Арақ құйылатын тойханада ас беру дұрыс емес

Dalanews 03 қыр. 2017 05:04 460

Дін мен дәстүр заманмен үйлескен жағдайда мемлекет дами түсетіні анық. Мұның айнымас аксиома екенін бәріміз білеміз. Кеңес өкіметі тұсында діни сауатымыз плитустың деңгейіндей еді. Қазір де жұрттың діни сауаттылығы артып, мейманамыз тасып тұрғаны шамалы.  Десек те, соңғы уақыттары дәстүрді мансұқтап, бөтен ағымды дәріптеушілерге тосқауыл қойылып, қарапайым халыққа өзге діннің шылауында кету қаншалықты қауіпті екенін Қазақстан мұслмандар діни басқармасы мен Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі түсіндіріп, жағдайдың біршама оңалып қалғанын мойындауымыз керек.

 

Діни сауаттылық

 

Олардың насихат жұмысы көпшіліктің санасына сәуле түсіріп, халықты өзге діннің сойылын соққан ниеті бұзық жандардың ығына жығыла салмайтын деңгейге жеткізді. Осы бір жайтқа таяуда ауылға барғанымда көз жеткізіп қайттым.

Осында 6-7 жыл бұрын Алматы облысындағы туған жеріміз Жаркентке бара қалғанымызда "Пәленшенің баласы салафит болып кетіпті" деген әңгімені естуші едім. Қазір ондай әңгіме азайған. Бірақ тұңғиыққа түсіп, құрдымнан қайтып шыға алмастай болып құлағандар бар. Олардың бетін бері қайтарамыз деп көк езу болудың да қажеті жоқ секілді.

Бірақ менің бұл ойымның қате екенін туған ауылымыз Әулиеағаштағы мешітте имам болып жүрген ағамыз Тұрлыбек Қорғасбеков ескертті. Ауылға барған сайын Түкеш ағамыздың (біздің ауылдың адамдары ол кісіні солай атайды) көкейге тұнған ойымен бөлісуге тырысамыз.

Сонау тоқсаныншы жылдары бизнестің жалына жармасып, ауыл тұрмақ ауданымызда қат тауарларды сырт елдерден тасымалдап, алғаш рет бизнеспен айналысқан азаматтардың бірі болғандықтан Түкеш ағамызды ауылымыздың үлкен, кішісі тегіс сыйлайды. Бүгінде өзі салған мешітке қамқорлық жасап, ауыл имамы қызметін атқарып жүр.

 

Қорғаныштық қабілеті қалыптасып келеді

 

Осы жолғы кездесуімізде көкейге қонымды ойларын айтып, ата-бабаларымыз ұстанған, дәстүрімізбен біте қайнасқан дәстүрлі дінді қалай сақтап қалудың қандай жолдары бар екенін айтып, ой бөлісті.

– Иә, діни сауаттылықтың аздығынан біраз жастар өзге діннің жетегінде кеткені жасырын емес. Мұндай жайттар біздің өңірде де орын алды. Меніңше, өзге ағымның арбауына түскен жандарды енді тура жолға түсіру өте қиын. Қазір Үкімет бұл мәселеге мән беріп, ел арасында өзге ағымдарды дәріптеуге шектеу қойып отыр. Бұл – дұрыс. Қазір жұрттың жат ағымнан сақтанатын қорғаныштық қабілеті қалыптасқан. Біздер салт-дәстүрімізбен сабақтасып жатқан Ханафи масхабын дамытып, қоғамды сауықтыруға күш салуымыз керек. Жастарға ата-баба дәстүрі Ислам дінімен сабақтасып, үйлесімді ғұмыр кешкенін дұрыс жеткізсек, өзге діннің жетегінде жүрген жандардың өзі болмаса да, балалары күндердің күнінде үйіріне қайта қосылып, қоғамдық өмірімізде жат ағымдардың ықпал-әсері өздігінен төмендейтініне сенімдімін. Өзің де білесің, жат ағымның жетегінде кеткендер ата-аналары ақыл айтқанда олар әке-шешесін тыңдады ма? Тыңдаған жоқ. Олар діни-сауаттылығы болмаған соң, тура жол осы екен деп қатты адасып, ата-анасына қарсы келгенін бәріміз білеміз. Егер біз қоғамдық өмірімізде ата-бабаларымыз ғасырлар бойы ұстанып келген діннің жақсы жақтарын ашып көрсетіп, оның игілік пен тура жолға бастайтын тұстарын дұрыс насихаттасақ, олардың өздері, балалары дәстүрлі дінімізге оралатынына сенімдімін. Біздер игілікке толы істерімізбен теріс жолға түскен бауырларымызды тез арада тура жолға түсіре аламыз. Егер біз оларға қатал талап қойып, үгіт-насихатымызды қаттыр-ақ жүргізсек, ұтылуымыз мүмкін, – деді ағамыз.

– Аға, сонда ол қандай талаптар болуы мүмкін?

– Айталық, көршілес Тәжікстанда қауғадай сақал өсіргендердің құқық қорғау органдары қызметерлері күштеп, сақалдарын алғызғанын оқыдым. Осындай ауыр талаптар қою жақсылыққа апармайды. Бізде мұндай күштеу жоқ. «Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады» деп бекер айтпаған ғой. Сол сияқты оларды да қазақ қоғамының бір бөлшегі ретінде қарастырып, мәдениетті қарым-қатынас орнатуымыз керек.

