Шетелде діни білім алуды қатаңдату қажет пе?

Dalanews 04 там. 2017 04:47 133

Мысырдағы жағдайдан хабардарсыздар. 6 қазақстандық студент жоғалып барып табылды. Осында оқуға кеткен. Діни білім алуға, араб тілін оқуға. Бұларды Мысыр полициясы ұстап әкеткен. Әзір олардың не себепті ұсталғаны айтылған жоқ.


Осы жағдайдан кейін Дін істері комитеті ойландыҚазақстан азаматтарының шетелде діни білім алуына қатаң талаптар қойылуы мүмкін. Діни қызмет туралы жаңа заңнама жобасына осындай норма енгізу ұсынылмақ екен. Күні кеше Бақытжан Құлекеев айтты (Дін істері және азаматтық қоғам министрінің кеңесшісі) мұны.


Дұрыс қой, қалай ойлайсыз? Айталық, әлгі 6 студенттің шетелге оқу кеткенін ешкім білмейді. Тиісінше, не істеп, не бітіріп жүргенінен де хабарсызбыз. Ал Мысырдағы ахуал аумалы-төкпелі. Терроризмнің өршіп тұрғаны да белгілі бұл жақта. Радикалды ағымдар мен полиция арасында күрес күшейіп тұр.


ТҰЗАҚҚА ТҮСУ ОҢАЙ


Қазақстан азаматтарының шетелде діни білім алуын қатаңдату туралы заң қазіргі уақытта қаншалықты өзекті? Нәтижесі бола ма? Экстремизмнің алдын-алуға септесе ме? «Қала мен Даланың» осы және өзге де сауалдарына саясаттанушы Сұлтанбек Сұлтанғалиев (суретте) жауап берді.



– Бұл заң жастарды теріс діни ағымдардың ықпалынан қорғай ала ма, қалай ойлайсыз?


– Шетелде діни білім алуды қатаңдату туралы заңды баяғыдан қолға алу керек еді, негізінде. Иә, әлі де кеш емес. Осы арқылы жастарымызды теріс діни ағымдардың арбауына түсіп қалудан құтқарамыз деген үміт бар. Анығында, толық діни білім алмаған адам мұндай идеямен жылдам уланады. Арбап алады оларды. Діни экстремизмнің идеясымен бір уланса, қайтып құтқару қиын. Соны түсіну керек.


– Сонда бұл идеяның адамның санасын арбап алатын қандай құдіреті бар?


– Құдіреті дейсіз бе? Мәселе соны қабылдауда жатыр ғой. Діни білімі жан-жақты толықпаған, отанында тәжірибелі имамдар мен дінтанушылардан жеткілікті деңгейде тәлім алмаған жас шетелдік оқу орнына тапсырды делік. Бітті. Тұзаққа түсуі оңай.


1) Сауд Арабиясында


2) Мысырда


3) Катарда


4) Иракта


5) Түркияда


бір-бірімен жаға жыртысуға дейін баратын түрлі ағымдар мен ислам мектептері көп. Оларға өз ықпалын кеңейту үшін белгілі бір мемлекеттен келетін жастарды былайша айтқанда санасын улау, идеясына сендіруі қажет.


Сосын бұларға нарық керек. Айналасын тауысқан. Түгескен. Алысқа үңіледі. Бір кездегі Кеңес үкіметінің құрамында болған бес мұсылман ел бар. Солар қызықтырады бұларды. Мақсаттары бізге ену керек. Ал оның жолы қандай? Әрине, осы елдерден өздеріне оқуға келген жастардың санасын жаулау...


ОЛАРҒА АУДИТОРИЯ КЕРЕК


Иә, сөзінің жаны бар. «Мұсылман әлемі аумалы-төкпелі кезеңді бастан өткеруде» дейді Сұлтанғалиев. Айтуынша, мұндай жағдайда идеологиясы мен ұстанымдары бір-біріне сай келмейтін түрлі топтардың арасында аудитория үшін талас күшейеді. Бұл арадағы аудитория – жастар.


