Гарри Каспаров: Оған хаос керек

Dalanews 11 сәу. 2015 04:44 230

Өткенде Украинаның танымал журналисі Виталий Портников біздің басылымға сұхбат берген. Портников бұл жолы атақты шахматшы, қазіргі путиндік жүйені ашық сынаушының бірі – Гарри Каспаровпен пікірлескен екен. Сұхбаттың өткір әрі өзекті тұсын ықшамдап алып, газет бетінде жариялауды жөн көрдік.

[caption id="attachment_10121" align="alignright" width="348"]Портников Виталий Портников[/caption]

 Портников: Жуық арада отаныңызға оралуыңыз мүмкін бе? Әлде...

Каспаров: Осыдан 2 жыл бұрын елден кеттім. Біржолата.  Әуелде бұлай болады деп ойламағам. Әлдебір саяси іске байланысты Тергеу комитеті шақырып қалды. Бармас бұрын Борис Немцовпен кеңесіп алдым. Ол: «Әлгі комитетке барсаң, күдіктіден қылмыскерге айналасың» деді. Тайып тұруға тура келді. Сыртта жүрсем де еркін болғаным, өзімнің саяси әрі қоғамдық қызметімді жалғастырғаным маңызды. Әйтпегенде, түрмеде шірітер ме еді...

Портников: Бүгінгі жағдайды дәл шахматтағыдай барлай алдыңыз ба? Алдағы уақытта қандай жүрістер жасалуы мүмкін?

Каспаров: Әңгіме шахмат жайлы болса бірсәрі. Әлдеқайда жеңіл болар еді. Себебі, мұнда ереже бар. Шахматта қарсыластардың фигура саны бірдей. Мұнда ереже бойынша ойнайды және дәл осы ережені сақтап жеңуге тиіссің. Өкініштісі, путиндік Ресейде мұндай ереже атымен жоқ.

Диктатордың демократтан айырмашылығы неде, білесіз бе? Оған ережені бұза салу түкке тұрмайды.

Портников: Путиннен төніп жатқан және әлі де төнетін қауіп-қатерді жан-дүниесімен сезіп отырған  бір ел болса, ол – Украина шығар...

[caption id="attachment_10122" align="alignleft" width="448"]Kasparov2 Әйгілі шахматшы Гарри Каспаров[/caption]

Каспаров: Киевтің Кремльге қарсы шыға алмасы белгілі. Бірінші кезекте Батысқа, оның аржағында Вашингтонға арқа сүйеп отырсыздар. Путин бұл тарапта Гитлердің әрекетіне ұқсас жүрістер жасап жатыр. Өзінше халықаралық қауіпсіздік жүйесінің қабырғасын сөгіп, әжептәуір сауатты саясат жүргізіп жатырмын деп ойлайды.

Гитлер Ұлттар лигасын құртты. Оны ешқандай келісімшарт қызықтырған жоқ. Оларды жыртып тастап, үстелге әрқашан ақ парақпен отыратын. Бәрін басынан бастаймыз дегені... Путин де сол сияқты. Әлем 1945 жылдан бері өмір сүріп келе жатқан бұлжымайтын байламды бұзғысы келеді.

Портников: Ендеше мұны Батыс әлемі неге көрмей отыр?

Каспаров: Тарихи кітаптарды оқығанда мына бір дүниені ұғына алмайтынмын: ағылшын, француз билігі іргесінде қандай қауіпті жүйенің күш алып келе жатқанын көрмеді ме? Ертең неміс танкілері ағылшын қалаларына кіріп, Парижді талқандайды деп ойламады ма?

Демократияның бір әлсіз жері – әрқашан басбұзардың тілін табуға, онымен келісімге келуге болады деп ойлайды. Батыс әлі де болса путиндік жүйенің келісімге келмесін, тіл алмасын түсінген жоқ. Өкінішті...

Бүгінгі Ресей өз ішіндегі іріп-шіріп жатқан проблемаларды ұмытып кетті. Жаңалықтардың 70 пайызы – Украина. Путин нашақорға айналған. Оған қоғамдағы эйфория мен паранояны ұстап тұру үшін ақпараттық есірткінің әлі де, қайталап айтайын, әлі де болса көп мөлшері (дозасы) керек. Қырымның эйфориясы қайтып жатыр. Біраз уақыттан кейін біржола басылады. Бірақ Путин басылмайды.

Иә, газ келісімшарты бар. Түркмен-әзірбайжан газы жүзеге асады. Бұл Путин үшін өліммен тең. Еуропаны газбен қамтамасыз ететін қосымша газ көзі пайда болса, «Газпром» өзінің ең негізгі қаруынан айырылады.

Агрессорды қазір тоқтатпасақ, ертең қымбатқа түседі, қатты өкінеміз. Гитлерді де 1938 жылы ауыздықтауға болар еді. Сонда бүгінгідей 50 млн емес, әрі кетсе миллион адамнан айырылар едік.

Портников: Немцовты атып кеткен кезде Батыс бұл қазіргі путиндік жүйеге қарсы адамдардың ашу-ызасын туғызады деп ойлады. Ешнәрсе өзгерген жоқ. Үнсіздік. Неге?

Каспаров: Халық қорқады. Үнсіздіктің бір себебі осы. Меніңше, Ресейдегі бүгінгі жүйеге қарсы белгілі тұлғалар, тұтас оппозиция мынаны түсінгені жөн: диктатураны сайлауға қатысу арқылы жеңе алмайсың. Бұл бос әңгіме. Оны құлату қажет.

Портников: Путин Майданның нәтижесінен қорыққаны рас па?

Каспаров: Қорыққанда қандай. Еркін, тәуелсіз, демократиялы Украина пайда болса, ендеше путиндік жүйеге де тықыр таяды деген сөз. Ал Майдан... Бұл айдаладағы Тахрир алаңы емес қой (Каир, Египет астанасын айтады, авт.). Украина тиіп тұр. Шалығы Ресейге де жетер еді.

Анығы, Путин биліктен кетпей, Киевке тыныштық жоқ. Оған хаос керек. Бұған арналған құралдар қолында бар. Қалған-құтқан қаржылық қор, ядролық қару және Ресей армиясы. Бірақ экономикалық соғыста бұлардың бірде-бірі кәдеге аспайды.

«Путинге хаос керек». Бұл бос сөз емес. Алдағы уақытта ол әлемді ядролық соғыстың қаупімен үркітіп, қорқытуы мүмкін. Бұл Венесуела диктаторына, Солтүстік Кореядағы Кимнің отбасына күш береді. Олар Батыс пен АҚШ-тың Путинді ауыздықтауға шамасы келмей отырғанын көріп отыр. Ертең олар да арандатумен айналысуы мүмкін. Путинге керегі осы. Оның қиялындағы әлем осындай. Ол Кремльден кетпейінше, әлемде бейбітшілік орнамайды.

 

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x