлігінің арқасы. Көнтерлі, шыдамды...


Үшінші,




біздің халқымыздың мінез-болмысына соңғы екі- үш ғасырда сіңірілген езіп тастаушылықтың нәтижесі. 



"Көтке ұрса көндім, басқа ұрса өлдім" деген мақал бар қазақта. Біздің халықты соңғы екі-үш ғасырда отаршылдық осындай күйге түсірді.
Бас көтерсең басыңды қырқады, томпылдап жүре берсең иығыңа міне береді.


Отаршылдық қалдырған зардап біздің езілген еңсеміздің көтерілуіне мұрша бермеуде. Отаршылдықтың болғаны рас. Оның зардабы да рас. Ендігі жерде ұлттың санасы мен өмірін отарсыздандыру жоспары жүргізілуі керек еді. Ол жоқ...»



 ***

"...Мен бірнәрсеге пұшайман болам. Біз уәдеге берік халық едік, уәдеден тайдық. 


Менің ішімнен шыққан балам өзіне қатысты іс болмаса берген уәдесінде тұрмайды. Ал ол бала басқаға не істейді? Және де бұл жалғыз жарым мінез емес екенін де жақсы білем. 


Бұл біздің халықтың ұлы құндылықтарының бірі еді. 19-20-шы ғасырда қазақ даласына келген әйгілі этнографтар: "бұл даладағы өте ірі, тағдырлы істер тек қана уәдемен шешіледі" деп таңғалған. Осындай-осындай жоғалтқан құндылықтарымыз қаншама...".


  ***


«20-шы ғасырдан бастап адамзаттық деңгейде мемлекет басқарудың үрдісі жалпы саяси ахуал мүлде бөлек сипат алды. Бұл бөлек сипаттың ең басты белгісі мемлекет басқарудағы идеологиялық өктемдік.


 Ал идеологиялық өктемдік бел алған заманда, қоғамда адамдар өзінен-өзі бірыңғайланады. Өйткені өктем идеология бірыңғайланбаған адамдардан құтылғуға тырысады. Құтылудың жолдарын тарих жақсы біледі.




 Мұның ең жаман жолы – репрессиялық тәсіл.



Ал ең жұмсақ жолы қызметтен тайдыру, биік қызметке алмау. Адам, амал жоқ қоғамның осындай үрдіс-тәртібіне бейімделеді. Нәтижесінде қазіргі адамдар өте бір үлгілі. Стандартты адамдар деуге болады.


Ал кешегі Бауыржан Момышұлы, Асқар Сүлейменов, Асқар Тоқпановта, Нұрғиса Тілендиевтер болса бұрынғы бізді көшпелі өмір-салттағы мәдениетіміздің соңғы сарқыншақтары.  Дарыны бұл адамдардан кем емес, бірақ стандартты қалыпқа түскен интеллигенция қазір бұрынғыға қарағанда өте көп...».  


 ***


«Сәбет заманында елдің, қоғамның қандай болуы керектігін білетін басшылардың керегі жоқ еді. Тек шаруашылық басшысы керек еді. Тәуелсіздік алдық. Егемен ел болдық. Бірақ осы бір үрдіс, осы бір жаман әдет әлі жалғасып келе жатыр. Мемлекеттің басында отырған басшылар, министрлер өз саласының жұмысын қалай жүргізуде жақсы білуі мүмкін. Ал бірақ мемлекетті құрылысты жетілдіруді, соның аясындағы ұлттық төлтумалығын сақтап қалуды, ұлт болмысын танудың, ұлтқа араша түсудің тетіктерін мүлде білмейді.




Былайша айтқанда, мемлекетшіл, мемлекеттік тұлғалар емес. Шаруашылықтың ғана адамдары...



Сәбет заманында негізгі ұстаным болған осы әдет әлі күнге дейін сүйретіліп қалмай келеді. Әлі күнге дейін министрлерді өз саласын жақсы білгені үшін, экономиканы дұрыс дөңгелеткені үшін, ақшаны жақсы игере алатыны үшін болмаса басқа жанама факторларға қарап тағайындаймыз. Басымдықты соған береміз. Бұлай болмауы керек.


Бірінші басымдық, ұлт болмысын біле ме, тани ма? Мемлекеттің ұлттық мемлекет болып сақталып қалуы үшін қай тетікті басуды біле ме? Біздің министрлердің 90 пайызы «Елім-ай» әнін білмейді. Ал «Елім-айды» білмеу ұлтты білмеу...»


 ***


Менің Мұхтар Шаханов деген құрдасым бар. Қой десем қоймайды. Қазақ тілін білмейтін қазақтарды кінәлайды. Әке-шешесінің шығармасын түпнұсқасында оқи алмайтын ақын-жазушылардың өздерін де, балаларын да кінәлайды. Бұл себеппен емес, салдармен күресу.


 Мен ол жазушыларды кінәламас едім. Қазақ тілін білмейтін ұрпақты да кінәламаймын. Ол оны құдайдан тілеп алған жоқ қой. Мұның бәрі кешегі отаршылдықтың, сол отаршылық езгіде әбден сөнген сананың, соның екпінінің зардабы. Бұл зардаппен күресу мемлекеттік іс.


Отбасымда өте қатал адаммын. Менің немерелерім байқамай орысша сөз қосып қалса, көзімнің қырымен қарағанда жүгіріп барып аузын жуып келеді. «Аузым арам болды» деп...




Мен осындай тәріппен ұстап отырған адаммын. Елдің бәрі мен емес. Біреуінің рухы төмен. Біреуінің мінезі жұмсақ. Біреуінің әлеуметтік жағдайы мұрша бермейді. Мені Үкіметім азапқа салып отыр.



Мемлекеттік деңгейде қазақ болмысы, қазақ тағдырына қатысты қанағаттанарлық деңгейде шара жасалып отырған жоқ, тіпті жоспары да жоқ. Осыны ашық айтатын, талап ететін кезі келді».      


ДайындағанДуман БЫҚАЙ


https://www.youtube.com/watch?v=wbfu1sFcFk4

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x