Иә, дәстүрлі дініміздің мәнін жете түсіндіріп, жат ағымның жетегінде жүргендердің ой-санасына "соққы" жасау маңызды. Олардың ой-санасында дәстүрлі дініміздің біздің тұрмысымызбен, мәдениетімізбен (ән-күй, айтыс), салт-дәстүрімізбен (сәлем салау, отқа май құю т.б.) қалай үйлесім тапқанын нақты іспен көрсетсек, талай жастың бетін бері қаратуға болады.

 

Тойхана ас беретін жер емес

 

Дін жайында әңгіме-дүкен құрған ағамыз ауылымыздағы мешіт жанынан жүз қаралы кісі еркін сиятын нәзірхана салып жатқанын айтты.

– Мешіттің жанынан нәзірхана салғаныңызды байқадым. Қазір ауыл-аймақта жиын, той өткізетін шағын дәмханалар мен тойханалар бар емес пе? Нәзірді сол жерде өткізсе болмас па ді?

– Қазір қайтыс болған адамдардың жетісін, қырқын, жылдығын тойханаларда дүркіретіп өткізу сәнге айналып барады. Үй іші тар қалалы жерде нәзірді мен асты тойханаларда өткізсе, түсінуге болады. Ал ауыл, аймақта нәзірді тойханаларда өткізуді қабылдай алмаймын. Тойханаларда түнде той болып, ішімдік құйылып, төбелес болатыны белгілі. Түнде жын-шайтан ұя салған жерге күндіз Құран оқып, нәзір беру бұл мұсылманшылыққа жасалған үлкен қиянат емес пе? Өзге біреулер сырттан қарап, бақыласа "Қазақтардың дінге беріктігінің сиқын қара, түнімен арақ ішілетін харам жерге, күндіз нәзір беріп, Құран оқып, Құдайға құлшылық жасауда" деп күлмей ме? Әрине, күледі. Ал жат ағымды таратушылар "Дәстүрге сыйғызып, той жасап, шашылып, арақ-шарап ішкен жерге күндіз қалай Құран оқиды?" деп жастардың сезіміне сызат түсірмей ме? Бұдан кейін жастар не ойлайды? Сондықтан тұтас еліміз бойынша тойханаларда нәзір өткізуді доғарумыз керек. Әрине, мұны тыйым салу деп түсінбеуіміз керек. Мұндай істер адамның еркі, ақыл-парасатымен іске асуы тиіс. Сол кезде кез келген іс қоғамды игілікке бастайды. Қазір әр ауылда бір мешіт бар. Соның жанынан шағын нәзірхана салуға болады. Бұл үшін жұрттан арнайы ақша жинаудың да қажеті жоқ. Біздер мешіт іргесінен салып жатқан нәзірханамызды халықтың берген садақасымен-ақ салдық. Бұл үшін кәсіпкер іздеп, жұрт ақша жинап, әбігерге түсудің қажеті жоқ. Қазір Астана мен Алматыда, облыс орталықтарындағы ірі мешіттердің жанында нәзірханалар бар. Сол жерде қайтыс болған адамға дұға оқып, ас беріліп жатыр. Осы бір жақсы бастаманы барлық жерде әдетке айналдырған жөн. Бұрындары ауылда ас берген кезде бүкіл ағайын-туыс жиналып, астың қамымен жүріп, екі-үш күн бойы бір-бірмен араласушы еді. Ал қазір ас дегеніңіз жұртты белгілі бір сағатта пәлен деген тойханаға жинап, Құран оқып, тамақ беретін қатардағы жиын секілді болып қалды. Баяғыда асқа, нәзірге жиналған жұрт бір-бірімен әңгімелесіп, ауылындағы мәселесін сол жерде сөз қылып, бір-бірімен байланысы арта түсуші еді. Ал қазір асқа жиналған адамдар бір-бірімен аузын жыбырлатып, амандасып, белі қайысқан үстелдегі тамақты тоя жеп, әрқайсы өз жөнімен кететінін күнделікті өмірде көріп жүрміз. Меніңше, бұл – дұрыс емес. Нәзір-құзыр – адамды жақындастырып, бауырмалдық сезімді оятатын маңызды басқосу. Осыны жаңғырту үшін ауылымыздағы мешіттің жанынан шағын нәзірхана салдық. Кез келген ауыл тұрғына осы нәзірхананы тегін пайдалана алады. Қазан, ошағын, жүз қаралы кісіге жететін ыдыс-аяқ бәрін-бәрін дайындап қойдық. Тойхана жалдап, шығынға батпайды. Мұндай таза жерде оқылған дұға-тілекте қабыл болатыны сөзсіз, – деп көптен бері көкейде жүрген ойын ортаға салды.

Расында да, арақ-шарап құйылатын жерде нәзір жасау Исламның қағидаттарына томпақ келуі мүмкін. Сондықтан Қазақстан мұсылмандары дініи басқармасы осы мәселеге байланысты арнайы пәтуа шығарып, бұл істі бір жақты етуі қоғам үшін маңызды. Әйтпесе, алдағы уақытта ас пен нәзірде кең тойханаларда өткізу бәскеге айналып кетуі мүмкін. Мұндай кезде тағы да дәстүрлі дінімізге көлеңке түсіп, біраз әңгімеге себепші болуы мүмкін.

Нұрлан ЖҰМАХАН   

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x