Радикалды діни ағымдағы азаматтар жауапкершілікке тартылады

Dalanews 26 шіл. 2016 04:27 290

Биылғы жылы 10 маусымда Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырманы орындау мақсатында Мәдениет және спорт министрлігі басқа да мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, бірқатар заңнамалық және ұйымдастырушылық-институционалдық шараларды әзірледі. Негізгі жұмыс ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті жанынан құрылған жұмыс тобының аясында жүргізілген. Қолданыстағы заңнамаға қажетті өзгерістер мен толықтырулар енгізу – басым бағыттардың бірі ретінде қарастырылды. Бұл туралы BNews.kz тілшісіне ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Күлекеев әңгімелеп берді.

Жалпы, комитет өкілінің айтуынша, қолданыстағы заң нормалары ұлттық қауіпсіздікке қайшы келетін діни қызметті тоқтатуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, осы құқықтық мүмкіндіктер одан әрі жетілдіруді қажет етеді.

– Заңнамадағы біздің ұсыныстарымыз миссионер ретінде тіркелмеген діни ілімдерді тарату жөніндегі қызметке жол бермеуді көздейді. «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңдағы миссионерлік қызметке қатысты норманы ауыстыруды ұсындық. Бұл діни ілімді тарататын, әсіресе миссионер ретінде тіркелмеген радикалды діни ағымдардың жолын қуушыларды жауапкершілікке тартуға мүмкіндік береді, – дейді Б.Күлекеев.

Бұдан бөлек, діни мазмұндағы ақпараттық материалдарды, діни әдебиеттерді дайындау, басып шығару, тарату және әкелуге бақылау күшейтілмек. Оның айтуынша, қосымша норма заңнамадағы кемшіліктерді жояды.

– Заңның 9-бабы 3-тармағына сәйкес дінтану сараптамасын жүргізбестен әкелінетін әдебиеттердің сандық көрсеткішін енгізу тиісті әдебиетті әкелу процесін реттейді деп ойлаймыз. Осы құқықтық кемшілікті жою, әлбетте, құқыққа қайшы келетін, соның ішінде экстремистік мазмұндағы діни материалдарды анықтайтын бақылау жүйесін жетілдіреді, – дейді ол.

Тағы бір маңызды мәселе – діни туризмді жүзеге асыру тәртібін реттеу. Осы ретте, «Туристік қызмет туралы» заңға азаматтардың шетелге қажылыққа бару тәртібін мемлекеттік органдар анықтайтын нормалар енгізу көзделіп отыр.

– Осылайша, қажылыққа барған азаматтарымыздың радикалды идеологиямен улану мүмкіндігін айтарлықтай қысқартамыз. Жалпы, біз ұсынған заңнамалық шаралар ведомствоаралық жұмыс тобында бірауыздан қабылданды, – дейді Дін істері комитеті төрағасының орынбасары.

Сонымен қатар, министрлік ұйымдастырушылық-институционалды бағыттағы кешенді шараларды жүзеге асырмақ. Біріншіден, 1 желтоқсанға дейін діни жиналыстарды және жораларды жүргізу, миссионерлік қызмет ету, сонымен бірге, елдегі діни әдебиеттердің айналымы мәселелері бойынша заңнаманы бұзуға жол бермеу туралы тұрғындар арасында қосымша ақпараттық және түсіндіру жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

– Екіншіден, Ішкі істер министрлігімен бірлесе отырып, діни жиналыстарды өткізу, құлшылық ету, діни жоралар мен рәсімдер жүргізу, миссионерлік қызмет пен діни әдебиеттердің айналымына бақылауды қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік органдар үшін әдістемелік ұсынымдарды әзірлеу керек. Жалпы, дін саласындағы мәселелерді реттеу бойынша басқа да мемлекеттік органдармен тиісті жұмыстар жүргізілуде және осы қолға алынып отырған кешенді шаралар өз нәтижесін береді деп санаймыз, – дейді комитет өкілі.

 

Айымгүл ӘБІЛЕВА

 

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x