– Қазақстан азаматтарының шетелде діни білім алуын қатаңдату туралы заңды қабылдау біздегі мұсылман қауымдастығы үшін маңызды. Оны жат идеялардан, қауіпті идеологиялардын қорғау керекпіз ғой. Бұл заң елімізге ой-санасы уланған жастар арқылы енетін экстремистік идеялардың көзін бітеуі қажет.


Мынаны түсінуіміз керек. Діни экстремизмді Діни басқарманың немесе имамдар уағыздарының көмегімен жеңе алмаймыз. Бұл кешенді мәселе және кешенді шаралар қабылдауды қажет етеді.


– Кешенді мәселе дейсіз. Алғашқы қадамды неден бастау керек сонда?


– Мектептерден. Білім сапасын көтеруге тиіспіз. Бұл арада асығыс-үсігіс қабылданған реформалар туралы айтып отырған жоқпын. Екінші мәселе, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын көтеру керек. Үшіншісі, әрине жастар. Олар бүгіні мен болашағына сенімді болуы тиіс. Карьералық баспалдақпен жоғары өрлей аларына, әлеуметтік тұрғыдан өсіп-жетілеріне кепілдік беруі керек, билік. Тоқ етерін айтқанда тұрмыс түзелуі тиіс. Сол кезде экстремизм де өзімен-өзі жойылады.


– Елімізде діни білім алып жатқандардың саны қанша? Хабардарсыз ба?


– Мен білсем дәл қазіргі күні Қазақстандағы діни оқу орындарында 2500-ден аса адам білім алуда. Күні кеше министр Нұрлан Ермекбаев сыртта оқитындардың санын айтқан. Әлемнің 13 елінде 323 қазақстандық діни білім алады екен. Осы арада бір түйткіл бар. Шетелге кететіндердің кейбіреуі ол жаққа өз еркімен аттанған. Діни басқармадан болмаса Дін істер министрлігінен рұқсат та сұрамаған. Бұл адамды не бітіріп жүргенін қалай бақылайсың?



Иә, біздегі имамдар мен дінтанушылар бұлардың біразымен жеке дара әңгімелескен екен. Нәтижесінде бірқатары ойланып елге қайтқан. Алайда егер шетелге оқуға аттанғандарды қатаң бақылау болса мұның алдын алуға да болар еді.


ТАРАЗЫ БАСЫН ТЕҢ ҰСТАУ ҚАЖЕТ


Иә, рас айтады. Дегенмен, қазір заман басқа ғой. Тәуелсіздік алдық. Имамдарымыздың саны артқанСапасы да өскен. Діни сауатымыз да 90-шы жылдарға қарағанда көп толысты. Ендеше жастарымызды шетелдік ЖОО-ларына діни білім алуға жіберудің қажеттілігі бар ма қазіргі күні? Бұған қатысты Сұлтанғалиев не дейді?


– Бұл жайында мен де ойланғанмын. Қажеттілік жоқ деп кесіп айтуға болмас. Дұрыс айтасыз, 90 жылдары елімізде діни бағытта сапалы білім беретін оқу орындары болған жоқ. Бүгіндеелімізде 9 медресе мен колледж, екі бірдей университет бар (Алматыдағы «Нұр Мүбәрак» және Түркістандағы Яссауи универсиеті).


Бұлардың дін мамандарын даярлап келе жатқанына біраз уақыт болды. Дегенмен еліміздегі дін мамандарына біліктілігін жетілдіруге кедергі келтірген жөн емес деп білем, өз басым. Мұны Нұрлан Ермекбаев та түсініп отыр.


Қазақстан азаматтарының шетелде діни білім алуын қатаңдату туралы заңда «шетелде оқуға алдымен Қазақстанда діни білім алған азаматтарға ғана рұқсат етіледі» деген тармақ бар. Осы дұрыс. Министрлік, Діни басқарманың рұқсатымен оқуға кеткен адамда жауапкершілік болады.


ДайындағанДуман БЫҚАЙ


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x