Мысырдағы қазақ студенттері неге ұсталды?

Dalanews 12 там. 2017 06:01 463

Жазылған жайға қайта оралуға тура келді. Газетіміздің өткен жолғы санында Ермекбаев туралы жазғанбыз.

 

Дін істері министрі бұдан былай шетелден діни білім алғысы келетіндерді қатаң бақылауға алатынын айтқан. «Белгілі бір деңгейде шектеу қойылады. Ендігәрі ешкімге айтпай, үн-түнсіз кетіп қалмайды. Басқан ізін бақылауға аламыз. Қайда барғанын, қайда жүргенін айтып, есеп береді» деген министр.

Бұған Мысырда полицияға ұсталған бір топ қазақ студенті себеп болды. Айтпай кеткен. Осында оқуға түскен. Діни білім алуға, араб тілін оқуға. Рұқсат сұрамаған. Ақыры, ұсталып тынды. Не бүлдіргендері белгісіз. Әлі айтылған жоқ. Елге оралғандары кеше ғана өздерінің.

Ғаламтордан бұларға қатысты бір дерек таптық. Күмәнді. Қауіпті болуы да мүмкін. Бұлар туралы жазған Мысыр басылымдары қазақ студенттерін біраз зерттегенге ұқсайды. Айтуларынша, Египетке араб тілін үйрену үшін аттанған жастардың оқу ақысын Катар қайырымдылық қоры төлеп берген. Мұсылман елдерінің біразы ат-құйрығын үзіскен Катардың қоры...

Бұл қайдан шыққан қор сонда? Қазақстанда тіркелген бе? Тіркелсе, біздің жерде жұмыс жүргізудегі мақсаты қандай? Жауап іздеп Еуразия университеті дінтану кафедрасының профессоры, ғалым Асылбек Ізбайыровқа хабарласқанбыз.

Ол не дейді?

– Бақылау болмады ғой ол тұста. 90 жылдардың басынан бастап, 2000-шы жылдардың ортасына дейін діни қайырымдылық бағыттағы қорлардың біразы елге кіріп алды. Белсенді жұмыс жасады. Мұның ішінде мұсылман қорлары да жетіп артылады.



Атап айтсам, мұның ішінде Азия мұсылмандары комитеті, Ислам жастарының бүкіләлемдік қауымдастығы бар. Қазақстаннан қоныс тапты бұлар. Соңғы жылдары мұндай ұйымдардың көпшілігі кетіп жатыр. Тек өкілдігі қалған.

Білсем, Катар қайырымдылық қорының Қазақстанда өкілдігі жоқ. Тегі біздің магистранттар бұл қормен интернет арқылы байланысқа шыққан болуы керек.

– Бұларды неге ұстады? Әлі күнге дейін ресми ақпарат жоқ қой? Қандай да бір діни астар іздеген дұрыс па бұл арадан?

– Дәл қазір мұндай болжам айту асығыстық. Меніңше, Мысырда ұсталған қазақ жастары сол жақтағы саяси ахуалдың тұтқыны болып қалды. Ол жақтағы дипломатиялық дағдарыстан хабардарсыздар. Мұсылман елдері Катарды: «Осы күнге дейін «Мұсылман бауырлар» лаңкестік ұйымын қаржылай қолдап келген» деп айыптап отыр.

Ал «Мұсылман бауырлар» Мысырда президент Мурсидің тұсында елді биледі, билік басында болды. Мурси тағынан тайғасын, Мысыр бұл ұйымға ел көлемінде тыйым салып, мүшелерін қудалай бастады. Бұған қоса Египет Таяу Шығыс, Араб елдерінің Катарға қарсы жариялаған бойкотын қолдап шықты.

Бұл тұрғыдан тұспалдасақ, Мысыр полициясының оқуын Катар қаржыландырып отырған қазақ студенттерді қамауға алғаны тегін емес. Бір құдай біледі, олар қазақ жастарынан «Мұсылман бауырлар» ұйымымен байланысы бар» деп күдіктенуі де мүмкін.

– Айтпақшы, бір жылдары сіз айтып отырған «Мұсылман бауырлар» Қазақстанға да кірмек болды ғой?

– Иә, оқу орындарынан бастаған. Қазақ-Кувейт университетіне ауыз салғаны есте...

– Бұдан мынадай сауал туындайды: теріс ағымдар қайырымдылық қорларының атын жамылып, өз насихатын жүргізуі мүмкін бе?

– Жүргізгенде қандай. Мұндайды бастан өткергенбіз. Ілгерідегі Қазақ-Кувейт университетін Кувейттің әлеуметтік реформалар қоры қаржыландырған. Университет Шымкентте орналасқан болатын.

Міне, осы қор Ресейде тыйым салынған ұйымдардың қатарына кірген қазір. Ресей мұндай қорларды екі аттатпайды. Күдіктенсе – тексереді, дәлелдесе – қуып шығады. Білсем, бұл ұйым Солтүстік Қапқазда қауіпті әрекет етті. Ойларын жүзеге асырып үлгермеді, бірақ...

Әрбірден соң, мәселе исламда емес. Басқа діндегі түрлі қауіпті ағымдар да осындай қайырымдылық қорларының қалқасында жасырынып жатуы мүмкін.

– Мысырдағы жағдайдан кейін Ермекбаев (Дін істері министрі. авт) шетелден діни білім алуға белгілі бір шектеулер қойылатынын айтты. Бір жағынан дұрыс шығар, бірақ біздің жағдайда ізденем деген жасқа сапалы діни білім ұсына алатын орталықтар бар ма?

– Мен білсем, Қазақстандағы жоғары діни білім беретін жалғыз оқу орны – «Нұр-Мүбәрәк» университеті ғой. Бұл оқу орнының өзі де қазіргі діни білімнің ең жоғарғы талаптарына сай емес. Деңгейін көтеру керек. Кемшілігі көп, себебі.

Қалай болғанда, діни білім алмасқан маңызды. Онсыз болмайды. Алыс-беріс, барыс келіссіз діни сауатымызды толықтыра алмаймыз.

Дегенмен, Ермекбаев та дұрыс айтады. Менің ойымша, шетелдегі діни оқу орындарына буыны қатпаған жастарды жіберу – қателік. Алдымен өз ішімізде білім жинасын. Мектептен өтсін. Қазақтың дәстүрімен таныссын, оның исламның қағидатарымен қаншалықты үйлесетініне көз жеткізсін.

Анығы, шетелге шықпас бұрын біздегі діни білім алатын жастар алдымен тұлға ретінде қалыптасуы керек. Теріс ағымдардың ықпалында кетпейді сонда. Ақыл-ойы толысқан адамды шетелге оқуға жібергеннен біз де ұтылмаймыз.

 

ДайындағанДуман БЫҚАЙ

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x