Ярослав Красиенко: «Қазақстанның журналистикасы Ресейдікінен төмен»

Dalanews 12 желт. 2016 03:30 304

Белгілі қазақстандық журналист «КТК»-ның Астана бюросындағы директор қызметін тастап, неге Ресейге кеткенін informburo.kz тілшісіне айтып берді.

– Неге жылы орныңнан бас тартып, Мәскеуге кеттің?

– Мәскеу Кеңес үкіметі кезінде де, қазір де көптеген мамандық иелері үшін мүмкіндіктер сыйлайтын қала. Егер өскің келсе, биік шыңдарды бағыңдыруды қаласаң, Мәскеуге келген абзал.

– Онда барлығын қайта бастау керек, қайта өзіңді дәлелдеу қажет. Қиын емес пе?

– Мен ұзақ уақыт екінші рөлде қала алмаймын. Менің «Россия-1», «Россия-24» телеарнасында жасап жүрген сюжеттерім, Қазақстанда 2002 жылы жасаған материалдарыма ұқсас. Яғни телеарнаға кеше келген адамға жүктейтін тақырыптар. Менде Астанада жақсы қызмет, көңілден шығатын қаржылық жағдай, шығармашылық сұраныс, барлығы болды. Тұрғын үймен де еш мәселе туындамады. Сондықтан көшу мен үшін қиынға соқты. Алайда, дәл қазір кету керектігін түсіндім. Енді барлығын өзгертуге мәжбүрмін. 2003-2004 жылдан бері қоғамдық көлікте жүрген емеспін. Енді қайта автобуста жүремін. Жолға өте көп уақыт кетеді. Мәскеуде таңғы бестен бастап электричка мен автобус күтіп тұрған бір топ адамды көресің. Қазіргі жұмысымда маған барлығы бұйрық беруге әзір. Мені таңғытүсірілімдерге жібереді. Бұл көпке созылмайды деп үміттенемін.

– Қазақстанда 30 жастан кейін қарапайым журналист болып жүре берсең ұят болып саналады. Олар тезірек жылы креслоға жайғасқысы келеді. Сенің жағдайыңда барлығы басқаша. Мәскеуде журналистиканың жағдайы қандай? Күні бойы «далада» жұмыс істеу қаншалықты ыңғайлы?

– Мен жаңалықтарға келгенде, жастардың арасына түсемін бе деп қорықтым. Алайда, жағдай мүлде басқаша болып шықты. Мен ең жасы болмасамда, ең үлкендері де емеспін. Менімен бірге 40-ты алқымдаған журналистер де жұмыс істейді. Оның 15-20 жылын қарапайым сюжет түсірумен өткізген. Мұндай бұл ұят болып саналмайды. «Вести» бағдарламасының корреспонденттерін бір уақытта барлығын біріге көрген емеспін. Бірі түсірілімде, бірі монтажда. Бірақ, кабинет пен компьютерлердің санына қарағанда 30 адамдай бар. Одан көп болмаса, кем емес. Ресейдегі журналистиканың жағдайы біздікімен салыстырғанда өзгерек. Қазақстанда қарапайым корреспондент уақыт өте шеф-редактор, бас редактор болады. Ал Мәскеуде бүгін келген журналист, тәжірбие жинағаннан кейін өзінің авторлық бағдарламасын ашады. Сараптамалық бағдарламаларды жүргізеді... Қазақстанның журналистикасы Ресейдікінен төмен екендігі жасырын емес. Егер Мәскеу Батыстың журналистикасына еліктейтін болса, Қазастанға барлығы Ресейден келеді. Батыста жасы 40 жетпеген адам бағдарлама жүргізбейді. Өнім қаншалықты сапалы болса, көрерменнің оған деген сенімі де соншалықты бекем болады деп сенеді. Ал қазақстандық телеарналарда салмақты бағдарламалар, жаңалықтар мен ток-шоуларды тәжірбиесіз, жас маман жүргізеді. Олардың талантына күмән келтірмеймін. Алайда, тәжірбиесі аз болғандықтан салмақты мәселені талдап жатса да, барлығын ойынға айналдырғандай болады. Қазақстандағы нарық өте кішкентай. Жақсы журналист аз. Ал Мәскеуде жағдай мүлде басқаша. Әрқашан өзіңді жақсы қалыпта ұстауың керек. Себебі, жүргізуші мен корреспонденттің деңгейі бірдей, өте жоғары. Міне мен барлығына жеттім деп ойлай бергенде, қалай артта қалып қойғаныңды білмей қаласың.

– Кәсіби мақсатыңды айқындап алдың ба?

– Жаңалықтарда – ірі жол апатын, жер сілкінісі секілді тақырыптарды қызықты етіп түсіру оңай. Себебі ондағы картинаның өзі адамды еліктіреді. Ал Үкіметтегі жиналыстарды көрерменге қызықты етіп жеткізу өте қиын. Онда қызықты көріністе, халықтың қызығушылығын оятатын спикерлер де жоқ. Осыған қарамастан жиналыстарды да тартымды етіп жасау үшін үлкен шеберлік қажет. Осы айтылғандарды ескере отырып, менің қандай бағытта жылжитынымды аңғаруға болады. Тікелей мақасатымды айтпай-ақ қояйын. Оған жету үшін бірнеше ай ғана емес, бәлкім көп жыл қажет болар.

– Әріптестеріңнің қатарында бұрыңғы қазақстандықтар бар екенін білемін...

– Мұнда қазақстандықтар өте көп. Бізді қалжыңдап «қазақстандық мафия» деп атайды. Әртүрлі уақытта «КТК»-да жұмыс істеген үш адам бармыз. Олар кезінде жоғары лауазымды иеленген. Мұнда да көптеген жетістіктерге жетті. Біз шығыс тәрбиесімен өскен адамбыз. Бұл бізге көп көмегін тигізеді. Себебі, басқаларға қарағанда ашуға көп берілмейміз. Көп мәселеде терең ойлайтынымыз бар.

– Сенің Нұрсұлтан Назарбаевқа деген ерекше ықыласыңды білемін. Сондықтан сұрамауға болмас. Елбасы туралы фильм түсіруге тағы да шақырса, Мәскеуден келесің бе?

– Қазақстандағы кәсіби өмірім жүрегімде мәңгі сақталады. Оны үнемі сағынышпен еске аламын. Бірақ, бұл менің өткен өмірім. Оны ешқандай өкінішсіз жаптым. Ол туралы балаларым мен немерелеріме айтып беремін. Бірге жұмыс істеген барша адамдарға алғысым шексіз.

– Бір жылдары әлеуметтік желілерден жоқ болып кеттің. Мәскеуден қайтып келгеннен кейін Facebook парақшаңды қайта аштың. Осы уақыт аралығында офлайнда не істедің? Сол кезде Мәскеуден қайтып келуіңнің себебін айта аласың ба?

– Виртуалды өмірімді уақытша жапқаннан бірдеңе жоғалттым деп айта алмаймын. Керісінше, таптым. Әлеуметтік желі – адамдарға жаман әсер етеді. Әсіресе көп уақытын сонда өткізгендер, шынайы өмір мен виртуалды өмірдің аражігін ажырата алмай қалады. Әлеуметтік желілердегі ақпарат тексерілмегенін де ескеру керек.

– Қазақстанда жасап үлгермеген істерің бар ма?

– Бір-екі жүзеге аспаған ойларым бар. 1959 жылы Теміртауда болған оқиға туралы сапалы деректі фильм түсіруді бұрыннан жоспарладым. Онда халық кәсіпорын нысанын салуға қарсы шыққан болатын. Сонымен қатар Қазақстанда қараусыз қалған әскери нысандар туралы да телевизиялық жоба жасау ойда бар еді. 25 жылда ешкім ол туралы түсірмеді де, айтпады да. Бірақ мен Латын Америкасына кетіп қалған жоқпын ғой. Қазақстанға келіп тұрамын. Мен Қазақстанды жақсы көремін. Қазір Қазақстанда жүрсем, жаңа жобаларды жасаушы едім. Ресейге көшейін деп жатқанда үлкен жоба ұсынды. Бірақ ол үшін жоспарымды ұзақ уақытқа шегерге тура келеді. Сондықтан ұсыныстан бас тарттым.

Дереккөзі: «Қамшы» порталы

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x